Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЗИЯЛЫ БІЛІМ ОРДАСЫ


1 октября 2010, 16:39 | 2 065 просмотров



80 жылдан астам тарихы бар А.В.Луначарский атындағы орта мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымы бүгін де оқу-тәрбие жұмысы нәтижесімен аудан мектептері арасында алдыңғы қатардағылардың бірі болып келеді.

Материалдық техникалық базасы бүгінгі білім беру үлгісіне сай жабдықталған мектепте 6 кабинет, атап айтсақ, химия, биология, физика, информатика интерактивті тақтамен, жабдықталған. Сондай-ақ 1 – лингофонды қазақ тілі, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне арнал-ған 1 мультимедиялық кабинет жұмыс істейді. Аудан әкімдігі мен білім бөлімінің қолдауымен 1400 оқушы білім алатын мектептің сынып тақталары, парталары түгелдей дерлік жаңартылды.

Білім беру үрдісінің нәтижелілігі, жеке тұлғаның қалыптасуы, әр пән бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу, оның нәтижесін талдау, оқыту мен тәрбиенің тиімді әдістерін таңдауды басты мақсат еткен мектеп әкімшілігі мүшелері өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, бар ынтасымен еңбек етуде. Оқушылардың білім сапасын арттыру, ең алдымен мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, оқушылардың іс-әрекетін педагогикалық сауатты ұйымдастыра білуіне байланысты. Мектеп керекті оқу құралдарымен барынша жабдықталса да, оқу үрдісінде осының баршасына жан бітіріп, іске қосатын, бақылау, байқау, зерттеу, оқу, үйрету, т.с.с. іс-әрекеттер нысанына айналдыратын кілт – мұғалімде. Бүгінгі күні біздің мектепте еңбек етіп жүрген 110 мұғалімнің 34 пайызы – жоғары, 29 пайызы бірінші санатты мұғалімдер. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, шәкіртінің талабын ұштай білген ұстаздарымыз Г.Нұрымова, Қ.Омарова, Т.Алдабергенова, М.Рақымжанова, Б.Құсаинова, Т.Кульченко, С.Сұранбекова, Т.Фирсова, Ф.Хахазова, Р.Карим-ова, М.Әуесбаева, Г.Рычкова, З.Сакашева, Б.Мамаева, Т.Карпуша, Р.Алимжанова, Т.Каримовтың есімдерін мақтанышпен атаймыз. Мұғалімнің шеберлігін шыңдауда олардың іс-тәжірибесін жинақтау мақсатында мұғалімдер арасында «Жыл мұғалімі», «Менің жетістіктерім» шығармашылық байқаулар ұйымдастыру дәстүрге айналса, озық тәжірибені баспа беттерінде жариялау үздіксіз жүргізіліп отырады. 35 мыңға жуық кітапты қамтыған кітап қоры бар кітапхана оқу-тәрбие ісіне үлкен үлес қосып келеді. Тәжірибесі мол кітапханашы Н.Сарикова отансүйгіштік, адамгершілік, экологиялық т.с.с. тәрбие тараулары бойынша өз жұмысын жоспарлап, мектепішілік және аудан көлемінде іс-шаралар өткізіп отырады.

Қабілетті оқушылар үшін «Зерде» ғылыми қоғамы жүйелі жұмыс жасайды. Өткен оқу жылында бұл орталықта әр түрлі бағытта 9 ғылыми жоба байқауға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Көптеген оқушылар «Кенгуру», «Британ бульдогы», «Ақ бота» халықаралық және республикалық интеллектуалдық ойындарға қатыс-

ты. Олардан 6 оқушы жүлделі ІІ орынға ие болды. Таңдаған тақырыптары бойынша 2 жыл үздіксіз зерттеушілікпен айналысып келе жатқан өлкетану бағыты бойынша 10-сынып оқушысы А.Жұмашева (жетекшісі Б.Тұрлыбекова), информатика пәнінен 8-сынып оқушылары А.Сакашева, А.Имир-овалар (жетекшісі З.Сакашева), математика пәнінен 11-сынып оқушысы Б.Сатжан-

ова (Р.Алимжанова) «Дарын» ғылыми-практикалық орталықта өз білімдерін сынға салмақ. Бейнелеу өнеріне бейім оқушыларды одан әрі дамыту мақсатында осы оқушылардың шығармашылық көрмесі ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ, 5-9 сынып оқушыларының 10-нан астам жұмысы республикалық каталогқа енді.

