"Педагог мәртебесі" туралы заң жобасына қатысты дау-дамай, ұстаздар мен жұмыс тобының өкілдері арасындағы пікір алшақтығы тіпті көбейіп кетті. Заңды Президенттің тапсырмасын орындау үшін Білім және ғылым министрлігі дайындауы тиіс болатын.

Ашығын айтқанда, Білім министрлігінің қызметкерлері бірінің айтқанын бірі жоққа шығарып, өздерін де, өзгені де шатастырып жіберді.

Білім министрлігінің "квесті"

Естеріңізге сала кетсек, ең басында кәсіподақ мектептерге заң жобасының мәтіні ретінде басқа құжатты жіберіп қойған. Оның өзінде мәтіні тек орысша. Кейін informburo.kz тілшісіне сұхбат берген Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас маманы бұл құжатты өзге зерттеулердің жобасы деп мойындауға мәжбүр болды. Ал негізгі заң жобасы аяқталуға жақын және қазақ тіліне сауатты аударылады деп бізді сендірген болатын.

Енді ашық үкімет порталында талқылау біткен соң хабарласқан бізге Білім министрлігі "заң жобасы әлі жоқ, дайындалғаны тек тұжырымдама ғана" дейді.

– Нормативтік құжаттарды әзірлеу тәртібі бойынша, қандай да бір заң дайындаларда бірінші тұжырымдама әзірленеді. Онда сол құжаттың қандай қажеттілік үшін, қандай бастама негізінде дайындалатыны, мақсаты қандай екені түсіндіріледі. Міне, сол тұжырымдаманы ашық үкімет порталында талқылауға он күн уақыт беріледі. Ашық үкімет порталында талқылауға ілінген "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасының тұжырымдамасы ғана, – деп хабарлады телефон арқылы баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Білім министрлігінің мамандары.

Оның айтуынша, заңға сәйкес, тұжырымдаманы ведомствоаралық комиссия мақұлдағанда ғана жұмыс тобы құрылып, заң жобасын әзірлеуге кіріседі. "Жұмыс тобына қоғамдық ұйым өкілдері, парламенттің екі палатасынан депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдары кіреді. Сондықтан, заң жобасы әлі жоқ. Ал тұжырымдаманың талқылауы сондай болу керек" – дейді білім министрлігінің өкілдері.

Үкімет порталындағы құжатты небәрі 346 адам көріп, екі-ақ ұсыныс жазылған

Жалпы, біз бұл жолы министрлікке осы туралы пікір алу үшін хабарласқан едік. Бірақ, "заң жобасының мәтінін жазу әлі басталған да жоқ" деген жауапты естідік. Сонда, заң жобасының мәтіні мүлде жазылмаса, өткенде сұхбат берген Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айман Дүйсенбаеваның "Құжат аяқталуға жақын" деген мәлімдегені қалай? Түсініксіз.

Айман Дүйсенбаева сұхбатында "заң жобасын дайындайтын жұмыс тобы министрдің 2018 жылғы 31 қазандағы №608 бұйрығына сәйкес құрылды, оның төрағасы ретінде – вице-министр Эльмира Суханбердиева тағайындалды, тұжырымдама мен жоба қатар дайындалып жатыр, жаңа өзгерістер жергілікті әкімдіктерге басымдық береді, құжатта мұғалімнің кәсіби шыңдалуына жағдай жасалады, жалақы өседі" деген ақпарат берген еді.

Оның үстіне, Білім және ғылым министрлігі Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында 28 қарашада "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасының тұжырымдамасын" деп емес, нақты "заң жобасын талқылайық" деп жазба қалдырған.

Министрліктің ресми парақшасындағы жазба

Министрліктің ресми парақшасындағы жазба / Фейсбук әлеуметтік желісінен скриншот

Сондай-ақ, 30 қарашада Білім министрлігінде кезекті алқа мәжілісі өткен болатын. Шарада журналистерге пікір білдірген Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева да жаңа құжаттың алдын ала редакциясы дайын деген еді.

– Бізге мұғалімдердің жұмыс істеген жылдары, оқу процесінің материалдық қажеттіліктері мен мұғалімдердің әлеуметтік кепілдіктері туралы көп ұсыныс түсті. Бұның барлығын біз жұмыс тобының қарауына шығардық және бұның бәрі заң жобасына енді, – деп мәлім еткен еді Айгүл Мұқашева.

Мұғалімдер не дейді?

