Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕКТЕБІ


8 октября 2010, 15:28 | 2 071 просмотр



Қазақстан Республикасының спорт және дене шынықтыру туралы заңының 4-бабында Мемлекет дене шынықтыру мен спорт саласындағы қатынастарды мемлекеттiк саясатты қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамытуды тиiсiнше қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлар, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық, нормативтiк-құқықтық жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру-спорт қозғалысының өзiндiк мәртебесiн тану жолымен реттейдi – десе, 17- бабында Спорт мектептерi мен мектеп-интернаттары қосымша бiлiм беру мекемелерi ретiнде спорт мектептерi, сондай-ақ спорттағы дарынды балалар-

ға арналған мектеп-интернаттар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес құрылады. мемлекет спорт мектептерi мен спорттағы дарынды балалар-

ға арналған мектеп-интернаттардың қолда бар материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа базасын жасау үшiн жағдай туғызады – деп айқын көрсетілген болатын. Осы мақсатта 2003 жылы қаламызда дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ашылған еді. Жетісу өңірінің түкпір-түкпірінде жүрген қабілетті спорт саңлақтарының басын қосып, олардың болашақтарына бағдар болып, зор мүмкіндік туғызып отырған білім ордасына биыл міне сегіз жыл болды. Осы қызығы мен шыжығы қатар жүретін сегіз жыл ішінде бұл мектеп интернаттың ауыз толтырып айтатын жетістіктері де жоқ емес сияқты, осы мақсатта аталған мектеп-интернаттың директоры Хамитов Равиль Абдрахманұлымен және директордың спорт жөніндегі орынбасары Заманбек Марлан Майданұлымен жолығып, сұхбаттасқан едік.

Равиль Абдрахманұлы, Бұл мекеме- облысымыздағы спорт бағытындағы дарынды балаларға арналған бірден-бір білім шаңырағы. Жалпы мұнда білім беру жүйесі қалай, оқушылар мектепке қалай қабылданады?

Р.А:

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, сол кездегі облыс әкімі Шалбай Қалабайұлы Құлмахановтың шешімімен 2003 жылы қаламызда спорт бағытындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ашылған болатын. Міне, содан бері сегіз жылға жуық уақыт өтті. Аз уақыт та емес, көп уақыт та емес. Десек те, осы жылдар ішінде біраз жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Оқушыларымыздың қол жеткізген жеке басының жетістіктерін былай қойғанда, өткен 2008-2009 жылдары біздің мектеп-интернат республикамыздағы 15 интернаттың ішінен үздік шығып, І орынды иеленіп, Спорт және туризм министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. Ал оқу жүйесіне келер болсақ, біз балаларды 8- сыныптан бастап қабылдаймыз. 8-сыныпқа қабылданған оқушы бізде төрт жыл бойы білімін жалғастырады. Яғни 8, 9, 10, 11 сыныптарды бізден оқиды. Бірақ, бізді толғандыратын мәселе – «Білімнің іргетасы – бастауышта қаланады» дейді ғой, бізге көбіне шалғай ауыл, аудандардан спортқа дарынды балалар келеді, олардың қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі жаратылыс тану, математика, химия, биология сияқты арнаулы пәндерден білімдері төмен. Жоғарғы сынып оқушылары бол-ғандықтан оларға ары қарай сапалы білім беру біз үшін оңайға соқпайды. Біз спорт бағытындағы мектеп болғанымызбен де бізде арнаулы орта мектептердің пәндері жүреді. Барлық мектептер сияқты біздің де оқушыларымыз ҰБТ-ға қатысады. Білім және ғылым министрлігі Спорт және туризм министрлігімен бірлесе отырып оқу бағдарламасын бекітеді. Биыл осы ҰБТ-ға қатысатын қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы және математика сияқты пәндерге баса назар аударып отыр. сағаттар санын көбейіп отыр. Біз оқушыларымызды осы ҰБТ-ға жан-жақты даярлау үстіндемсіз. ЖОО-ның оқытушылармен жұмыс жүргіземіз.

М.М:

Жалпы біздің облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатқа дарынды балаларды қабылдау ешқандай жаңалық емес. ҚР бекіткен нормативтік стандарт бар сол жерде бәрі айқын жазылған. Бізге қабылданатын балардың ең бірінші денсаулығы мықты болу керек. Біз мұнда екі уақыт жаттығу жасатамыз, яғни бес сағат жаттығу жасайды ал бұл дегеніміз балалардың денсаулығы космонавттай мықты болу керек. Бұл облыстық мектеп-интернат болғаннан кейін Алматы облысындағы бірінші номерлі балаларды қарастырымыз. Мәселен, биылғы жылы 1996 жылы туылған балаларды қабылдасақ, сол балалардың ішінде әр салмақ дәрежесінде Алматы облысының чемпионы болып жүрген балаларды іріктеп, оларды облысымыздың намысын қорғауға дайындаймыз. Балаларды іріктеу негізгі үш кезеңнен тұрады. Аудан, ауылдарды аралап, дарынды балаларды қабылдаймыз. Әр аудандардағы жасөспірімдердің спорт мектебіне барып, шама-шарқын көріп, тексеріп, сосын биылғы жылы өзімізге қабылдайтын балалар арасында өзіміздің интернат ішінде іріктеп жарыс өткіземіз. Оның шарты спорт басқармасының төрағаларымен келісіліп, бекітіледі.

