Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖЫЛ МҰҒАЛІМІ БАЙҚАУЫ


23 сентября 2010, 21:18 | 8 365 просмотров


Облыс әкімінің ұстаздарды қолдау мақсатындағы бастамасымен биыл бесінші жыл қатарынан мұғалімдер арасында педагогикалық байқаулар өткізіліп жатқандығы белгілі. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жеті номинация бойынша өтетін білім-білік сайысының ең маңыздысы – “Жылдың үздік мұғалімі – 2010” облыстық байқауы. Аталмыш ұстаздар сыны қыркүйектің 17-18 күндері Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гимназиясы қабырғасында ұйымдастырылып, онда аудандық қалалық байқауларда үздік деп танылған ұстаздар бақ сынасты.

“Бақ сынасты” деуімізге себеп, қомақты жүлделі қоры бар басқа байқауларды айтпағанда дәл осы “Жылдың үздік мұғалімі” атағын иеленген ұстаз ғана облыс әкімінің қолынан Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алуға лайықты.

Міне, осындай мұғалімдер үшін аса маңызды байқаудың алғашқы күнгі ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Серік Мейірханұлы өз сөзінде облыс әкімі Серік Үмбетовтің мұғалімдерді қолдау мақсатындағы игі бастамасы басқа бірде-бір облыста қарастырылмағандығын еске сала отырып, мұндай байқауларды өткізу облысымызда дәстүрге айналып келе жатқандығына тоқталды. Оның әр жыл сайын мазмұны артып, мұғалімдердің де кәсіби білім-біліктілік деңгейі арта түскендігін жеткізді.

Бұдан соң байқау сыны басталды. Облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан бақ сынауға келген 22 мұғалім өзін-өзі таныстыру, қалаған тақыптары бойынша ашық сабақ және импровизаторлық сабақ өткізу, оқушылармен сұхбат, педагогика-психологиялық тест сындарынан өтті. Байқау шарты негізінде мұғалімнің кәсіби шеберлігі, жеке тұлғалық ерекшелігі, суырыпсалмалық, ұйымдастырушылық және бастамашылық қабілеттері ескерілді. Сондықтан да болар, байқауға қатысушылар өздерінің білім-білік, іс-тәжірибелерін шығармашылықпен байланыстыра, әр номинацияда оны жеткізудің жаңаша тәсілдерін ұсынып отырды.

Мәселен, байқауды ашқан Алакөл ауданы №1 Үшарал орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Айгүл Омарханова өзінің ұстаздық жолдағы ұстанымдарын музыка ноталарына сүйеп жеткізсе, Еңбекшіқазақ ауданының Төле би атындағы орта мектеп мұғалімі Әйгерім Тоққожаева ағылшын тілі пәні мұғалімі бола тұрса да, басты мақсаты ұлттық салт-дәстүрді ұмытпау, соны балалар бойына сіңіру екендігін ортаға салып, сахнаға ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын ала шықты. Сонымен қатар Әйгерімнің өзінің де қазақша киінуі көрген көзге көркем көрініп, әрі біздің тәрбиедегі негізгі ұстанымымыз туралы ой салып тұрды.

Келесі кезекте сахна төріне көтерілген Қарасай ауданындағы әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясының мұғалімі Алмагүл Азанбекова ұстаз келбетін «Хабар» арнасы тілшісіне сұхбат беру арқылы айқындай түсті.

Міне, осылайша байқауға қатысушы әрбір ұстаз педагогикалық қызметтің қыр-сырын өздігінше көрсете білді. Алайда, “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озар” ұстаздар сынында бір ғана жеңімпазды анықтау шарт. Осыған орай облыстық білім басқармасы бастығы Ләззат Базарқұлова бастаған әділқазылар тобы әр өткізілген сынақ кезеңі бойынша байқауға қатысушыларға баға беріп, соның нәтижесінде жеңімпаздарды анықтады.

Әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша барлық сында алғырлығын таныт-қан Алматы қаласындағы Ш. Смағұлов атындағы мектеп-интернаттың қазақ тілі пәні мұғалімі Бақытнұр Әділов 1-орынды жеңіп алды. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздың басты ұстанымы: «Тәрбиленуші мектепке қандай күйде келсе, солай қабылдап алып, ата-ана тәрбиесімен ет пен сүйекке сіңген қасиетін одан әрі дамытып, оған өзінің жетіс-тіктері, жаңалықтары, жақсылықтарын қоса отырып, болашағын қалыптастыруға ықпал ету».

Байқауда Бақытнұр Әділов сабақтарды шебер өткізуі, оқушылармен жылы қарым-қатынас жасай білуі, өткізілген сабағының нәтижелілігімен танылды. Оның ашық сабақта «Абайдың махаббат лирикасы» атты тақырыбын таңдауына не себеп болғандығын сұрағанымызда:

– Дүние махаббаттан жаралған. «Махаббатсыз – дүние бос» дейді ақын. Абай танымы балалардың тәрбиесі, қалыптасуына ықпал ететін болғандықтан осы тақырыпты таңдадым. Оның үстіне өзімнің де бала кезден жақсы көріп оқитыным – Абай шығармалары, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы. Сондықтан Абай тақырыбы маған етене жақын. Өзімнің бойыма жинаған жақсылықты балаларға сіңіру мақсатым болғандықтан осы тақырыпты таңдап алдым, – дейді ұстаз.

Ал қатысушылардың нағыз сыналар кезеңі – аяқ асты берілген өзекті тақырып бойынша оқушылармен сұхбат ұйымдастыру. Осы сында ұстаздың нағыз кәсіби шеберлігі аңғарылды. Ол өзіне берілген «Ана тілім – киелі көктемім» тақырыбында оқушылармен емін-еркін әңгіме өткізіп, тіл туралы өзекті ойлардың қозғалуына ұйытқы болды. Пікірталас өзінің мақсатына жетіп, Шоқан айтпақшы «Қазақ тілі – түрік тілдерінің ішіндегі тамаша тіл». Тәуелсіз еліміздің тірегі – тұғырлы тіліміз» – деген қорытындыға келіп сайды.

Осы сияқты сындардан сүрінбей өтіп, байқауда өздерінің жоғары білім-біліктілік деңгейін дәлелдей білген Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Диана Байтілеуова 2-орынды, Қаратал ауданының Пушкин атындағы орта мектеп мұғалімі Гүлбақыт Нұрқабыланова 3-орынды иеленді. Одан кейінгі жүлделі үш орын тұғырынан Райымбек ауданының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп мұғалімі, жас маман Іңкәр Қуанышбекқызы, Ұйғыр ауданының №1 Шонжы орта мектебінің мұғалімі Ғалия Есенова, Панфилов ауданының Абай атындағы орта мектеп мұғалімі Алтынай Шұғаева көрінді. Жеңімпаздар қазан айында өтетін мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында марапатталатын болады.

Автор:
Өз тілшіміз