Білім министрлігінің мәліметіне сүйеніп, біз де ұстаздарды "заң жобасын" талқылауға шақырғанбыз. Ашық үкімет порталындағы құжатқа белсенділік танытпаса да, ұстаздар "Білімді ел" порталы мен әлеуметтік желіде жүздеген пікірін айтып жатыр.

"Жасым 53-те. Еңбек өтіліме 30 жыл болады. Қағаз жазуға көз нашар. Шу көтере алмаймын, қан қысымым жоғары. "Мұғалім мəртебесі" туралы заңнан үміттеніп жүр ем...".

"Неге осы заңды қабылдағанда бізбен санаспайды, а?! Заң біз туралы ғой! Біздің ең "жанды" жерімізді дөп баспаса, ол заңнан не пайда? Қазіргі таңда мұғалімге ең бірінші керегі "зейнет жасы" болып тұр емес пе? 25-30 жыл жұмыс істеп күш-жігерін берген соң, неге рахат көретіндей етіп шығаруға əрекет етпейді? Тиімдісі қайсы, тиімсізі қайсы?"

"Қазақстан ұстаздары" тобында осы тақырыпта әртүрлі карикатуралар дайындалған

"Қазақстан ұстаздары" тобында осы тақырыпта әртүрлі карикатуралар дайындалған / Сурет әлеуметтік желіден алынды

"Мұғалім мəртебесін көтеретіндей керемет ештеңе көре алмай тұрмын. Зейнет жасына басымдық бермегеннен кейін, шаршап жүрген мұғалімдердің мəртебесі өсе ме? Көзіміз, құлағымыз, өзіміз, денсаулығымыз бəрі "шаршап" тұр. Өзіміз сүйіп осы кəсіпті қаладық, дегенмен, денсаулық сенің айтқаныңа көнбейді екен".

Педагогтар "Білімді ел" газеті мен әлеуметтік желідегі топтарда осындай сан түрлі пікірлерін айтып жатыр. Білім министрлігінен бұрын да, бүгін де пікір білдірген мамандар ұстаздардың әрбір пікірі ескеріледі дейді. Тек, мыңдаған мұғалімнің арманы – зейнетке ерте шығу туралы ұсыныс ескерілмейтін сияқты.

Өйткені, бұған дейін Айман Дүйсенбаева "әзірленіп жатқан заң бойынша мұғалімдердің зейнет жасы туралы кәсіподақпен әлі ақылдасуға болады. Егер мүмкіндіктер болса, қарастыру керек. Бірақ, әрбір нәрсенің артында қаражат мәселесі тұр. Оның үстіне, Қазақстанда әйел мен ерлердің зейнет жасын реттейтін жеке заң бар", – деп жауап берген еді.

"Әкімдік – әкең, кәсіподақ – көкең..."

Зейнет жасы өзгерсе екен деп бірауыздан сұрап отырған ұстаздардың керісінше заңға енгізілмесе екен деп отырғаны – мектептердің жергілікті әкімдіктерге бағынуы.

Бұған дейін Айман Дүйсенбаева жергілікті әкімдіктер еңбегі сіңген ұстаздарға тегін пәтер мен көлік сыйлауын заңдастырғымыз келеді деп хабарлаған болатын. Қазақстан ұстаздары бұл бастамаға мүлде қарсы және көбі "тегін пәтер мен тегін көлік керек емес, одан да адал еңбегімізге лайықты жалақы берсін" деген пікірде. "Зияткер-Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы ұстаздардың бұл наразылығын былай түсіндірді.

– Бұлай істесе, яғни, жергілікті әкімдіктерге басым құқық берілсе, ұстаздар әкімдердің басыбайлы құлына айналады. Бұл бастама білім басқармаларын әкімдіктерге "бағындыруды" бұрынғыдан да күрделендіріп жібереді. Өздеріңіз білесіздер, қазір жергілікті атқарушы органдағы түрлі науқандарда білім бөлімдері мұғалімдерді жұмсайды. Менің ойымша, егер әкімдіктерге басымдық берілсе, "Мұғалім мәртебесі" деген заңда мән қалмайды, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Оның айтуынша, ұстаз бос уақытында қосымша оқып, балалармен театрға, киноға, зоопарктерге бірге барып, табиғат аясында отбасымен демалса, рухани байып, балаларға да білім мен тәрбиені қатар береді.

