Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ШҚО-да 74 елді мекенді су басуы мүмкін


22 февраля 2019, 11:39 | 1 195 просмотров



Елімізде болған былтырғы тасқын су биыл да қайталануы бек мүмкін. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында жауған қар қалың. Алда-жалда күн күрт жылынып, мұз іргесі тез сөгілсе, сел жүру қаупі де жоқ емес. Ал жалпы бұл өңірде 70-тен астам елдімекенді су басу қаупі төніп тұр екен.        

Былтырғы тасқын су талайларға ырық бермей ылдилай ақты. Алдындағысын ағызып, жолындағысын жайпап, қаншама ауыл үйдің ішіне дейін жайылып кетті. Талай баспананы күл талқан етті. Көптеген көпір мен жолдар қирады. Тіпті, Семей қаласын су алып кете жаздады. Айтпақшы, сол су бөгеттегі бөгелген су еді. Асып-толып ернеуіне жеткенде еріксіз жіберілді. Зардабын ел тартты. Мұз бетіне жайылған су асып-тасып, жағадан асты. Осы жағдайдан кейін жауаптылар мұзды жарды. Асығыс жасалған жұмыстың нәтижесінде қауіпсіздік ережесі ескерілмеді. Жарылыс салдарынан жақын маңдағы көпқабатты үйлердің есік-терезесі бүлінді. Бұл да, онсыз да тасқыннан титықтаған елді тіпті тығырыққа тіреген еді. Соңы үлкен даумен аяқталғаны елдің әлі есінде.

Бөгет демекші, жалпы облыс аумағында қазір 222 бөген бар. Олардың 124-і республикалық, яғни Қазсушаруашылығына тиесілі. Жекенің иелігінде 26. Шығыс Қазақстандағы аудан мен қала әкімшілігінің құзырында алты бөгет бар. Ал қалған 66-сы облыстық «Шығыс су қоймалары» мемлекеттік мекемесінің меншігінде. Соның 15-і жөндеуді қажет етеді. Оған дәл қазір 267 млн теңге қажет екен. 

ШҚО-да 74 елді мекенді су басуы мүмкін

— Бұл күздегі тексеру кезінде белгілі болған жағдай. Алдағы көктемде қар еріп, су басылған соң тағы да бақыланып, тоғандардың жайы толық тексеріледі. Жоғарыда аталған қажетті қаржы сол кезде өзгеруі мүмкін. Егер ондай жағдай болса, облыстан қосымша қаржы бөлуді сұраймыз – дейді, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат ҚҰСАИНОВ. 

Ал көктемде тасқынын болдырмас үшін сол жөндеуді қажет ететін 15 бөгеттің бесеуінің суын ағызып жіберген. Олар Глубокое және Көкпекті аудандарында орналасқан. Қазір олардың әр қайсысындағы судың мөлшері бұрынғысына қарағанда тең жартысына дейін азайған. Бұл, еріген қар суының көлемі көбейіп кетсе қауіптің алдын алуға сеп болмақ – дейді, мамандар. 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің сөзінше, облыс аумағындағы 74 елдімекенді су басуы ықтимал. Бұл ауылдар Катонқарағай мен Бесқарағай, Шемонаиха, Барадулиха, Алтай секілді 15 ауданның аумағында жатыр. Өскемен мен Семей және Риддер қалалары да қауіпті аймақтар қатарында. 

Сол үшін бе, әлде былтырғы жағадай сабақ болды ма, мұндағылар тасқынға тас түйін дайын отырмыз – дейді. Апат айтып келмейді әрине. Сөздеріне сенсек, қажетті құрал-жабдықтар толық бар. Тіпті, бірнеше ескегіне дейін көбейді – деген, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Жадыра АМАНҒАЛИҚЫЗЫ: –Күштер мен құралдар барлығы дайындыққа келтірілген. Алты мобильді топ құрылды. Жеке құрамнан мың шақты адам бар. 300-дей көмекші құралдар мен 60 шақты жүзу құралдары дайын тұр – деді.

ШҚО-да 74 елді мекенді су басуы мүмкін

Бірақ, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осыдан бір апта бұрын ғана дәл осы секілді есеп бергендерге шүйлігіп еді. Әр облыстағы атқарылды деген жұмыстарға қанағаттанбай, біраз басшылардың ісін сынға алған еліміздің премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ: – Бәрін айтамыз. Қазақтың сөзі бар. Баяғы жартас сол жартас. Су тасқыны келеді, судың астында қалады. Айтатындарыңыз бәрі керемет. Бәрі жақсы. Қатаң бақылауда. Қандай бақылауда екенін көріп отырмыз – деді. 

Сөз соңында айта кетейік, биыл Шығыстағы жауған қар кейбір жерлерінде былтырғыға қарағанда бір жарым есеге дейін көп.

Автор:
http://kazaknews.kz