Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Математика сабағында дидактикалық ойындарды қолданудың тиімділігі


3 мая 2019, 05:17 | 1 635 просмотров


Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті меңгеруіне ықпал етеді. Өйткені бастауыш сынып оқушылары жас ерекшеліктеріне байланысты ойынға өте ынталы келеді. Балалар тез сергіп, тапсырманы жылдам, дұрыс орындайтын болады.
Дидактикалық ойындар оқушыларды өз бетінше жұмыс істей білуге дағдыландырады, ойлау қабілеттерін, ізденімпаздығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.
Математика сабағында дидактикалық ойынды қолдану бастауыш сынып оқушыларының осы пәнге деген қызығушылығын арттырады, белсенділік танытып, бағдарламалық материалды қажетті деңгейде меңгеруіне ықпал етеді.
Дидактикалық ойындардың тиімділігі олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын бастауыш сынып мұғалімінің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын ала дайындап алуға, ойын үрдісіне оқушыларды белсенді қатыстыруға байланысты.
Төмендегі шарттар орындалған жағдайда дидактикалық ойындарды пайдалану тиімділігі артады:
а)егер бастауыш сынып мұғалімі балалардың ойын әрекетін ұйымдастыру жолдарын меңгерсе;
ә) егер ойынның түрлі типтерінің өзара әрекеті қамтамасыз етілсе;
б)егер бастауыш сыныптарда қолданылатын ойындар жүйесінде басымдылық дидактикалық ойындарға берілсе.
Бастауыш сыныптардағы сабақтарда дидактикалық ойындарды өткен материалды пысықтау, қайталау кезінде қолданған пайдалы. 
Халық ойындарын математика сабағында пайдалану оқушының алған білімін күнделікті өмірмен берік ұштастыра түсуге қолайлы мүмкіндік жасайды. Математика сабағында халық ойындарын қолданудың түрлі жолдары бар. Мысалы, ойын сабақтың басында, не ортасында, не соңында қолданылуы мүмкін, Ойынды сабақтың басында қолдану жаңа сабаққа немесе сұралатын үй тапсырмасына оқушыларды түгел қатыстыру мақсатын көздейді. Егер ойын сабақтың ортасында қолданылатын болса, онда мұғалімнің мақсаты-оқушылардың көңіл-күйлерін сергіту, шаршағанын ұмыттырып, ерік-жігерін дамыту.Ойын сабақтың соңында тақырыпты бекіту не сол сабақтан алған білімді жинақтау мақсатында пайдаланылады.
Ұлттық ойындарды өткен сабақтарды қайталау кезінде де қолдануға болады. Ол жағдайда ойын элементтері сабақты түрлендіріп, мазмұнын байыта түседі, оқушылардың бойындағы білуге деген талпыныс пен құштарлықты оятады, балалық қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі. Ұлттық ойынның бұл қасиеттерін халық ерте танып, өмірлік мәні зор ойындардың алуан түрлерін ойлап шығарған. Қазақ халқы халық ойындарына өте бай және оның түрлері де алуан салалы болып келеді. Солардың бірі логикалық ойлау мен математикалық сызбаларға негізделсе, енді бірі тез ойлап,жедел шешуді талап ететін ауызша есептер. Бұл ойындар күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қайта жүйелі, тиімді пайдалана білсе, оқушылардың ой-өрісін дамытып, дүниені танып, білу қабілеттерін кеңейте берері сөзсіз.
Мектепке келмей тұрып-ақ бала сандық ұғым туралы мағлұмат ала бастайды. Бірақ оны саналы түсінбейді. Осы қүбылысты сезген халық - балаларға сан ұғымы туралы мағлұмат берудің алуан жолдарын ойлап тауып, олардың ақылын ойын арқылы өте шеберлікпен жетілдіре білген. Сан ұғымын есептер арқылы, ауыз-екі әңгіме арқылы немесе нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы да жеткізген.