"Мұғалім мәртебесі туралы" заңға 5 ұсыныс

Орал қаласынан пікірін жіберген зейнеткер ұстаз Дәметкен Баенова заң жобасына нақты бес ұсыныс айтып отыр. Көпті көрген мұғалім сынып жетекшілерінің жағдайынан бастап, мектеп директорларының "билігін шектеуге" дейінгі мәселелерді қозғады.

Ұстаздар "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасына енеді деген үмітпен "Білімді ел" газетіне үш жүзге жуық пікір қалдырған

Ұстаздар "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасына енеді деген үмітпен "Білімді ел" газетіне үш жүзге жуық пікір қалдырған / Фото informburo.kz

"Мен, 40 жыл мектепте мұғалім қызметін атқарғандықтан, мұғалім мен мектептің барлық проблемаларын білетіндіктен жаңадан қабылданатын заңға байланысты ұсыныстарымды айтсам деп едім.

Біріншіден, мұғалімнің мәртебесі оның білім-біліктілігіне байланысты. Сондықтан педагогикалық жоғарғы оқу орындары сапалы кадр дайындап шығарулары керек. Ол үшін:

  • Бұл мамандыққа бейімділігін анықтау үшін талапкерден шығармашылық емтихан алу;
  • Пән бойынша толыққанды сапалы теориялық білім беру;
  • Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес пәнді оқытудың жаңа әдістемесін меңгерту;
  • Студенттердің педагогикалық практикасын дұрыс, талапқа сай ұйымдастыру;
  • Педагогикалық оқу орындарының стандарттары мен бағдарламаларын қайта қарау;
  • Педагогикалық оқу орындарындағы кадрлар сапасын жақсарту керек", – дейді Дәметкен Баенова.

Оның пікірінше, екіншіден, пән мұғалімдерін сынып жетекшіліктен босатып, тек қана пәнін сапалы оқытуына жағдай жасау керек. Ол үшін:

  • Лайықты еңбекақымен әр сыныпқа дербес сынып жетекшісі штатын енгізу;
  • Бұл қызметті әлеуметтік педагог, мектеп психологы мамандықтары бар мұғалімдер атқаруларына болады. Сондықтан, болашақта сұраныс көп болатындықтан бұл мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейту, оқу мерзімін қысқартып жеделдетілген бағдарламамен оқыту;

"Бұл арнаулы орта және ақылы педагогикалық оқу орындарын бітірген жастардың "Жастар жылында" жұмыссыздық проблемасын шешкен болар еді. Мектептегі тәрбие жұмысының да сапасы артар еді", – дейді ол.

Үшіншіден, білім сапасын арттыру үшін мұғалімнің апталық жүктемесін 14 сағатқа дейін азайтып, еңбекақысын жоғарылату. Типтік оқу жоспарындағы апталық сағат санының қысқаруына байланысты апталық жүктеме де азаюы тиіс. Еңбекақы жоғарыламаса, мұғалім 1,5-2 ставкамен жұмыс жасауға мәжбүр болады. Бұл оқытудың сапасын төмендетеді.

Төртіншіден, білім беру мекемелерін Білім және Ғылым министрлігінің құзыреттілігіне өткізу. Елдегі білім беру ісін облыстық, қалалық, аудандық білім беру бөлімдері арқылы тікелей министрліктің бақылауы, қаржыландыруы. Жергілікті әкімшілік мектептің ішкі ісіне араласпай ақылы коммуналдық-шаруашылық қызмет көрсетумен ғана шектелуі қажет.

Бесіншіден, мектепті басқару ісін – мектеп менеджментін жетілдіру. Мектеп директорларына қойылатын кәсіби біліктілік талаптары туралы ережені қайта қарау. Ол үшін:

  • Мектеп директоры қызметіне тамыр-таныстықпен, парамен кездейсоқ, біліксіз адамдардың келуіне жол бермеу;
  • Мектеп директорының билігіне шектеу қою;
  • Мектеп директорлығы қызметіне білім бөлімдерінің резерв кадрларды белгілеп, даярлауы, яғни кадрлармен жүйелі жұмыстар жүргізу, кадр саясатын дұрыс ұйымдастыру керек, – дейді ұстаз.

Бұл айтылғандардың қайсысы заң жобасына еніп, саты-сатылы талқылаудан өтіп, қайсысы нақты заңның тармағы ретінде қабылданатыны әзірге белгісіз. Тіпті, заң жобасының мәтіні әлі жазылмаса, мұғалімдердің бұл айтылғандары қалай ескеріледі?

Іnformburo тілшісі мән-жайды нақты анықтау үшін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке ресми сауал жолдайды.