Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МАЯ МАНЕЗА - ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ


24 сентября 2010, 03:15 | 1 582 просмотра



Жақсы хабар жерде жатқан ба, күні кеше Түркияның Анталия қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің Әнұранын шырқатқан, серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқан Мая Манезаның жеңісі қазақстандықтарды үлкен қуаныш- қа кенелтті. Өткен жылы Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында өткен әлем біріншілігінде Мая Манеза алғаш рет әлем чемпионы атанған еді. Өңір халқы сол кезде оны құшақ жая қарсы алып, алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестік білдірген-ді. Сол ақ тілек Алланың құлағына шалыныпты.

Еліміздің көкбайрағы мен Әнұранын шет елдің аспанында шалқытқан спортшыларға деген ерекше қамқорлығымен танылған облыс әкімі Серік Үмбетов чемпиондарға Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілті мен қомақты қаржы тапсырып, біз сіздерді әлі талай әлем біріншілігінде тұғырдан түспейді деп сенеміз дегені кешегі қуанышты күні ойға оралды. Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпайды емес пе.

Мерейлі сәтке байланысты облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы олимпиялық спорт түрлері және спорт резервтері бөлімінің бастығы Мұхит Тұрсынбаевпен хабарласқанымызда осы ұжымдағы аста-төк қуанышқа куә болдық.

– Түнде «Хабардан» Алматы облысының спортшысы Мая Манеза Анталиядағы Әлем чемпионатында әйелдер арасында 63 кило салмақ дәрежесінде жұлқа көтеруде 105 кило, серпе көтеруде өзінің өткен жылғы Кореядағы әлем рекордын жаңартып, 143 кило зілтемір көтерді. Жарыс қорытындысында әлем чемпионы атанып, елімізге тағы бір алтын сыйлады, – деді М.Тұрсынбаев.

– Қазақстанды әлемге танытып, екі мәрте әлем чемпионы атанған Мая Манезаны оқырмандарға жақынырақ таныстырсаңыз.

– Біз Маядан үлкен үміт күтеміз. Ол қазір 24 жаста ғана. Ауыр атлетикадан әлем чемпиондары атанған Владимир Седов, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло, Мая Манезаның жеңісіне өткен жылы баршамыз қол соқсақ, міне, түрік елінен де қуанышты хабар жетті. Қытайдың Куанс елді мекенінде өмірге келген дүнген қызы, алдына қойған мақсатына жеткенше тынбайтын еңбекқор болғандықтан, тағы да өткен жылғы табысын қайталады.

Қазіргі кезде Қазақстан құрама командасының сапында намысты қолдан бермей, әрдайым жаттықтырушысы Виктор Нимен бірге қарсыластарынан алда болу үшін еңбектенуде.

Ол Лондонда өтетін 2012 жылғы Жазғы Олимпиадада ауыр атлетикадан ел мерейін тасытатындардың бірінен саналады. Түркияда өнер көрсетіп жатқан спортшыларымыз әлем чемпионатынан тағы да қуанышты хабар жеткізеді деген үміттеміз.

Әлем рекордын жаңартқан жерлесіміздің жеңісі құтты болсын. Мерей тасытатын спортшылардың қуанышты хабарын естуге жазсын, дейміз шын жүректен.

Күміс медальға түрік қызы Сибель Симсек ие болды. Оның жиынтық есебі 241 кг. (111+130). Дегенмен, чемпионат иесінің де осал емес екенін айта кету керек. Ол екіншісінде – 135, үшінші жолы 136 кг. салмақты басынан асыра тік көтергенімен, аяғын тең ұстап тұра алмай, зілтемірді тастап жіберуге мәжбүр болды. Егер ол соңғы – 136 кг. салмақты бағындырғанда да, біздің Мая 143 кг. зілтемірді еркін көтеріп, қандай жағдайда да есе жібермейтінін айқын көрсетті.

Ал үшінші орынға қытайлық зілтемірші қыз Ойян Ксефан ие болды. Оның көрсеткіші де 141 кг. (112+129). Бірақ ол түркілік штангашыдан жеке салмағы бойынша сәл ауырлау болып шықты.

Осы жерде атап айтатын тағы бір жәйт – Мая Манеза жүлделі орындарға таласушылар арасында ең жеңілі еді. Сондықтан оған чемпион атану үшін алғашқы көтерген 136 кг. да жеткілікті болатын (105+136-241).

Автор:
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы, www.egemen.kz