Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОН ЖЕТІ МЫҢ ОҚЫМЫСТЫНЫҢ ЕҢБЕГІН КІМ ЕСКЕРЕДІ?


24 сентября 2010, 03:05 | 1 460 просмотров



«Айқын» газетінде жарияланған бұл мәселе еліміздегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Мұндай жағдайлар тек орталықтағы танымал ғалымдардың ғана емес, шалғайдағы ауылда жүрген ұтқыр ойлы ұстаздар мен өнертапқыш, дарынды балалардың алдында да көлденең тұрады. Сол себепті біз осы мәселе төңірегінде оқырмандарымызбен ой бөлісу мақсатында мақаланы өзгеріссіз қайта жариялап отырмыз.

«БШ» Редакция

Алматыдағы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғимаратында «Әлеуметтік шиеленіс деңгейі: ықтимал қауіп-қатерлер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров, ҚСЗИ-дің директоры, саясаттанушы Болат Сұлтанов, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова, т.б. сарапшылар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Бұл - ҚСЗИ мамандарының еліміздегі ұлтаралық және дінаралық жағдай мен жалпы әлеуметтік ахуалға қатысты екінші зерттеуі. Өз кезегінде айтулы жиынды ашқан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов елімізде ұлтаралық және дінаралық жағдайды реттеуге қатысты біраз жетістіктерге қол жеткізілсе де, күнделікті өмірде болып жатқан проблемалардың барын ашып айтты: «Соңғы 19 жылда Қазақстан Республикасында этникааралық құрылым қатты өзгерді, бірақ мұнымен санаспай келе жатқанымызды мен қашанда баса айтып келемін. Еліміздегі этникааралық қатынастарға миграциялық процестер көп әсер етіп келеді. Сондықтан, мәселен, жалпы республикамыздағы халықтың 60,4 пайыздан астамын қазақтар құрап отырғанын, ал орыстар саны 24,5 пайыз екенін біз жұмыс барысында ескеріп отыруымыз қажет» - дейді. Бірақ ресми статистика бойынша, қазақтар санының 63 пайыздан асқаны жарияланбап па еді?! Болат Сұлтановтың айтуынша, бүгінде еліміздегі еуропалық этностардың саны күрт азайса, керісінше шығыс халықтарының өкілдері көбейіп келеді. Мәселен, өзбектер саны - 1,4 пайызға, ұйғырлар - 1,3, түріктер - 1,8 есе өссе, немістер саны - 4,2, украиндер - 2,1, беларустар - 2, ал татарлар - 1,4 есеге азайған.

Саясаттанушы мұның да өзіндік түйткілдері болатынын жоққа шығармайды: «Бұл дегеніңіз, елімізде бұрындары тұрған азаматтар Батысқа кетіп жатыр, ал Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар елімізге келіп қоныстанып жатыр. Әрине, мұның да арты үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Егер біз маусым айындағы Ош оқиғаларына назар аударсақ, онда проблеманың неден туындағанын түсінеміз. Яғни ұлтаралық жағдай өзгеріске ұшырап жатқанда, үкімет бұған назар аудармаса, осындай жағдай болады екен» - деп, алаңдайды. Ал ҚСЗИ директорының орынбасары Зарема Шаукенова қазіргі таңда халықты алаңдатып отырған түйткілдерді былай жеткізеді: «Қазақстанның алдында тұрған ең маңызды мәселелер қайсысы деген сауалға азаматтардың 41,5 пайызы - бағалардың өсуі мен инфляция десе, 36,7 пайызы - жұмыссыздық, 25,9 пайызы - денсаулық сақтау сапасының төмендігі деп жауап берді» - дейді. Бұл орайда сарапшылар парламенттік және президенттік сайлау қарсаңында осы тектес проблемаларға баса назар аудару қажеттігін тілге тиек етеді. Осыған қатысты Болат Сұлтанов: «Мен сіздерге 1 қыркүйектен бастап пайда болған жаңа проблеманың басын ашып айтайын. Мәселен, біздің ЖОО-да қызмет ететін оқытушылардың басым бөлігі, ал бұл дегеніңіз - 17 мың адам, кандидаттық және докторлық диссертациялар жазып тастаған. Бірақ ғылыми кеңестер олардың жұмысын қабыл алмай жатыр. Себебі ғылыми жұмыстарды қорғау уақыты биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленіп қойған. Міне, бұл нағыз қарсылық тобы болмақ! Меніңше, олар үлескерлер сияқты белсенді әрекет етпек. Ал бізге парламенттік және президенттік сайлау қарсаңында бұл топ тарапынан қарсылық қажет пе?» - деп, ортаға сауал тастайды.

Автор:
Камшат Тасболат