Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қарағандыда 81 миллионға жөнделген мектеп жабылып қалды


22 февраля 2019, 11:44 | 1 214 просмотров



Шағурашид МАМАЛИНОВ басқаратын Қарағанды облысындағы Бұқар Жырау ауданында бюджеттің 81 миллион қаржысы желге кетті. 2019 жылдың қаңтар айында облыс басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Осакаровка ауданындағы күрделі жөндеуден өткен білім ордаларын арнайы тексеріп қайтқан еді. Енді Бұқар Жырау ауданына барса жөн болар еді. Өйткені, ақша дұрыс игерілмеген, жүздеген оқушы қолайсыз жағдайда қалған.

Қарағанды облысы Қызылжар кентінде орналасқан 104 бала оқитын мектеп жабылып қалды. 2015 жылы тасқыннан су шайып кеткен нысанды жөндеу үшін білім ордасының директоры мен қоса ата–аналар шағымдар жазып, аудандық, облыстық басшылардың табалдырығын тоздырған. 2018 жылы ғана шағымдар ескеріліп, 111 млн 399 мың теңге мектепті толықтай жөндеуге облыстық бюджеттен бөлінген. Бірақ, тендер барысында «Техстройснаб ЛТД» мердігері 81 млн 500 мың теңгеге жөндеп беремін деген ниет танытқан. 2018 жылдың 1 тамызында күрделі жөнделген оқу орнының 2019 жылдың ақпан айында едені көгеріп кетті. Көктің иісінен балалардың денсаулықтары нашарлап мектеп қызметкерлері мен оқушылар ауыра бастаған.

Қарағандыда 81 миллионға жөнделген мектеп жабылып қалды

Енді балалар 10 шақырым жерде орналасқан Ростовка елдімекеніне тасымалданып, екінші ауысымда оқып жатқан көрінеді. 81 млн қаражат далаға кетті деп алаңдаған ата-аналар қабырғалары сыз тартып, едендеріне саңырауқұлақ шыққан мектептің жағдайының оңалатына күмәнмен қарайды. Бұл  нысанды қанша жөндесе де, дымқылдың кетпейтінін 2017 жылдың шілде айында болған жиында ата-аналар ашық айтқан еді. Дегенмен, «балаларымыздың болашағына балта шаппаймыз, бұл мектептен алып кетеміз» дегендердің саны артқан бүгінде.

«Менің балам алтыншы сыныпта оқиды. Менің баламның аузынан бір жағымсыз иіс шығатын болды. Сонан осы мектепке бармай, қазір Ростовкаға барып жүргеннен бастап жаңағы иіс кетті. Енді түгелдей тексеріс жүргізгім келеді. Себебі, саңырауқұлақтың иісі денесіне сіңіп кеткен. Тек менім ғана балама емес, жалпы барлық балаларға зияны тиді. Ата-аналар балаларымызды тексерістен өткізсін деп талап етіп жатыр. Жалпы мен өзім, егер балаларды осы мектепке қайтарып оқытса, мен баламды осы мектепке берем деп айта алмаймын. Себебі, ол саңырауқұлақ деген кетпейді өмірі. Ол сіңіп қалған. Сондықтан, қарап отырған жалғыз баламды бұл мектепке бере алмаймын. Ата-аналар комитетінің мүшесі ретінде айтарым, ата-аналар да балалар сынды қиналып жүр. Оларды тасудың өзі қиын. Бала шаршайды», — дейді баласына уайымдаған Элмира МУСИНА.

Дегенмен, бүгінгі таңда еденге қойылған тақтайшалар мен линолеум арасында дымқыл пайда болып, көкке ұласқанын аудандық білім бөлімі басшылары да мойындап отыр. Олар, балалардың денелерінің бөрткенін де растады.

«Қолы бөртіп кеткен, аузы бөртіп кеткен бір-екі баланы өзіміз де көрдік. Бірақ, енді нақты содан болды деген тұжырым жоқ. Бірақ біз де содан деп ойлап отырмыз. Көк иіс болғаннан кейін, солай болған шығар. Тітіркенген шығар денесі. Ол балалардың қазіргі таңда жағдайы жақсы. Сондықтан, ондай жағдай тағы да қайталанатын болса, онда тоқтатамыз», —дейді ата-аналармен жүздескен Бұхар Жырау аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдар ОСПАНОВ.

