Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МҰҒАЛІМ БОЛУ ОҢАЙ МА?


24 сентября 2010, 02:59 | 3 813 просмотров



Барлық мамандықтың өзіндік ауыртпашылығы бар екені рас, бірақ мұғалім болу бәрінен де қиын. Өйткені ол адам тағдырына жауапты. Кез келген адам балаң ойдың желкенін көтерген сәтінен бастап өзінің бүкіл саналы ғұмырының негізін мектепте қалайды. Бала шақтан болашаққа, балалықтан даналыққа дейінгі аралықта өтетін құбылыстың барлығы өз бастауын мұғалімнен алады. Бір-бір үйдің еркесін қолынан ұстап, маңдайынан сипап, бауырына қысып, оларға шеті мен шегі көрінбейтін білім атты дарияның алғашқы тамшысынан дәм татқызып, уақыт өткен сайын оның тереңіндегі небір асыл маржандарын тергізіп, рухани ләззатқа бөлейтін мұғалімді тіршіліктің күретамыры десе де болады.

Мұғалімдік – мамандық атаулының бастауы. Мейлі ой, мейлі дене еңбегімен айналысатындардың қайсысы болса да өзінің бағындырған биігінің алғашқы баспалдағын мұғалімнің көмегімен аттап, биік шыңына да мұғалімнің демеуімен көтерілетіні ақиқат. Заңгер, бағбан, тілші, режиссер, әртіс, саясаткер т.б. мамандықтардың ең күрделі элементтерін бойына жинаған мұғалім мамандығы қоғамда жоғарғы орындардың біріне ие. Сондықтан да жыл сайын мұғалімдер қауымына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, құрмет жасалуда және әркімнің жарық дүниеге келіп, саналы өмір сүруінде алдымен Алланың, содан кейін Ананың, үшінші болып Мұғалім есімінің аталатындығы тектен текке емес. Сондай-ақ адамзат баласының тіршілік сапарындағы бұралаң соқпағы мен сайрап жатқан тақтағы аралас жолдарының барлығында сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болатын мұғалім адам жанының бағбаны іспетті. Әр баланың жүрек қалтарысындағы иірімдерді дәл тауып, көңіл пернесінің әуенін дөп басып, көкейіндегіні көзінен танитын мұғалім - кімнің болса да жанашыр досы. Мұғалім – уақыт пен кеңістік арасындағы құбылысты бағындырып, заман көшінен кейін қалмай ілгері жылжып келе жатқан ұлы керуеннің көшбасшысы. Ол – қоғамдағы қандай да бір саяси, мәдени, ғылыми жаңалықтардың жаршысы, соны тиісті деңгейде насихаттаушы зиялы қауым. Бүгінгі жаһандану заманында ақпараттық технологияның тетігін тауып, тілін де меңгеріп үлгерген мұғалімдер қауымының қашан да жаны жаңалыққа құмар. Өмір бойы оқып, ізденумен уақытын өткізіп, білім саласына әр жылдары енген сан алуан реформаларды жүрексінбей қабылдап, аз уақыттың ішінде тәжірибеге енгізіп, оны өзге әріптестерімен бөлісуден еш жалықпайтын мұғалімдер кейде мәңгілік шәкірт тәрізді боп көрінсе, кейде мәңгілік тәлімгер сияқты.

Мұның барлығы төзім мен табандылықты, интеллект пен қабілеттілікті қажет етеді десек, нағыз мұғалімдік екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Біреу шебер сөйлегенмен, айтқан сөзін жүректен шығарып, жүрекке жеткізе алмауы мүмкін, біреу көппен араласқанмен, адам жанын түсініп, оның жүрек қалауын таба алмауы мүмкін, ал мұғалім бойында болмауы мүмкін қасиеттің болуы мүмкін емес. Бұл тұрғыдан келгенде мұғалім – адами, кәсіби болмысы қалыптасқан, жан-жақты дамыған биік тұлға. Ол – қиын да күрделі ұғымды қарапайым да түсінікті тілмен жеткізе алатын шебер, баланың рухани әлемінде жасырулы жатқан қабілеттің көзін аша білетін зерек, дүниенің кереметін жан бітіре суреттейтін шешен, әр сөздің қисынын келтіріп, орайын тауып сөйлей білетін ділмар, бала әлеміне бала боп еніп, сол тілде сөйлесе алатын әртіс, білім сахнасындағы рөлдерді аса ыждахаттылықпен бөліп, шебер ұйымдастыратын режиссер, нәзік те сезімтал бала жанының бір жібін де сетінетіп алмай , діттеген мақсатына жетуге тырысатын психолог. Даулы мәселелердің тігісін жатқызып, жүгінген жақтардың көкейіне қонымды жауап тауып, істің оң шешімін таба білетін ұстаздар қауымын бүгінгі күннің би-шешендері десе де болғандай. Мұғалім – еңбекқор қауым. Күні бойғы жұмыс уақытына сыймайтын қағаз әурешілігі келесі күнді күттірмейтіні анық. Сондықтан да оның барлығын кешкісін орындауға тура келеді.

Дәптер тексеру, ертеңгі күннің сабақ жоспарын жазу, сынып жетекшінің құжаттары, оның сыртында сан алуан мәліметтер мен хабарлама, хаттамалар сияқты бір адамнан асып артылатын жазба жұмыстары. Түрлі байқаулар мен конференция, семинарларға дайындық сияқты жазба жұмысының барлығын стильдік, орфографиялық тұрғыдан сауатты жазу мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Уақытпен де, жеке басының жағдайымен де санаспай , ұрпақ алдындағы антын адал орындап жүрген мұғалімдерге қашан да төрден орын берілетіні сондықтан. Мұғалімге ата-ана ғана үкілеп отырған үміттерін сеніп тапсырып қоймайды, қоғам да ең маңызды істерді мұғалімге тапсырады. Әр түрлі мәдени, саяси шаралардың бір де бірі мұғалімнің қатысуынсыз өтпейтіні ешкімге де жасырын емес. Демек , келелі мәселелердің , күрмеуі қиын күрделі істердің басы-қасында жүретін мұғалімдердің әрдайым абыройы асқақ, беделі биік.Оларды оқушы, ата-ана ғана емес, бүкіл қоғам құрметтейді. Өйткені мұғалімнің жүріп өткен жолында із қалады.Сонау ерте дәуірге үңілсек, әлемді сауатсыздық жайлаған кезеңде қолына шырақ ұстаған Прометейдей алғаш болып қараңғы қауым көгіне сәуле шашқан мұғалімдер бүгінгі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында да аянбай тер төгіп келеді. Міне, осындай қызығынан қиындығы, зейнетінен бейнеті басым жолды таңдаған әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтап, әрдайым рухы өрде, орны төрде болсын демекпін.

Автор:
Шеризат САПАРҒАЛИЕВА, Амангелді атындағы орта мектеп директоры Көксу ауданы