Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлтымның ұлы мұраты


3 мая 2019, 11:16 | 79 просмотров


 «Мәңгілік Қазақстан» - ұлы бабаларымыздың өркениетке, оның ақыл-ой қазынасына қосқан айрықша зияткерлік  үлесін және де әр қазақтың мүддесін, әрекетін, ұрпақтар сабақтастығы мен жалғастығын дәлелдейтін теңдесіз ұғым. Бұл тұжырым қазақ жерінен, Ұлы Дала елінен ешқашан табан аударған емес. Ол Қорқыттың ажалдан араша іздеуінен бастау алып, ақын Ж. Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген поэмасымен жалғасып, Темірхан Медетбектің «Тәуелсізбін» өлеңімен санамызға шегеленген. XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды», ХХ ғасырда Әлихан Бөкейханның: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» деуі бізге бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұландарына өз Отанын мәңгілік елге айналдыруына сара жол салып, салмақты жүк артып отыр. 2014 жылдың басында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау үстіндегі тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты ғасырлар құндылығымен сабақтасты. Біздің  әлемді тітіреткен Ұлы түркілердің қара шаңырағының мұрагері екенімізді ресми дәйектеді. Биыл осы ұлттық идеяның жанданғанына 5 жыл толып отыр. Осы бес жылда еліміз талай-талай асуларды бағындырды. Еуропанның ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына  ТМД мемлекеттерінің алғашқысы болып төрағалық жасады. Азия елінің барысы екенін әйгілеп Азияданы дүрілдетіп өткізді. «EXPO-2017»-нің жетістігін әлем әлі айтып тауыса аламайды. Жетістіктерімізді айтқанда, жүрегің жиі соғып, еліңе. Ұлтыңа деген мақтаныш кеудеңді кернейді.

«Мәңгі ел» – ата-бабамыздың ұлы серпіні.«Мәңгілік Ел» идеясы жариялаған «Қазақстан - 2050» Стратегиясында: «Экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол беруге болмайды. Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиіс», - деп жазылғаны бәріміздің есімізде. Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – «Мәңгі ел» тұжырымдамалық идеологемасының жаңа әлемдегі, жаңа тарихи дәуірдегі заңды жалғасы. Кім Отанының, ұрпағының, ісі мен есімінің мәңгілік болғанын қаламайды? Ондай мемлекетті төрткүл дүниені түгел араласаңда таппайсың. Еш пендеге мәңгілік өмір бұйырмаған. Қамшының сабындай қысқа өмірімізде біз терең ақыл ойымызбен, бесаспап қолымызбен мәңгілік құндылықтың іргесін нығайта аламыз. Қазақтың сенімді серігі – толағай зияткерлік ізденіс пен серпіліске сүйенген ұлттық идея.

Енді осы ұлы мұратты қалай өрістету керек? Біріншіден, Президент дәйектеген ұлттық идея болашаққа ұлы серпіліс болғандықтан, оған конституциялық мәртебе беру – уақыт талабы. Екіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл істен барша зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмауы тиіс. Үшіншіден, заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Бұл биылғы жастар жылында жалындап жүзеге асуы тиіс, ел тізгінін ұстайтын жастарымыз бұл идеяның аманатшысы. Олардың алдында бұл идеяны дамыту ғана емес, келер ұрпақта жеткізу міндеті тұр. Бүгінгі жастар бұл міндеті абыроймен ақтайтынына сенімдіміз. Осылардың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз. Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын ғылыми тануды қазақстандық кәсіпкерлер, бизнесмендер қолдауының маңызы зор. Олар ғалымдармен ынтымақтасуы арқылы мәселені тереңінен зерделеген еңбектердің дүниеге келуіне ықпалдасса  нұр үстіне нұр болар еді. Бесіншіден, болашағы жарқын ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этностар мен аймақтарда тамырын тереңге жайдыру керек. Қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін идеяны Қазақстан деп соққан әр азамат санасына сіңіруі қажет. Мұның сыртында «Мәңгілік Ел» идеясы дүниеге келгеннен кейін Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақ елі», «Ұлы дала Елі», «Нұрлы жол», «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам», «Ұлы даланың жеті қыры» тәрізді стратегиялық, этномемлекеттік ұғым-түсініктерді елдің ішкі-сыртқы саясатына, теориясы мен практикасына енгізді, Қазақ хандығының 550 жылдығын әлемге паш етті.  Менің пайымдауымша, ХХІ ғасыр ортасына қарай біз «ақылды» ортада өмір сүретін күнге жетеміз.  Мәселе «ақылды» ортаны түзуге, әсіресе ғылыми қамтымды экономиканы, жоғары өңделген өнімдер шығаруды қалыптастыруға, білім мен ғылымның тиімділігін арттыруға өздік төл олжа сала білуімізде, сол жолға шыңдап түсуімізде, сөз бен істің бірлігінде. «Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек!» Осылайша  Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің бірегейіне айналады. Сарыарқаның төріндегі жас астанамыз ұлттық тарихты, дәстүр мен тәжірибені әлемдік деңгейдегі жетістіктермен көмкеріп, оның іргесін қалаушы Елбасымыздың көздегені билік те емес, байлық та емес, атақ-даңқ та емес, тек халқының қамы, нұрлы болашақ екенін, ал болашақтың тірегі «Мәңгілік Ел» идеясы екенін толық дәлелдеді.


Сауле  Бейсенбинова,

 «№ 4 орта мектеп» КММ

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Талдықорған қаласы.

 

 

Автор:
Сауле Бейсенбинова,