Мектептің материалдық-техникалық базасы жөнінде не айтасыздар?

Р.А:

Облысымызда дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылған жылы-ақ бізде барлық жағдай жасалған болатын.

Және мектебіміздің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығаюда. 12 комплекс класс бар олардың үшеуі - орыс, ал қалған сегізі - қазақ тілінде. Бастапқы жылы 4 спорт түрі болса, 2007 жылы спорттың 4 түрі бойынша 62 адамды қабылдасақ, биыл спорттың 9 түрі бар. Олар: бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, ауыр атлетика, футбол, жеңіл атлетика, және рейгби. Сондай-ақ, мультимедиалық кабинеттер, интерактивті тақталар қазіргі білім ордасына қажетті заманауи құрал-жабдықтардың барлығы дерлік бар. Бізге сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер жасалған. Жыл сайын біз өзіміздің кітапханамыздағы оқулықтарды жаңартып отырамыз.

Тәжірибиелі ұстаздарыңыз бар ма, оқушыларыңыздың жеткен қандай жетістіктерімен мақтана аласыздар?

Мектептен түлеп ұшқан шәкірттеріңіз қандай жерлерде білімдерін жалғастырып жүр?

Р.А:

Біздің мұғалімдеріміздің барлығы жоғары санатты, білімді, білікті мамандар. Барлығы жоғары білімді. Ал, жаттықтырушыларға келер болсақ, еңбек өтілі бес жылдан асқан, мамандарды ғана қабылдаймыз. Бізде 12 сынып болатын болса, оларға 12 тәрбиеші бар, және оған қоса түнгі тәрбиешілер бар.

Ал, оқушылармымыздың жеткен жетістік-

теріне келер болсақ, ауыз толтырып, айтар жетістігіміз аз емес.

Жетістіктерге жетіп, еліміздің көк байрыған аспандатып жүрген шәкірттеріміз баршылық. Мәселен, Седов Владимир – әлем чемпионы, Сарсенбаев Мират – олимпиадалық ойындардың қатысушысы, Қожабеков Нұрсұлтан 75 келі салмақты боксшы, Оразбаева Юля – дзюдошы, Азия чемпионы. Ал түлектеріміз түрлі ЖОО-да оқып жүр. Спорт деген қатып қалған мамандық емес, ол адамның бойына біткен дарын, тума қабілет. Сондықта да, біз өзіміздің түлектерімізге «ана жерге бар, мына жерде оқы!» деп айта алмаймыз. Ең бастысы олар қай салаға барса да, спорттан қол үзіп кеткен емес, қайта сол оқу орнының есімін әйгілеп, жалауын желбіретіп жүр десем қателеспеген болар едім. Міне, сондықтан да бізден түлеп ұшқан шәкірттеріміз әр салада, әр түрлі ЖОО-да оқып жүр. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Спорт және туризм академиясы, М.Тынышбаев атындағы көлік және куммуникация академиясы, қаламыздығы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, сол сияқты бір қатар іргелі оқу орындары.

Әңгімеңізге рахмет, мектептеріңіз тек биік шыңдардан көрініп, шәкірттеріңіз ел игілі үшін еңбек етсің!

Р.S

Қаламыздағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернатта өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген, болашақтарынан үлкен үміт күттіретін, егемен еліміздің көк туын өзге елдің аспанында желбіретіп, қазағамыздың намысын қорғайтын өнерлі өрендер білім алуда. Олардың алдыларында бірақ мақсат бар, ол – спорт. Солай бола тұра «біздің оқушылармыз айлап, апталап жарыстарға кетеді, шыны керек, олар, қосымша мектеп бағдарламасы бекіткен пәндерді игеруі үшін әсіресе 11 сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындалу үшін уақыттары жоқ. Түсінеміз, ҰБТ бұл жалпығы ортақ талап, бірақ біз сияқты арнаулы мектеп-интернаттарға осы тұрғыда жеңілдіктер, қарастырылса» – дейді ұстаздары мен аталған мектеп ұжымы. Иә, бұл мәселе өзекті болғанымен де, ауқымды тақырыпты қамтитын бөлек әңгіме. Ол туралы алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз.

Өмірдерек

Автор:
Сұхбаттасқан Әйгерім ИЕБЕКОВА