Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балабақшада білім беруде және жобалауда, зерттеуде тәрбиешінің ұтымды ұйымдастыра білуі


12 апреля 2019, 12:23 | 28 просмотров


Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу ең негізгі мәселелердің бірі. Оны шешудің басты бір тармағы – бала тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуы. 
Бала тәрбиесі - әр сағат, әр күн сайын тынымсыз жүргізіле беретін аса күрделі құбылыс. Осы орайда мемелекетіміз стратегиялық маңызды құжаттар қабылдады. 
«Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы»; «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемелекеттік бағдарламасы». 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемелекеттік бағдарламасында «балалардың мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамтылуын, олардың мектепке даярлауға арналған әр қилы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін» қамтамасыз ету міндеттері белгіленді. Бұл ретте мемелекеттік бағдарламаны орындаудың алғашқы қадамдары жүйелі түрде жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Білім беру сапасын айқындайтын басты талаптардың бірі-педагогикалық үрдістің бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз етілуі болып табылады. Бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бекітілген негізгі «Балбөбек», «Қарлығаш», «Қайнар» және жетекші «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» тағы сол сияқты басқа да мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке даярлау бағдарламалары қолданылуда. 

Тәрбиеші шығармашылық тұлғасын қалыптастырып алмай, мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің мазмұнын жаңартам деу мүмкін емес, оның алдына мынадай негізгі міндет қойылады: мектепке дейінгі білім беру бағдарламасының талаптарын жәй ғана орындаудан тәрбиеленушілердің толыққанды және тұтастай дамуын жүзеге асыру және білім берудің әр саласында біліктілігі қалыптасуына және балалардың алдағы өмірде табысты болуын қамсыздандыратын жалпы қабілеттерін дамытуға көшу. 
Педагог өзінің білім беру қызметін жоспарлаған кезде, баланың кішкентайынан айналысып жүретін қызмет түрлерінен алған тәжірибесі оның алдағы өмірі бойында білім алуына жұмыс істеуі қажет. 

Қазіргі заманғы үрдістер мен ілгері өзгерістер бүгінгі балалардың осыдан 10-15 жыл бұрынғы құрбыларымен салыстырғанда көп нәрселерді білетінін және артық жасай алатынын көрсетіп отыр, сондықтан тәрбие мен білім беруде біздің негізгі міндетіміз неғұрлым тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану. Яғни, біздер – педагогтардың алдында мектепке дейінгі жастағы балаға өз бетінше дербес іс-әрекет жасауға, ойнауға, сұрақтарға жауаптар іздеуде белсенділігін, ынтасын қалыптастыру арқылы, ақпарат жинақтауға, алған білімі мен дағдысын ойындарда және іс жүзінде жобалау-зерттеу қызметін ұйымдастыра отырып пайдалануға бағыттау мақсаты тұр. Жобалау қызметін ұйымдастыруда мектеп жасына дейінгі баланың ойы сол ойды іске асырудан жоғары болатынын ескеру керек. Сол себепті мектеп жасына дейінгі баланың ойын іске асыруда ең алдымен үлкендердің яғни, педагогтар мен ата-ананың көмегі қажет. 

Біз балалармен жұмыс істей отырып, қалыпты жағдайда баланы оқыту мен тәрбиелеуде, бала өскен сайын оның ақыл-ой мүмкіндігі де өсетінін байқаймыз. «Қоғамнан тыс тұрған –не адам, не хайуан емес» дегенді ұлы ойшыл Аристотель айтқан. Бүгінігі күн айнала дүние дүрбелеңге толы. Сонда болып жатқан жаңалықтан қалып қоюға әсте болмайды. Қоғам бир орнында тұрмайды, ол үнемі жаңарып, дамып отырады. Сол үшін біз ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, оны дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Дүниеге келген әрбір сәбидің алғашқы тәрбиешісі ата-аналары десек, одан кеінгі тәрбиелеу балабақша тәрбиешілері. Бала тәрбиесінің іргетасы дұрыс қаланса, қоғамда санасы сау, көкірегі ашық, адамгершілігі мол, өз отанын сүйетін азамат қалыптасады! Осындай алға қойған мақсатқа жету үшін, балаға білім мен тәрбие беру арқылы бала қабылеттерінің ашылмаған қырларын аша білуіміз керек.

