Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖҮЙЕЛІК – ҚЫЗМЕТТІК ҚАТЫНАСТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТАРЫН АРТТЫРУ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ


19 апреля 2019, 05:10 | 1 145 просмотров



Мақсаты:Жүйелік-қызметтік қатынасты жүзеге асыру барысында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін құзыреттілікке-бағытталған оқытудың қажеттілігін көрсету. Функционалдық сауаттылықты  қалыптастыруда мұғалімнің шеберлігі арқылы ынтымақтастыққа, өзара түсіністікте жұмыс жасауға қолайлы жағдай жасау.

Функционалдық сауаттылық мақсаты: бүгінгі күн талабына сай, жан- жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, тұрақты қызығушылығы бар, алған білімді іс- әрекетте еркін қолдану дағдысы қалыптасқан тұлға қалыптастыру.

Өзектілігі: Оқу мен білім алуда бәсекеге қабілетті, құзыретті,  жан - жағына сын көзбен қарайтын, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті,  өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, өз ойын еркін айта алатын, білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл тұлға қалыптастыру .

 

Функционалдық сауаттылық – білім берудің жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік бағдарлануы. Қазіргі тез өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылық – оқушының әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай - ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор.

 
Білім беру саласының мониторингі функционалдық сауаттылықтың негізгі бағыттары арқылы іске асады:
- Оқу және жазу сауаттылық
- Жаратылыстану ғылымдарындағы сауаттылық
- Компьютерлік сауаттылық
- Математикалық сауаттылық
- Денсаулық сауаттылық
- Құқықтық сауаттылық
• Оқу және жазу сауаттылығы.
Оқушылардың көне дүниелермен танысу, білу, құштарлану құзыреттілігін қалыптастыру. Көрген - білгендерін тиянақты түрде мазмұндап жеткізу
• Жаратылыстану ғылымындағы сауаттылық. Оқушының ғылыми дүниетанымын қалыптастырып, ғылыми білім жүйесіне негізделіп, танымның логикалық – саналы тәсілдеріне арқа сүйей отырып, оқушыға берілетін теориялық біліммен сипатталып, ғылыми категориялар мен дәлелдерді кеңінен пайдалануға машықтандырады.
• Компьютерлік сауаттылық
Оқушының ақпараттық мәдениеттілігін, сауаттылығын, алгоритмдік ойлауын қалыптастыру және эмоциялық қабылдау түрлері мен есте сақтауын дамыту.
• Математикалық сауаттылық
Математикалық сөйлеу және жазу мәдениетіне қоршаған ортаны және олардың заңдылықтарын баяндау, оны оқып үйренудің оқушылардың дүниенің ғылыми бейнесін меңгерудегі басты құралы ретінде көрінеді.
• Денсаулық сауаттылық
Дені сау, жаны сау оқушы тұлғасын қалыптастыру.
• Құқықтық сауаттылық
Оқушының құқықтық білімін жақсарту, құқықтық ұғыну, өз құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін білу, заң күшіне сену т. б.

Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығын әрдайым жетілдіріп отыруы.  

Математика сөзінің өзі грек тілінде білім, ғылым деген мағына береді. Олай болса ежелгі замандардан - ақ математикалық білімді ғылымдықтың жоғары дәрежесі ретінде қабылдаған. 
 Сондықтан да математика барлық ғылымдардың логикалық негізі – күре тамыры ретінде қарастырылады.

Функционалдық сауаттылық дұрыс сөйлеу қабілетін сабақ кезінде оқушылардың келесі қабілеттері мен бейімділіктерін шыңдай түсуді меңзейді:

1) Тақырыптағы, мәтіндегі басты ойды бөліп көрсете білу және оған жоспар құра білуге;

 2) Материалды қисынды, мағыналық топтай, талдай білуге;

3) Терминологияларды түсіне, қолдана және негіздей білуде;

4) Ұғымдардың, түсініктердің өзге ұғымдар жүйесіндегі орнын білуде;

5) Ауызша және жазбаша сауатты сөйлеуді меңгеру, символдар мен белгілеулерді дұрыс қолдана білу.

Функционалдық сауаттылық құзыреттіліктері

 - пәннің өмірдегі орнын түсіну, білу;

 - әр түрлі формада берілген сандық ақпаратты оқу, талдау;

 - мәселелерді шешудің ыңғайлы тәсілдерін табу, орындау, өзін-өзі тексеру, өмірмен байланыстыру;

 - білімін өмірлік жағдаяттарда кездесетін түрлі мәселелерді шешуде еркін қолдану болып табылады.

