Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тема: БІЛІМ

Болашақтың 10 мамандығы: 2025 жылы және одан кейін не болады


11 февраля 2019, 10:04 | 2 999 просмотров



Microsoft пен The Future Laboratory-да 10 жылдан соң еңбек нарығы қандай болатынын анықтап білуді ұйғарды. Компанияның сарапшылар берген түсініктемелері бар зерттеу The Independent басылымында жарық көрді.  
Араларында жетекші мамандар, талдаушылар, технологтар бар мамадардың пікірінше келешекте ең көп сұранысқа ие болатын салалардың бірі ғарыш пен ғайып (виртуалды) шынайылық болмақ. Зерттеушілер көпшілік айтып жүрген пікірге қарамастан, роботтар адамдарды алмастыра алмайтынына сенімдері кәміл, керісінше цифрлық технологиялар дәуірінде мансаптық және тұлғалық тұрғыда жоғарылауға мүмкіндіктер көбейеді.

Бұл жұмыстар фантастика саласынан алынғандай көрінгенмен, олар қазірдің өзінде болып жатқан өзгерістерді білдіреді. Ішінара жасанды интеллектің көп тарала бастағандықтан, еңбек нарығы бұрынғыдан жылдамырақ өзгеріп жатыр.
Райан Асдоуриан, Microsoft-тың Windows пен Surfase-ті жасайтын бөлімшелерінің басшысы.

Бұған қоса, зерттеу авторлары қазіргі мектептер мен ЖОО оқып жүргендердің 65% қазіргі кезде әлі пайда болмаған қызметті атқарады деп ойлап отыр. Осыған орай компанияның сауалдарына жауап берген сарапшылар жастар тар шеңберге мамандануды талап ететін дәстүрлі білім беру моделінен кетіп, бірқатар жаңа білім мен, дағдыларға машықтануын қолдайтынын айтқан. «Біз өзінің келешегіне алаңдайтын студенттердің көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Олар өздерінен озып кеткен заманауи технологиялармен жұмыс істеуге дайын емес екенін сезеді», — дейді Microsoft өкілі Райан Асдоуриан.
«Бірнеше салада икем-дағдылардың болуы үлкен маңызға ие болып келеді — деп The Future Laboratory редакторы әрі баяндама авторларынын бірі Стив Тоз сөзін жалғастырды. — Мысалы, виртуалды тіршілік ортасы дизайнерінің, редактор жұмысын атқаратын да машықтары болуы керек. Оның үстіне бұл мамандық геймдизайнға да ұқсайды. Меніңше бұндай маманда, ең бір өзекті деген сұрақтарға жауап бере алуы үшін, сәулетшінің және психологтың біліктілігі де болуы тиіс. Мысалы, неге адамдарға ағаштардың саясында отыру ұнайтыны жөнінде ойланып көрдіңіз бе? Енді бұны қалай виртуалды шынайылыққа айналдыруға болады?».

 2025 жылға дейін

1) Виртуалды тіршілік ортасы дизайнері

Білімі болуы керек салалар: сәулеттік дизайн, редакторлық іс, психология.  
Болжамдар бойынша, 2020 жылға қарай VR-құрылғылар нарығы 40 миллиардқа бағаланады, ал 2026 жылы миллиондаған адамдар жұмыс бабымен немесе оқу үшін жаңа деңгейлі виртуалды шынайылық ішінде сағаттап жүруді бастайды. Виртуалды мекен дизайнері іскерлік кездесулерге қажетті жағдайды немесе, VR-музейлерді жасап, осы әлемдерді жобалаумен айналысады.  
Бүкіл дүние жүзінен «жиналатын» әріптестерімен идеяларын талқыға салатын гипершынайы виртуалды кеңістікте кездесіп отырған жұмыскерлердің кеңседегі әдеттегі күнін елестетіп көріңізші. Ал олардың модельдері ретінде, мысалға айтсақ, геймерлер өздерінің сүйікті ойыншыларына айналып кететін футболдан премьер-лига стадионы болуы немесе түпнұсқасын сақтап қалу үшін жасалған ЮНЕСКО мұрасының цифрлық көшірмесі болуы әбден мүмкін.   
Бұл саладағы алғашқы қадамдар қазірдің өзінде бар. Мысалы, Автралиядағы Дикин университеті, виртуалды және толымды шынайылық саласының алғашқы дипломды мамандарын даярлау үшін, бағдарлама жасақтаушалармен ынтымақтастық орнатты. Бұл бағдарлама бойынша өтетін сабақтар 2016 жылғы қыркүйек айында басталды.  