«Аз», «көп» деген ұғымдарды баланың зердесіне ұялату оңай нәрсе емес.
Ал,оны карапайым халық ойынының негізінде түсіндіре бастасақ, ол онша қиындық келтірмейді. Халық ойындары арқылы сандардың жиынтық ұғымын да оңай түсіндіруге болады. Осының бәрі қазақ халқының бір ғана ойынының бойынан табуға болады десек, артық емес.
Бірінші сыныпта математиканы оқып үйрене бастағанда (яғни алғашқы ондықты өткенде) оқушылардың түсінігін жеңілдету үшін санамақ ойынын ойнату орынды. Мұғалім пәнаралық байланыс мақсатында санаумен қатар тіл жаттықтыруға арналған "Қуыр-қуыр қуырмаш" ойынын естеріне салып, қайталатып отыруы жөн. Бірінші сыныпта алғашқы ондықты үйреткен кезде "Сен тұр, сен шық" ойынын ойнатуға тиімді. Бұл сандарды тез айтуға жаттықтырады. Бұл ойындардың тиімділігі қарапайымдылығы мен санның заттық ұғымға негізделген ерекшеліктерінде. Сондықтан да ол балалардың санасына тез жетіп, есінде ұзақ сақталады.
Бастауыш сынып математика сабағында алғашқы ондықты өткенде Мұзафар Әлімбаевтың "Балдәурен, шіркін балалық" кітабынан "Он саусақ", "Санамақ" өлеңдерін жаттатып, мазмұнын түсіндіру арқылы математика сабақтарында оқушылардың логикалық ой жүйелерін қалыптастыруға болады.
Бастауыш сынып оқушыларымен өтілетін математика сабақтарында ұлттық ойындарды үнемі пайдалана отырып, олардың ауызша есепке жаттығуына, логикалық ой жүйелерін жетілдіре түсуіне толық мүмкіншіліктер бар. «Неше емшек, неше өркеш», «Үш әділ», «Сөз мәнісін байқайық», «Үш аманат», «Төрт жиырма», «Неше қаз ұшып келді», «Мың қойда неше бақайшақ бар», т.б. ойындар.  Мұғалім жұмбақ ойынның мазмұнын қысқаша айтып, есепті шығартуға кіріседі. "Мектеп ауласында бір топ торғай отыр еді, басқа жақтан ұшып келген бір торғай оны жүз торғай деп ойлап қалады, сөйтсе, ол жүз емес екен, оларға тағы сондай, тағы оның жартысындай және сол жартының жартысы мен өзін қосқанда ғана жүз болады екен". Сонда мектептің ауласында отырған торғайдың нешеу болғаны  белгісіз болып шығады. Сол белгісіз торғайлардың санын табу керек. Балалар сыныптағы отырған орындарына байланысты топтарға бөлініп, қай топ бұрын шығарса, сол топ жеңіп шыққан болып есептеледі. Есеп ауызша шығарылады да қай бұрын шығарған топтың бір оқушысы оны тақтаға жазады.
36 + 36 = 72 90 + 9 = 99 
72 + 18 = 90 99 + I = 100.
Бұл балалардың ақыл-ойын дамытып, логикалық ойлау жүйелерін шыңдай түседі, сабаққа деген ынтасын арттырады. Ал, 5-6 сынып оқушылары үшін бұл есеп күрделендіріліп алынады. "Өзім де құр қалмадым" ойыны сабақ ортасында баланың сабаққа ынтасын арттыру, әрі тез ойлап табу қабілетін жетілдіру үшін, әрі сабақтың сапасын көтеру үшін қолданылады. Атасының үйіне немерелері келді. Атасы олардың алдына бір табақ алма қойды. Немерелері атасына алманы бөліп беруді өтінді. Алманы бір-бірден берсе, біреуі артылып қалады, екі-екіден берсе жетпейді. Сонда атасының үйіне келген немересі нешеу, атасының табаққа салып әкелген алмасы неше болғаны?
 Есепте санның өзгеріп өсуі де мүмкін, дегенмен оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіре түсу мүмкіндігі сөзсіз екені байқалады.
"Сөз мәнісін байқайық" деген ойын есепті алсақ, мысалы, "бір үйде әкесі баласымен және атасы немересімен отыр. Осы үйде неше адам отыр?" (Үш адам).
Ойынды математика сабағында қолдану мүмкіншілігі өте мол. Оны қолдану ретіне қарай түрлендіріп отыруға болады. Мысалы, "Математикалық жарыс", "Математикалық шытырман", "Математикалық жорықтар", "Математикалық пойыз", "Математикалық кедергілер", "Математикалық жылжымалы ойындар",  т.б.
Математикалық жарыс - екі команданың немесе сынып оқушыларының бір-бірімен өзара жарысы түрінде өтеді. Ол ойынға қатынасушылардан тапқырлықты, жылдамдықты талап етеді. «Математикалық тосқауыл», «Математикалық от» т.б. ойындардың бәрі де бір-бірімен іштей қабысып, математикалық ілімнің негіздерін оқушының санасына жеткізуде үлкен маңыз атқарады. Бұл ойындарды сабақтың барысында ретті пайдаланудың нәтижесінде оқушылардың осы пәнге деген ынтасы артып, ойлау жүйелері дамып, қалыптасады.

Ұлжан Бекебаева, бастауыш сынып мұғалімі, «Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебі және МЖИ» КММ, Жамбыл ауданы, Алматы облысы.

Автор:
Ұлжан Бекебаева, бастауыш сынып мұғалімі, «Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебі және МЖИ» КММ, Жамбыл ауданы, Алматы облысы.