Ал, қадағалау жұмысын «Исаев Л. Т.» ЖШС жүргізген  және солар қабылдап алды деген білім бөлімі басшысының сөзін ескеріп, Исаев Лесханның өзіне хабарласқан болатынбыз. Ол кісі мектептің ескі екенін о баста ескерткен екен.

«Су қайдан келеді. Астынан келеді ғой, фундамент ескі, ол айтылған. Ондай 64 жылғы 30 жыл бұрын болған нысанды бұзып, қайтадан салу керек заң бойынша. Ал, бізде күрделі жөндеу жұмысы дейді. Әрине содан кейін болады ғой. Қыстың кезінде қар бар, қар ериді, олар көтеріледі. Содан шіру басталмай ма, басталады. Мен кеше әкімге түсіндіріп айттым ғой. Мен тек қана орындаушымын. Маған айтты мен істедім, құжат бойынша істедік. Енді оның астынан су шыға ма,  үстінен су шыға ма, мен сол кезде айтқам, ескі нысан ғой, бұны бұзбайсындар ма деп. Олар бізге осындай ақша бөлінді, құдайға шүкір деді. Әкім жұмыс істемейді. Әкім ауылына жаны ашып тұрса, айту керек еді маған ескі-құсқы керек емес, маған жаңадан салып бер. Маған да звондайды, шіріп жатыр деп Нысан қай жылғы? 60-шы жылғы… енді не дейсін маған. Су қай жақтан шығып жатыр? Үстінен бе? Жоқ, астынан ба? Енді не дейсін маған, сол кезде нысанды бұзу керек деп айттым», — деп шендінің бетіне шындықты бастым деген Лесхан ИСАЕВ ашуын жасыра алмады.

Қарағандыда 81 миллионға жөнделген мектеп жабылып қалды

Кеше де аудан әкіміне тіке айтылған мәселені, яғни «мектепті неге жаңалап салмадыңыздар?» деген сұрақты Бұхар Жырау ауданы әкімінің орынбасарына тікесінен қойдық. «Апатты деп танылмаған нысанды бұзып қайта салуға біздің құқығымыз жоқ» деген атқамінер былай жауап қатты.

«Онда неше бала, сіз білесіз бе? 100 бала. Жаңа мектепті салу мәселесі республика арқылы шешіледі. Аудандық бюджеттен ондай шешім қабылдай алмаймыз. Бізде апатты ғимарат немесе үш ауысымды мектеп болса ғана жаңа мектеп салынады. Бізде «тех заключение» бар, бұл ғимарат апатты емес. ПСД-ні жасар алдында біз де ойлағанбыз жаңа мектеп салынады деп. Бірақ біз техосмотр жасаттық. Олар ғимаратты әрі қарай қолдануға болады деді. Бірақ оған күрделі жұмыстар жүргізу керек деп. Содан кейін біз ПСД-ні неттік», — деп Бұхар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Айғаным АҚПАНОВА жауап қайырды.

Дегенмен, 1964 жылы бой көтерген оқу орны көктен арылатынына ешкім кепіл бермейді. Алайда, «Техстройснаб ЛТД» мердігері келісім-шарт бойынша 7 жыл  кепілдік берген. Енді шыққан ақаулықпен күресетін болады. Дегенмен, олардың да қаражаты қаншалықты жететіні өздеріне ғана аян. Ал техникалық қадағалау жүргізген «Исаев Л.Т.» ЖШС-не жасаған жұмысы үшін — 610 мың 714 тенге бөлінсе, авторлық қадағалау жүргізген «Авангард проект» ЖШС-не — 211 мың 450 тенге жұмсаған. Енді, ескірген мектепке оқушылар қашан қайта оралады деген сауалдың жауабын аудандық білім бөлімінің басшысы да, әкім орынбасары да дөп басып айта алмай отыр. Әзірге оқушыларды тасмалдау үшін 3 автобус бөліпті.

Автор:
zhasalash.kz