2) Робоэтика жөніндегі адвокат

Қажетті білім салалары: коммуникациялар, философия, этика.
Сарапшылардың ойынша келесі онжылдық роботтар дәуірі болмақ: олар адамға барлық салада көмектесе бастап, жеке көмекшілер позицияларында да, қолдау көрсету қызметінде де бола алады. Осы себепті «ақылды машиналар» өндірісі саласындағы бос жұмыс орындары саны артады: Робоэтика жөніндегі адвокат моральдық және этикалық заңдарды белгілеп, адамдардың, роботтардың және жасанды интеллекттің арасындағы делдал ретінде жүреді. Сол заңдар бойынша машиналар тірі адамдар арасында еңбектенеді.  
Осы болжамдарды адамның денесін қасақана ауыртуға қабылетті роботты ойлап тапқан Берклидегі Калифорния университетінің инженері Александр Ребен де растап отыр.  
«Мен «зиянды» робот пайда болуы мүмкін екенін дәлелдедім. Осы себепті жасанды интеллект күндердің бір күнінде адамға бағынбай кетуі мүмкін деген қорқынышымызға қарсы тұра алатын адамдарға келешекте зәру боламыз», — дейді Ребен.

3) Мәдениет digital-комментаторы

Қажетті білім салалары: өнер-білім тарихы, бизнес, PR және маркетинг.  
10 жылдан соң әлеуметтік желілер мен медиада визуалдық коммуникация үстемдікке ие болады. Бұны Instagram-ның өсімі растап отыр. Digital саласының бейнелі тілін меңгергендер цифрлық мәдениетті дәстүрлі мәдениетке интеграциялай алатын өте қажетті мамандар болып кетеді. Бұл икем-дағдылардың қолданылатын жерлері — мәдениет пен өнер саласының кәсіпорындары мен мекемелері. Тейт заманауи галереясының директоры Франсес Моррис бұндай кәсіпқойлар оларға тәп-тәуір пайда түсіретініне сенімі мол. «Digital-комментаторлар келешектің аудиториясына өткен ғасырлардың әлемдік көркемдік мұрасын — заманауи технологиялар көмегі арқылы — мейлінше түсінікті түрде айтып беріп отыруға көмектеседі», — деп Моррис түсіндіреді.

4) Фриланстағы биохакер

Қажетті білім салалары: биология ғылымдары, медициналық әдістеме, деректер талдамасы.  
Ұзақ уақыт бойы ғылыммен университеттерде және компаниялардың зерттеу бөлімдерінде жұмыс істейтін кәсіби ғалымдар айналысып келді.  Алайда, Microsoft-тағы мамандар ашық бастапқы коды бар платформалар академиялық қауымдастықты демократизациялануына және биохакерлер (молекулалық биология саласындағы әуесқой зерттеулер энтузиасттары) санының артуына сеп болатынын мәлімдеп отыр.    
Ашық кодты құрал-саймандар арқылы дүние жүзінің мыңдаған ғалымдары қазірдің өзінде депрессияны, аутизмді, шизофренияны және Альцгеймер ауруын емдеу әдістерін іздеп жатыр. Фриланстегі виртуалды биохакерлер командалары бұл істе көмектесуге білек сыбанып кірісетініне компания сарапшылары сенімді.  
Дәл осыны Лондон университеттік колледжінің синтетикалык биологы доктор Даррен Несбет те айтып жүр. Оның ойынша биохакерлердің еңбегі ірі-ірі зерттеулердің қомақты үлесі болады. Фрилансерлердің ЖОО мен институттардың штаттық ғылыми қызметкерлерімен салыстырғандағы артықшылығы — олар оқытуға және мақалалар жазуға көңілдерін аудармай, ой-талқы жасауында, сәйкесінше икемдірек бола алатындығында.   

