Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕН ШЫНШЫЛ БАЛАМЫН


12 апреля 2019, 12:21 | 80 просмотров



Мақсаты: «Шыншылдық» ұғымының құндылық ретінде мәнін ашу. Адалдық, шыншылдық қасиеттері туралы түсінік беру. Балалар бойындағы жақсы қасиеттерді  дамыту. Шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: Дәптер, ойыншық, жүрекше, суреттер.

Шаттық шеңбері: Балалар, мен сендермен кездесіп тұрғаныма қуаныштымын. Бәріміз мына өлең сөздерін бірге қайталайық.

Арым таза, ақ көңіл,

Адалдыққа сенемін.

Абыройлы, ақ ниет,

Адамдыққа сенемін.

-Шыншылдық-ол адамдықты, әділетті білдіретін адамның бойындағы жақсы қасиеттердің бірі. Осы қасиеттер жүрегіміз арқылы беріледі. Шыншыл адамның жүрегі жылы, мейірімді болады. Біз бір-бірімізге өтірік айтпауға, ешкімді алдамауға, тек шын сөйлеуге, шыншыл, әділ болуға үйренеміз.

Б.Әділжанов ағамыздың «Төгілген қаймақ» атты әңгімесін оқып берейін.

Мереке мен Дүйсен доп теуіп қаша сыртында ойнап жүреді. Ойынға әбден беріліп, қызыл допты әрі тепті, бері тепті. Бір кезде қатты тебілген доп аулаға кіріп кетті. Мереке добын іздей бастады. Қаракөлеңкеде әр нәрсені қармалап жүріп, әрең дегенде тауып алды да сыртқа беттеді. Сол кезде жерде тұрған шағын ыдысты байқамай ақтарып алды. Іші толған қаймақ екен. Жарқырап еденге жайылды.

-Апам ұрсатын болды, деп жыламсырады. Дүйсен де сасқалақтап қалды. Қабаған түйіп ойланды да;

-Қорықпа, мен амалын таптым. Қаймақты мысық төгіп кетті дейміз, деді. Кешікпей шешесі Мерекеге қарап;

-Біреу ыдыстағы қаймақты төгіп кетіпті. Бағана сендер ойнап жүр едіңдер, бпйқамай төгіп алған жоқсыңдар ма?-деп сұрады.

Мереке қысылып, қызарақтады. Шынын айтуға қорықты, өтірік айтуға ұялды. Ақыры өтірік айтты.

-Бағана аула ішінде анау жүрген, деп шешесінің аяғында отырған мысықты нұсқады.

Айтуын айтса да қатты өкінді. Шынын айтуға көңілі дауламады. Шешесі ашу шақырмады.

Табаққа бір қасық қаймақ құйды да мысықты шақырды. Мысық табаққа таяп қалған кезде шешесі байқамаған болып, қаймақта жерге ақтара салды. Мысық табақтағысын да едендегісін де жалап соғып алды.

-Ал ботам,-деді шешесі Мерекеге мысықты нұсқап, жерге төгілген қаймақты жалай беретін мысық бағана неғып қалдырды екен-ә? Анасының көзі көзіне түсіп кеткенде, Мереке ұялғаннан терлеп қызарып кетті.

-Апа кешірші, бағана мен, мен ойнап жүріп-дей берді, жыламсырап, міңгірлеп.

-Өтірік айтқаныңды, ұялып отырғаныңды да әуел бастан-ақ білгем. Гәп қаймақта емес, өтірік айтпа. Кінәңді мойындай біл. Мереке шиедей болып қызатып кетті.

Мереке мен Дүсен шындықты айта алды ма?

Мереке анасына өтірік айтқаннан кейін қандай сезімде болды?

Мереке мен Дүйсен енді өтірік айтады деп ойлайсыңдар ма?

Балалардың жауаптары.

-Балалар өтірік айтуға болмайды, себебі өтірік ұзаққа бармайды. Адам өтірік айтқанда бір ұялады. Өтірік айтқан адам айналасындағыларға сүйкімсіз көрінеді, оған ешкім сенбейді. Оны ешкім жақсы көрмейді. Шыншыл адам әрқашан әдемі, көрікті, оның достары көп болады. Шындықты мойындап, айта білу – батылдық. Сондықтан «Шыншыл бала – батыл бала» деп айтады. Шындықты айта білгеннің өзі – батылдық.

«Қозғалыс» ойыны: «Айна». Балалар бір қатарға тұрып, қолдарын алдында тұрған баланың иығына қояды. Бірінші тұрған баланың қимылын қалғандары айна болып қайталайды.

Тыныштық сәті. –Балалар денелеріңді дұрыс ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Тыныс алғандарыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа толғанын сезініңдер.

Дәптермен жұмыс. Әңгіме мазмұны бойынша сурет салыңдар, әңгімелеп беріңдер.

Ғажайып сөздер. «Шыншыл бала-батыл бала», «Өтірік өрге баспайды».

Қорытындылау. –Біз бүгінгі сабағымызда өтірік пен шындық жайлы білдік. Өтіріктің жаман қасиет екенін, одан аулақ болуды, өтірікші баланы ешкім де жақсы көрмейтінін білдік. Шындықтың ең жақсы қасиет екенін түсіндік.

 

Автор:
Гульнара КУДАЙБЕРГЕНОВА, №26 орта мектеп шағын орталығының "Қарлығыш" тобының тәрбиешісі. Талдықорған қаласы