Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТҰЛҒАТАНУДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАЙ АЛДЫҚ ПА?


18 марта 2019, 03:50 | 1 633 просмотра



Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» дей отырып, ондай ұлық тұлғалардың қасиетті Ұлы дала төсінде де аз болмағанына тоқталды. Міне, осы ұлы бабаларымыздың тарихи тұлғасы арқылы жас буын ұрпақты тәрбиелеудің маңызы аса зор екенін ескере отырып, Отан тарихының кезеңдерін кеңінен қамтитын «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет» деді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың осы бастамасын жүйелі түрде қолға алып, ұлттық тарих ғылымындағы тұлғатану саласын кеңінен дамыту – тарихи сананың жаңғыруына негіз болмақ. Сондықтан да отандық тарих ғылымының бір саласы болып табылатын тұлғатану жанрының өзекті мәселелерін тілге тиек етуді жөн көрдік.

Жалпы, түркі халықтарының тарих айту дәстүрінде, жыршылар мен жыраулардың лиро-эпостық дастандарында тарихи тұлғаның қоғамда алатын орасан зор ықпалы болғаны көрсетіліп отырды. Әрине, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қырымның қырық батыры», «Көрұғлы» сынды батырлық дастандардағы батырдың тұлғасы арқылы жас ұрпақты патриотизмге баулу, сондай-ақ екіжүзділік пен аярлық, арсыздық сияқты адам бойында болатын жаман қасиеттерге жиіркеніш сезімін тудыру үшін, пәк махаббатты насихаттау үшін қолданылып отырды. Яғни, мұндай жырлардағы батырлар тұлғасы – елге қорған, әлсізге демеу, қорқауға тежеу салған тарихи тұлғаларға деген құрметтен, осындай тұлғалардың көп болуын аңсаған халық арманынан туған еді.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы тарих ғылымы тұлғатанудың теориялық және методологиялық негіздерін қалыптастыра алды ма, оның дискуссиялық мәселелеріне толық жауап бере алды ма деген сұрақ туындайды. Мұндай сұрақтың туындауы ­– табиғи заңдылық. Әрине, бұл сұраққа «жоқ» деп қысқа қайыруға немесе «негіздері қалыптасып келе жатыр» деп жауап беруге болады. Шындығын айтқанда, бүгінгі отандық тарих ғылымы қоғамдық өзгерістердің басында тұрған, тұтас бір дәуір халқының тарихи санасына сілкініс әкелген ұлы тұлғалар тарихын (ғұмырнама) жазудың теориялық және методологиялық негіздерін толық айқындап, оның өзекті мәселелеріне толыққанды жауап берген жоқ. Әсілі, барлық түркі халықтарында, әсіресе қазақ халқында көшбастаушы тұлғалар тарихы арқылы сол тарихи кезеңді баяндау жанрының өте жоғары деңгейде дамығандығын ескере отырып, жеке тұлғалардың тарихи тұлғасын сомдаудың теориялық-методологиялық негіздерін ертедегі еңбектерден іздеген жөн сияқты. Мысалы, Орхон-Енесай бойындағы көк тасқа Иоллығтегін бабамыз қашап жаздырған «Тоныкөк», «Күлтегін» тарихи жырлары осы ұлы тұлғалардың өмірі арқылы көне түріктер тарихы­нан мол мағлұмат береді. Ал орта ғасырларда классикалық тарихи туындыны дүниеге әкелген Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты шығармасын моғол ханы Әбдірашидке арнағаны белгілі. Осы еңбекті оқығанда, Әбдірәшид ханның тұлғасы арқылы Қазақ хандығы дүниеге келген дәуірге туристік саяхат жасағандай әсерге бөленесіз. Ал Қадырғали Қосынұлы Жалайридің Борис Годуновқа арналған «Шежірелер жинағы» арқылы Тәуекел хан заманындағы Русияның тарихи даму келбетін, қазақ хандары мен сұл­тандарының тарихи рөлін көре аласыз. Сонымен қатар, Ахмет Кенесариннің «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты еңбегі, Ш.Уәлихановтың «Қазақтың ата тегі», «Абылай» атты еңбектері; «Ұрыс хан дастаны», «Тоқтамыс хан дастаны», «Едіге би дастаны», «Абылай хан» поэмасы да тарихи тұлғатану жанрының ертеректегі тамаша үлгілері болып табылады.
Қайта құру кезеңі мен жариялылық жылдарында басталып, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында жалғасын тапқан тұлғатану саласы қарама-қайшылыққа толы болды және одан әлі арылған жоқ. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жарық көрген еңбектердің тарихи жады сусаған халық үшін ерекше маңызға ие болғаны сөзсіз. Бірақ кеңестік кезеңде есімі ел есінен шығарылған немесе өзінің тарихи бағасын ала алмаған, қайраткерлігі мен қабілет-қарымы әртүрлі деңгейдегі қазақтың тарихи тұлғаларына арналған ірілі-ұсақты еңбектер бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Осындай еңбектердегі тарихи тұлғалардың тұлғалық қасиеттері мен ұлтқа, мемлекетке сіңірген еңбектеріне беріліп жатқан бағалардың өзара ұқсастығынан кейін, бұлардың барлығын бір адам жазды ма деген ойға да қалатының рас.
Тәуелсіздік алғалы бері кейбір тарихи тұлғаларға қатысты дискуссия әлі күнге тоқтамай келеді. Мысалы, сондай тақырыптың бірі – Шыңғыс хан тұлғасы. Осы бір тұлғаның айналасында өрбіген айтыс-тартыс негізінен екі арнаға жарылады. Бірінші айтыс тақырыбы – Шыңғыс хан қазақ болды ма әлде моңғол болды ма деген мәселе болса, екіншісі – оның зұлымдығы мен прогрессивтігі жөніндегі мәселе төңірегінде өрбиді. «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты көлемі 45,5 бас­па табақ боларлық, Шыңғыс ханға қатысты негізгі тарихи деректердің барлығына жуығын оқып-салыстыру арқылы іргелі еңбек жазған көрнекті қазақ тарихшысы Зардыхан Қинаятұлы Шыңғыс ханды моңғол деп қорытындылағанына қарамастан, өмірінде бірде-бір ортағасырлық тарихи деректі түпнұсқадан оқымаған «ғұламалар» оны әлі күнге дейін қазақ болды деуден жаңылар емес. Аталмыш еңбегінде З.Қинаятұлы: «Дәуірдің басты тұлғасы, сөз жоқ, ол – Шыңғыс хан. Оның өмірбаянына терең үңілмей моңғол ұлыстары билігі дәуірінің сырын ақтару мүмкін емес. Ол үшін Шыңғыс ханның тұлғасына, моңғол билігі дәуіріне баға берудегі методологиялық сыңаржақтылықтың сеңін бұзу қажет. Г.Вернадский айт­қандай, шынымен де ортағасырлық қан жұтқан заманда «ұлт, ұлыстар арасында болған қандай да бір қақтығыстарға қатысушы тараптардың бірі тек қана қара ниеттілер, екіншісі тек күнәсіз пәктіктен тұрады деп қарау мүмкін емес» дей отырып, Шыңғыс ханның тұлғасына тарихи объективтілік тұрғысынан баға беруге шақырады. Ғалымның осы бір методология­лық ұстанымын басқа да қазақ тарихында болған тұлғаларға қатысты қолданғанымыз орынды болар еді деп ойлаймыз.
Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында осы уақытқа дейін тұлғатанудың қарама-қайшылыққа толы болуының екі түрлі себебі бар деп ойлаймыз. Оның біріншісі – кәсіби тарихшылардың саусақпен санарлық қана аздығы болса, екіншісі – қазақ қоғамындағы жалпы тарих әуесқойларының әсіре белсенділігі. Кәсіби тарихшы белгілі бір тұлғаны зерттеп, оның тарихи портретін жасауға өз өмірінің ондаған жылдарын арнаса, тарих әуесқойлары аз уақытта «бұрқыратып» мақала жариялап жатады. Осының барлығы тарихи санасы толық қалыптасып бітпеген халықтың, тіпті зиялы қауым өкілдерінің тарихи тұлғаларға қатысты екі лагерьге бөлініп алып айтысып жатуына алып келеді. Әрине, ғылым негізі – ақиқат, ақиқат негізі толассыз ізденіс екені даусыз. Бірақ ұлт тарихына қатысты барлық фактологиялық материалдарды жариялап, оларға тарихи түсініктеме бермей жатып баға беру – жалпы ғылым принциптеріне жат нәрсе. Сондықтан да әлі күнге дейін Ресей империясына қосылуды жақтаған Әбілқайыр ханды бір тобымыз прогресшіл болды десек, екінші тобымыз сатқын болды деумен келеміз. Керісінше, оны өлтірген Барақ сұлтанға қатысты да осылай екіге жарыламыз. Сондай-ақ, Ш.Уәлихановқа қатысты «тамаша ғалым» немесе «сатқын, Ресей барлаушысы» деген пікірлер бар. Қазіргі қазақ қоғамы үшін Қазақ хандығын қалпына келтіру жолында күрескен Кенесары хан да «Ұлы тұлға» және оған қарсы шыққан бірқатар аға сұлтандар мен батырлар да «Ұлы тұлға» болып отырғаны жасырын емес. Бір ғана Қазақстанның батыс бөлігі Исатай-Махамбет пен Жәңгір хан болып, екіге жарылып айтысамыз. Ал ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ қайраткерлерін алаштықтар мен коммунистер деп бөле қарастырып, тағы да олардың бірін көтеріп, екіншісін тұқыртуға тырысушылықтың да бар екені белгілі.
Бұл мысалдарды тізбелей көрсе­тудегі мақсатымыз – осы екі лагерьге бөлініп алып айтысып жүргендердің бір жағын жақтау немесе екіншісін даттау емес, тарихи объективтілік тұрғысынан баға бере отырып, өз қолы өз аузына жетпей, отаршылдық қамытын киген халықтың тарихи танымындағы кемшін тұстарға назар аудару болып табылады. Бұл мәселе бізге дейін де көтерілді және бұдан кейін де жалғасын таппақ. Осы арқылы отандық тарих ғылымының тұлғатану саласы үнемі дамып, тың теориялық және методологиялық негіздермен толығып отыруы тиіс деп ойлаймыз.
Бүгінгі таңдағы аса өзекті және қазақ тарихындағы көне жанрдың бірі болып табылатын тұлға тарихын зерттеудің методологиялық мәселелерін алғаш болып кешенді көтерген тарихшы-ғалым– академик М.Қозыбаев еді. Ол өзінің «Ғұмырнама жанрын зерттеу мәселелері» атты мақаласында жеке тұлғалар өмірі мен қызметін зерттеуге негізгі кесел, бөгет болған коммунистік идеологияға негізделген кейбір методологиялық ұстанымдарды көрсете отырып, жеке тұлғалар тарихын жазудың методологиялық мәселесіне орай: «Ғұмырнама жазамын деген адам өз өмірін соған арнауы керек. Біздің қаһармандарға талдау жасауымыз көбінесе саяси тарихтың болмысын қайталайды. Тарихшы ғалымдар сол қаһарманның жағына күні бұрын шығып алады, оның жауымен жауласады, дауласады. Әлеуметтік психологиялық талдау әдісі жайына қалады. Әділдік, шындық жолы – баяндаудың арқауы, бірақ ол құрғақ декларациядан туындамайды, құжаттар, деректер жүйесіне сүйенеді. Осымен қатар зиялы кейіпкерлердің қаракеті мен әрекетіне жан тебіренісі, оның ой-өрісінің даму заңдылығы, тұлғаның заманасы, ортасы концептуалдық мәселе болып қаралу орынды сияқты. Бұл арада тек тарихшы болу жеткіліксіз секілді. Көркем әдебиет пен тарих одақ құрып, тұлғаның тек кәсіби өнерін ғана емес, жан-дүниесін, тебіренісін, көзқарасын, адамгершілік рухын, адамдық болмысын, қуанышы мен ренішін, махаббаты мен қасіретін жан-жақты ашқанда ғана шығарма қаһарманы толыққанды бола алады» деп ой толғаған еді. Отандық тарихнамада тұлғалардың тарихи портреттерін жасауды алғаш қолға алған тарихшы ғалымның осы тұжырымы бүгінгі тұлғатанушыларға шамшырақ болуы тиіс деп ойлаймын.