Соңғы үш жылда ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке ие болып, мектебіміз ауданда алдыңғы орындардан көрінуі әрбір оқушының даярлығы мен мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен білімдеріне сүйене отырып, оның бейінді бағытты дұрыс таңдауына жол сілтей білген ұстаздар ұжымының еңбегінің нәтижесі десек артық болмайды. Осы жылдары мектеп 13 «Алтын белгі», 6 ерекше аттестат иегерлерін ұшырса, 98 оқушы таңдаған мамандығы бойынша гранттар иеленді. Ел басының ұзақ мерзімді даму стратегиясынан бастау алған «Тілдердің ұш тұғырлылығы» мектепте тілдерді дамыту жоспарының өзекті мәселесіне айналған. 2009-2010 оқу жылында ағылшын тілін оқып-үйренуге көмекке келген волонтерлер мен мектептің ағылшын тілі мұғалімдері тығыз байланыста жұмыс жасап, айтарлықтай жетістіктерге жетті. Облыстық білім департаменті мен аудандық білім бөлімінің бастамасымен ағылшын тілінде өткен жарыста біздің команда І орынға ие болды. Оқушылармен жүргізілген тағы бір нәтижелі жоба информатика пәні мұғалімі З.А.Сакашеваның жетекшілігімен «UIB kz» интернет сайты ар-қылы 6 кезеңнен тұратын «Жетістікке жетелер жол» халықаралық конкурсына 11-сыныптан 3 оқушы қатысқан. 11-В сынып оқушысы Зәкен Айдын осы байқауда І орын-

ға ие болып, жүлдеге тағайындалған мемлекеттік грантты жеңіп алды. Ол 2 кезеңге жоспарланған экономика саласы бойынша «Менеджмент – басқару өнері» тақырыбын ағылшын тілінде қорғап, әділқазы алқасының ерекше ілтипатына ие болды.

Мектептің оқу жылына жоспарланған оқу-тәрбие тәрбие шаралары өз деңгейінде атқарылып, оқушылардың бос уақытын дұрыс пайдалануға үйрету, көпұлтты оқушылар ұжымын ынтымақтастыру мақсатында әр түрлі спорттық үйірмелермен қоса «КМС» КВН клубы жұмыс істейді және бұл жұмыстар оң нәтижеге жетіп жүр.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мұғалімдерінің білім беру қызметкерлерінің І съезі болып өткенін бәріміз білеміз. Аудандық білім бөлімінің жолдамасымен аталған съезге делегат болдым. Съезд ТМД елдерімен бірлескен білім беруде басым бағыттардың ұлттық жүйесін дамыту жолындағы игі істер мен білім беруді жетілдіру мақсатында жұмыс жасады. Мұнда ұстаздар қауымы пікір алмасуға мүмкіндік алды. Келешекте серіктес елдердің тілдерін, мәдениеті мен тарихын, ұлттық дәстүрлерін оқып-үйрену мен зерттеу аясын кеңейтіп, ТМД кеңістігінде білім беру саласында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға сөз байласты. Съезге қатысушылар осы басты форумды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен ТМД-ға қатысушы елдердің мемлекетаралық гуманитарлық қорына үлкен ризашылығын білдірді.

Жаңа оқу жылы басталып, білім ошақтары тәуелсіз еліміздің болашағына есігін тағы да айқара ашқан осы тұста көп күттірмей жететін төл мерекемен ел болашағының негізін салушы ұстаздар қауымын шын жүректен құттықтағым келеді. Әріптес-

теріме жалпы адамзаттық, қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, өз Отанын шексіз сүйетін, бәсекеге қабілетті елдің білімді азаматтарын тәрбиелеуде еңбегіміз нәтижелі болсын деймін.

Автор:
М.Т.СОПИЕВ, А.В.Луначарский атындағы орта мектеп-гимназияның директоры, І ТМД мұғалімдері съезінің делегаты