Мектепке дейінгі мекеменің педагогтары балаларды өте тиянақты және эмоционалды қолдайды. Мұндай эмоционалды қолдау бала үшін шығармашылық тапсырманы педагогтың өзінің орындауға дайын екенін көрсетпеуі керек, керісінше педагог баланы бағыттауы тиіс. Біздің Талдықорған қаласында бірнеше балабақша және көптеген шағын орталық балабақшасы жұмыс істейді. Біздің  балабақшада педагогтар жоғарыда айтылған бағдарламалар мен мемлекеттік стандарт негізінде «Баланың бойында ұлы мүмкіншіліктердің бәрі бар» - деген ұлағат сөзден осы мүмкіншіліктің көзін ашу жолында білім берудің бағыт-бағдарларын, мазмұнын айқындайтын тәлім-тәрбие берудің әдіс-тәсілдерін қолданып оқыту үрдісін ұйымдастыру шараларын жүйелі жүргізеді. Осы орайда тәрбиешілер әр баланың балаға тән бойындағы ерекше бір қасиетін дамытып, қалыптастыру мақсатымен ойын түрінде жеке және топпен түрлі әдістемелерді қолданып жұмыстар ұйымдастырады.

 М.Монтессори әдістемесінің ерекшелігі – «Мен көремін және естимін, әрекет етемін және жасаймын, сондықтан оны есте сақтаймын және үйренемін деген басты қағидасын негізге алып, тәрбиелеу мен оқыту үрдісін ұйымдастыруда балардың зерттеуге деген қызығушылықтарын, өз бетінше білім алуға деген ынталарын арттыруда ата-аналармен біріге отырып педагогтың берген бағыты негізінде жеке жобалау іс-әрекетін пайдаланады. Ата-аналармен жұмыс жүйесі дарынды балалардың даму деңгейін анықтаумен байланысты болады. Баланың тұлғалық өсуін тапсырмаларды шығармашылықпен орындауға ұмтылғанынан, кейбір жағдайларға өзінше көзқарас білдіруінен көруге болады. Педагог балаларға проблемалық жағдай ұйымдастырады. Тек оны шешу жолдарын өзі ұсынбайды. Себебі бала көзқарасының дамуы тежеледі. 

Жобалау қызметінің шығармашылық, зерттеу және нормативтік үш негізгі түрі - өзінің құрылымдары, кезеңдерімен ерекшеленеді. Мысалы: 8 наурыз аналар мерекесіне дайындық барысында құтықтау ретінде бір бала аналарға ән айтуды ұсынса, екіншісі оны қолдап ашық хат дайындауды ұсынды. Бұл екі баланың ойы бір болғанымен, педагог екінші баланың ойы бастапқы ойдан шығармашыл болғанын ескереді. Осы жерде іскер педагог баланың өзіндік көзқарасы бар екендігін ерекшелеп, бала басқа баланың ойын қайталаса да қолдап, сол арқылы ынталандырып, мадақтау арқылы белсенділігі төмен балалардың ой-өрісінің өсуіне және белсенділігін арттыруға ықпал етеді. 

Педагогтың мәртебесі аса маңызды талаптан құралады деп ойлаймын. Біріншісі, жоғары кәсіби-шеберлік және соған сай өзінің білімін, тәжірибесін жас ұрпаққа беруге деген қажеттілік, өзінің білігі мен білімін жетілдіруге ұмтыла білу қасиеті. Екіншісі, педагогтың бойындағы жоғары ізгілік құндылығы, патриотизмі мен адамгершіліктен айнымауы, мейірбандылығы, мақсатына жетудегі табандылығы. Міне, осындай қасиеттер бойына жинақталған педагог жастар үшін тек білімнің қайнар бұлағы ғана емес ғана емес, жас адамдарды рухани тұлға болуға бастайтын шынайы тәрбиеші болмақ. Үшіншісі тәрбиешінің біліктілігін арттыруға ынталандыратын лайықты еңбекақы болуы тиіс. Төртіншісі, қоғамдағы құрметі мен абырой-беделі. Мұның өзі жоғарыдағы үш мәселені тоғыстырып, айқындайтын болады.

«Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады», - деп, педагог ғалым В.А.Сухомлинский айтқандай, тәрбиеші баланың табиғи қасиеттерін анықтап, ашып және оларды дамыта отырып сараптама жасай алады. Шығармашыл, ізденімпаз, балалармен дербес қарым-қатынасқа түсе білетін педагог қана заман талабына сай қоғам азаматының алғы шарттарын қалыптастыра алады. Сол себепті педагогтардың кәсіби құзыреттілігі, ұйымдастырушылық, құрастырушылық, зерттеушілік қабілеттері зерделенеді.

Автор:
Назыгуль Қуттымбетова, № 11 «ҚҰЛЫНШАҚ» БАЛАБАҚШАСЫнвң тәрбиешісі. Талдықорған қаласы