Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰСТАЗ – КИЕЛІ МАМАНДЫҚ


24 сентября 2010, 03:12 | 1 873 просмотра


Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы жинақтаған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым – қатынаста болып, олардың жан – жүрегін жаулап,үлкен өмірге дайындайтын қиын да қызықты мамандық.

Осындай қызығы да, қиындығы мол мамандықты мен де таңдадым. Менің ұстаз болсам деген арманыма әкемнің қарындасы Жарқынай апам себеп болды. Бала кезімнен өзімен мектепке ертіп жүретін. Пәнін қызықтыра оқытып, мәнді де мағыналы тәрбиелік әңгімесімен, ашық та жарқын даусымен, әсем күлкісімен шәкірттерін еріксіз баурап алатын. Ұстаздық өмірімнің алғашқы жылдарында апайым әрдайым маған бағдаршам болды. Киім киісіммен, жүріс-тұрысыммен, қимылыммен апайыма ұқсасам деп армандадым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, сол сүйіспеншілік мені қызығы мол ұстаздық жолға алып келді.

Ұстаз! Осынша киелі ұғымның қаншалықты қасиетті екенін білсеңіз ғой! Өмірдегі қоғам қайраткерлері, небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектерде бәрі ұстаз алдынан білім-тәрбие алады. Қай заманда болсын адамзат ұстаз атаулыға құрметпен қараған. Ақынымыз М.Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса,ең қадірлі орын мұғалімдікі» деп айтқандай, мен ең қадірлі мамандықты таңдағанымды мақтан етем. Дән егіп өсіруден,балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, мектептен үлкен өмірге қанат қақтыру ең қиын іс дер ем. Өйткені, егінші көктемде жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал, құс көктемде ұя салып, күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады. Ал мұғалім ше? Күздің қоңыраулатқан күнінде шәкірттерін жинап, қыстың қаһары, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге өз құстарын көктемде ұшырады. Бір қарағанда ұстаз тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты. Мүмкін бұл мамандық сондықтан да киелі шығар...

Ұстаз ақылды, білімді, тәрбиелі адам шығарады. Біздің Елбасымыздың өзі де ұстаздардың алдынан өтіп, ел басқарып отырған жоқ па? Сондықтан да мен өз мамандығымды мақтан етемін, мамандығыммен марқаямын! Ұстаз алдында бас имейтін адам жоқ! Ол-өмірдегі екінші ана! Мұғалім қазіргі қоғамдағы ең мәртебелі мамандықтардың бірі. Өйткені бұл білім нәрімен суарып, партада отырған бүгінгі оқушының ертең үлкен азамат болып өсуіне аянбай өз үлесін қосатын мамандық. Мен осындай мамандық иесімін! Өмірімді ұстаздықпен ұштастырғаныма жиырма алты жылдан асты. Сағаттың тіліндей сырғып өткен осы жылдар ішінде талай баланың өмірден қанат қағуына жол ашқан шығармын.

«Ұстатты ұстаз дүниенің тұтқасын»,- деген өлең жолдарымен ойымды аяқтай отырып, мәртебелі мамандық иелеріне әрқашан шәкірт жүрегіне жол тауып, білім нәрін ұялата беріңіздер демекпін.

Автор:
А.Ж.БОРАШЕВА Ғали Орманов атындағы орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Қапал ауылы, Ақсу ауданы