Оқушылардың құзыреттілін дамыту үшін «Сыни тұрғысынан ойлау» технологиясының маңызы зор.   

 

 

 

 Синквейн (ағл. cinquain) – бес жолдан тұратын тақпақ. Мұнда оқушыға оқу материалын  қысқаша түйіндемелеу талап етіледі. Бірінші жолда –  синквейннің негізгі мазмұнын құраушы бір негізгі сөз (ұғым); екінші жолда – берілген ұғымды сипаттайтын екі сын есім; үшінші жолда – ұғымның әрекетін көрсететін үш етістік; төртінші жолда – автор өз қатысын көрсететін қысқа сөйлем; бесінші жолда – ұғымға қатысты өз сезімін, ассоциясын сипаттайтын бір сөз (көбінесе зат есім).

10 сыныпта «Алгебра» пәнінен «Функцияны зерттеу» тақырыбын өткеннен кейін синквейн құрауға бердім. Функция. Бірсарынды, жұп (тақ). Өседі (кемиді), анықталу облысын қамтиды. График.

 Оқушы шығармашылығы:   Бір мәнді тек бір мәнге сәйкес қойып  – функция,

                                   Кейде жұп, кейде тақ, кескінің болар симметрия

                                   Анықталу аймағыңда бірсарынды өсіп, кеміп,

                                   Бар сырыңды аштырып, сыздырасың -график.

 Кластерлер (ағл.Cluster - «жүзімнің шоқтары» деген мағынада) – идея мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауға арналған жазба кестелер. Мұнда негізгі тақырып (тірек сөз, басты идея) тақтаның (дәптердің) ортасына шеңберге жазылады да, одан туындайтын тақырыпшаларды оқушылар оның жан-жағына жазып, шеңберлеп бір-біріне қосады да, өзара байланыстары туралы әңгімелейді.  

Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою  тәсілін тақырыпты қайталау мақсатында қойған тиімді. Бірінші оқушы бастап сұрақ қояды-екінші оқушы жауап беріп-келесі оқушыға сұрақ қояды т.с.с. Мысалы 11 сыныпта «Еуропа елдері» тарауын қайталау. Еуропа елдерін ата,Өнеркәсіп түрлерін және орталықтарын анықта-картамен жұмыс жүргізу т.с.с. Бұл тәсіл оқушының жауап беру,сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, сұрақ қою, жылдам әрекет етіп, логикалық дамуына септігін тигізеді.

 

 

Функционалдық сауаттылықтың дамуы оқушының жалпы сөйлеу мәдениетін дамытып, қазіргі қоғамда тұлғаның ұтымды сөйлеу коммуникацияларын қалыптастырады. Осыған қоса, білімнің меңгерілуі мен үйретілуі, оқытылуы дәрежесі жоғары әрі қызықты болған сайын, оқушылардың бойында адамгершілік қасиетті қалыптастырады.  

Ендеше мынандай мысалдар келтіруге болады:

І. Қарапайым сұрақтар. №1 Күнделікті өмірде қандай сұраққа ешқашан «иә» деп жауап бере алмаймыз? Жауабы: «Ұйықтап жатырсың ба?» деген сұраққа.

№2.Алма ағашында жұмыртқа болуы мүмкін бе? Жауабы: Иә. Егер ағашқа құс ұя салса, ұяда құстың жұмыртқасы болуы мүмкін.

 

Осы мақсатта мектепте де құзыреттілікке бағытталған   тапсырмаларды құрастырып, оны жүзеге асыру мәселелеріне зор көңіл бөлуіміз керек.

 Сабақтарда ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру, қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологияларды, электрондық оқулықтарды пайдалану оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.  

«Функционалдық сауаттылықтың» халықаралық тесті жеке өмірмен (мектептегі, үйдегі, демалыстағы), кәсіби әрекеттермен және қоғамдық өмірмен (жергілікті қоғаммен, бүкіл әлеммен), оқыту мен ғылыммен байланысты түрлі мәтіндік ситуациялардан тұрады.

  Олай болса, жауапкершілігі шексіз, қадірі мол мамандық иесінің ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алар орнын әр мұғалім бар болмысымен сезінгені абзал. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі — білімді ұстаз.

 

 

Айсауле Алдашова,  

география пәнінің мұғалімі,

Раушан  Зейнелгапова,

математика пәнінің мұғалімі. М.В.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейі.

Талдықорған қаласы.

 

Автор:
Айсауле Алдашова, география пәнінің мұғалімі,