Өзінің саналы ғұмырын Т.Рыс­құлов­ты зерттеуге арнаған тарих­шы-ғалым О.Қоңыратбаев: «…Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін зерттеу – сол кезеңнің де тарихын зерттеу деген сөз» деп қорытынды жаса­ған еді. Яғни, қайраткер тұлға­ның тарихын зерттеу дегеніміз – тұтастай бір тарихи кезеңнің тарихын зерттеу болмақ. Ол үшін тарихшыға энциклопедиялық білім қажет. Қазақстаннның мемлекеттік меке­мелерінің тарихын өмірінде оқымаған тарих факультеттерінің түлектері үшін Қазақстанның архивтері жүйесін түсінудің қиынға соғатыны да тұлғатанудың дамуына кедергі болып келеді. Осыған қарамай, бір шаблонға салынған жеке тұлғалар тарихын зерттеу – Қазақстанда ең көп зерттелген тақырыптардың бірі болып табылады.Тәуелсіздік жылдары жеке тұлғалар тарихы бойынша елімізде 1 докторлық, 30-дан аса кандидаттық диссертацияның қорғалуы – осының айғағы. Бірақ тұлғатану бойынша жазылған зерттеу жұмыстарына қатысты арнайы тарихнамалық зерттеу жасала қоймағандықтан, ол зерттеулердің деңгейі мен ғылыми нәтижелері жөнінде тұщымды пікір айту қиынға соғады. Кейбір тұлғалар тарихы бойынша тақырыбы ұқсас екі диссертацияның қатар қорғалуы – бұл салаға арнайы тарихнамалық талдау жасаудың қажеттілігін көрсетеді деп ойлаймыз.
Ұлттық тарихымыздың қайнар көзі болып табылатын «тұлғатану» жанрын жазуда төмен­дегідей қағидаларды басшылыққа алғанымыз жөн сияқты:
Біріншіден, бір тарихи тұлғаны көтеру үшін, екінші бір тарихи тұлғаны төмендетуге болмайды. Яғни, қайраткерге баға бергенде оны басқа қайраткермен салыстыру арқылы емес, «осы қайраткер қазақ халқының дамуына қандай еңбек сіңірді немесе қандай үлес қосты?» деген сұраққа жауап беру арқылы баға берген орынды;
Екіншіден, кеңес билігінің орнауы мен қалыптасуы жылдарындағы «алашордашыл» және коммунист қайраткерлерді бір-біріне қарсы қойып салыстыру, бір жағының әрекеті мен идеясын жақтау үшін екінші тарапты жамандауға жол беруге болмайды. Яғни, «бөліп ал да, билей бер» саясатының шырмауынан босану қажет. Себебі ол кезде бір ғана шындық болды. Ол – жеңіске жеткен большевизм! Кеңес билігін Алашорда да мойындады, Т.Рысқұлов сынды коммунистер де мойындады. Басқа жол жоқ еді;
Тарихи тұлғаның портретін жасауда оларға классификациялық баға беруге бүгінгі қазақ қоғамы даяр емес деп ойлаймын. Өйткені біртұтас ұлт болып қалыптасу процесі толық аяқталған жоқ.
Қазақ тарихын зерттеудің методоло­гиялық бірқатар мәселелеріне қалам жүгірткен тарихшы-ғалым Х.Әбжанов «тарих және тұлға» жайлы толғана келіп: «тұлғатану – Отан тарихы тереңіне бойлаудың кілті» деп тұжырым жасаған еді. Біз де осы пікірмен келісе отырып, Елбасымыз көтеріп отырған «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-көп­шілік сериясын жазу – ұлттық тарихи сананың жаңғыруына үлкен үлес қосатынын, жас буын ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде таптырмас құрал болатынын айтқымыз келеді. Сондықтан да, жас буын ұрпақты дал қылатын, ұлттық дамуымызға кедергі келтіретін ғылыми негізсіз, қарама-қайшы пікірлерге толы еңбектердің дүниеге келуінің алдын-алуымыз қажет сияқты. Осы орайда, үлкен көршіміз Ресейде тамаша жолға қойылған ЖЗЛ сериясының үлгісімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жарық көріп жатқан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жарық көрген 100-ден астам тұлғаға қатысты еңбектер мен басқа да зерттеулерге тарихнамалық талдау жасап, тұлғатанудың қазақстандық теориялық-методологиялық негіздерін жасау – кезек күттірмейтін мәселе.