5) «Заттар Интернеті» деректерін талдаушы

Қажетті білім салалары: инженерлік іс, проблемаларды жайғау, коммуникациялар және кәсіпкерлік.
«Заттар Интернеті» біртіндеп адам өміріне еніп келе жатыр. Қазіргі таңда машиналардан бастап ас үй плиталарына дейінгі көптеген құрылғылар орнатылған электроникамен, бағдарламалық жасақтамамен және қадағалармен жарақталғаны ешқандай құпия емес. Солардың арқасында техника деректермен алмасады.
Болашақта big data және «Заттар Интернеті» талдамасы Ұлыбританияда* 182 мың жұмыс орнын ашып, ел экономикасына 322 миллиард фунт стерлинг қосады. Бұл туралы Экономикалық және іскерлік зерттеулер орталығы айтып отыр.
Осыған орай жаңа мамандар — үй техникасы, кеңсе және автокөлік құрылғылары шығаратын мол-мол деректерді, осыншама ақпаратта біз туралы не айтылатынын түсіну үшін, деректердің ірі-ірі көлемдерін зерделейтін адамдар қажет болады. Алынған деректерді «Заттар Интернеті» жетілдіруге пайдалануға болады: мысалы, электронды аспаптар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа тәсілдерін іздестіруге болады. Бұндай сарапшыларда болуы тиіс икем-дағдылар — паттерндерді танып-байқай алу қабылеті, нақты сұрақтарды қоя білу, сонымен қатар әңгіме айта білу.

2025 жылдан бастап және одан ары қарай

6) Ғарыш гиді

2020 жылдардың екінші жартысынан бастап ғарыш сапарлары басталатынына ғалымдардың сенімі кәміл. Осыған байланысты осындай сапарларды қауіпсіз әрі қызықты ете алатын кәсіпқой мамандарға деген мұқтаждық пайда болады. Мысалы, ғарыштық туризм саласының мамандары біздің ғаламшарымыздан тыс жерлерге апаратын турларды түзумен айналысады.  

7) Жеке деректер кураторы

«Мый — компьютер» интерфейстері 2020 жылдардың аяғына карай көп таралып кетеді. Бұндай құрылғылар адамдарға өздерінің ойларын, есте қалған жайларды және арман-қиялдарын жазып отыруға, сондай-ақ, оларды әлеуметтік желілер арқылы жұртпен бөлісіп отыруға мүмкіндік береді. Жеке деректер кураторлары нейроинтерфейстер мен интернетті қолданушыларға барлық ақпараттар легін бейімдеп отыруға көмектеседі.   

8) Қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі инженер

Алдын ала жасалған болжамдарға қарағанда 2025 жылға қарай Жердегі халық саны он миллиард адамға жететіндіктен, табиғи ресурстар барлығына жетпей қалуы мүмкін. Қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі инженерлер бүкіл дүние жүзінің флорасы мен фаунасынынан алынған үлгілерді пайдалана отырып, экологиясы нашарлаған жерлердегі экожүйелерді оңалтумен айналысады. Сонымен қатар, бұндай мамандар жойылып кеткен өсімдіктер мен жан-жануарлардың түрлерін қалпына келтіреді.  

9) Тұрақты қуат беру құралдарын жасаушы

Зерттеушілердің пайымдауынша 2020 жылдардың ортасына қарай адамзат тиянақты энергетикаға көшеді де, күн мен жел қуатын пайдалана бастайды. Болашақ адамдарының алдынан шығатын негізгі проблема бұл қуат көздерін пайдалана алмайтын кездері: ауа райы бұлыңғыр және жел жоқ уақытта қуатты қайдан алу мәселесі болмақ. Тұрақты қуат беру құралдарын жасаушылар — бұл химия және материалтану сияқты салалардан хабары бар мамандар. Олардың басшылық етуімен “заттар Интернетіне” кіріптар болған үстіне бола беретін халықтың мұқтаждығын қанағаттандыруға қауқарлы батареялардың жаңа буынын жасау басталады.  

10) Адам денесінің дизайнері

Технологиялар қарыштап дамып жатыр. Зерттеушілердің болжауына қарағанда, болашақтағы адамның тіндері мен ағзалары қалпына келтіру мен ауыстыру үйреншікті құбылысқа айналып кетеді. Адам денесінің дизайнерлері, биоинженерияны қолдана отырып, адамдардың денелері мен дене мүшелерін мүсіндеп, адамдар өздерінің түр-тұлғасы қандай болғанын қаласа, сондай қылуға көмектеседі. Бұл соңғысы протездердің — сәндік протездердің де, функционалдық протездердің де — кеңінен таралуы нәтижесінде іске асады.  
*Материал британдық басылымның аудармасы болғандықтан, деректер Ұлыбритания бойынша беріліп отыр.
bilimall

Автор:
педагог.kz