Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Сабақты зерттеу - оқу үрдісін жетілдірудің тәсілі


19 апреля 2019, 11:39 | 84 просмотра



Заманауи мектептегі әр ұстаздың мақсаты -  өзінің кәсіби шеберлігін үздіксіз, заманға сай жетілдіріп отыру. Ал мектеп басшылары ол үшін кәсіби орта құрып, мұғалімдердің педагогикалық  біліктіліктерін жетілдіруге жағдай жасау керек.   

Шағын топта бірлесе жұмыс атқару арқылы топ мүшелері сабақты жоспарлап, түзету енгізіп,  ақылдаса отырып тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап, сабақты бақылап, АВС оқушыларының  сабақ барысындағы әрекеттерін, үлгерімді арттырудың жолдарын қарастырып,  зерттеу нысанындағы «оқушылар үнін» тыңдап,  бірлескен жұмыстың нәтижесін талқылап отырды.

10 сәуірде Зерттеу сабақтарының 3-циклы басталған уақытқа мектебімізде өткен «Сабақты зерттеу – мұғалімдердің зерттеу дағдыларын жетілдіру тәсілі» тақырыбындағы аймақтық семинар тұспа-тұс келді. Семинарда басқа мектептің зерттеу топтары арасында тәжірибе алмасып, меткебіміздің топ мүшелері зерттеу жұмысының нәтижесін шығаруға мүмкіндік алды.

Семинардың мақсаты – сабақты зерттеу тәсілін тәжірибеге енгізуде мектеп басшыларына кәсіби қолдау көрсету, зерттеу топтарының тәжірибе алмасуына ықпал ету.

Семинарды Алматы облысы білім басқармасының облыстық білімді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырды. 

Семинарға Еңбекшіқазақ аудандық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскерлері Бухарова А.Т., Нусипбаева Т.М., Ж.Есімбекова, облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Э.Досаева, Іле ауданы №39 мектеп-гимназиясының зерттеу тобы, Талғар ауданы №9 орта мектеп зерттеу тобы, Ұйғыр ауданы Сұңқар орта мектебінің зерттеу тобы келді. Семинарға жалпы 80 адам қатысты.

Семинар барысында «Сабақты зерттеу – біздің тәжірибемізде» тақырыбында постерлік таныстырылым ұйымдастырылды, «Бірлескен зерттеу тобының кездесу сәттерінен» фотогалерея және бейнефильм көрсетілді. Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің 3 «А» сыныбында дүниетану пәнінен «Туристің қайда саяхаттағаны дұрыс?» тақырыбында, 7 «Б» сыныбында алгебра пәнінен «Алгебраическая дробь и ее основное свойство» тақырыбында зерттеу сабақтары өтті. Сабақтан кейін зерттеу топ мүшелері оқушы үнін талқылап, кері байланыс берді және сабақты талдау бойынша кәсіби сұхбат жүргізілді.

Сонымен қатар, Талғар ауданы № 9 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Дүкенбаева «Оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалауға үйрету арқылы оқушылардың өз бетімен оқуға деген ішкі уәжін арттыруға бола ма?»   және Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп директоры М.Сакалова «Сабақты зерттеу» тақырыбында шебер сыныптарын өтті.

Семинар заман талабына, оқу-тәрбие процесіне сұранысқа ие тың тақырып болғандықтан қызу талданып, жоғары белсенділікпен өтті деп бағаланды. Ал біз, Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің ұжымы ұйымдастырушыларға және семинар қонақтарына алғысымызды білдіреміз. Зерттеу сабақтары нәтижесінде біз ұмытылмас тәжірибе жинадық, кәсіби тұрғыда өсіп, әр бір әрекетке сыни қарап, кез келген әріптеске сыншы дос болуды үйрендік. Оқушы үнін естіп, оның қажеттіліктерін ескерудің маңыздылығын білдік. Ең бастысы, үйрететін және үйренетін орта қалыптастыра алатын бауырмал әріптестік тобымызды таптық. Зерттеу сабақтарын жүргізе отырып, жинаған тәжірибемізбен қуана бөлістік

Автор:
Мансия Тукетаева қазақ тілі мен әдебиет і пәні мұғалімі Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің.