Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА ЕМЛЕСІН ҮЙРЕТЕТІН ТРЕНЕРЛЕРГЕ КУӘЛІК ТАБЫСТАЛДЫ


19 июня 2019, 08:37 | 1 603 просмотра



ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанынан ашылған «ТІЛ-ҚҰРАЛ» оқыту орталығында  2019 жылдың 3 маусымында 72 сағаттық Қазақ тілінің жаңа емлесі негізіндегі білімдер жүйесін меңгертетін тренерлер курсы басталған болатын.

Он күн бойы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерлері профессор Ә.Жүнісбек, профессор Н.Уәли, профессор З.Базарбаева, профессор А.Алдаш, профессор Қ.Рысберген  филология ғылымдарының докторы Қ.Күдеринова, филология ғылымдарының докторы О.Жұбаева, филология ғылымдарының докторы Б.Сүйерқұл қазақ жазуының латын әліпбиіне өту шешімінің тарихи негіздемесі, жаңа қазақ әліпбиінің графикасы мен құрамы, қазіргі айтылым нормалары, жаңа әліпбиге негізделген емле ережесіндегі тараулар, параграфтар, ескертулер бойынша тілдік орфографиялық білім беру,

Қазіргі қазақ тілінің іскери және ғылыми стилінде қолданылатын бекітілген терминдердің жазылуы, IT құрылғыларын қолдану, компьютер тақтасында жазуға, теруге жаттықтыру, қазақ тіліндегі кісі тегінің емлесі,  қазақ тілінің ұлттық грамматикасы мен ұлттық сөз саптауындағы ерекшеліктер, т.б. мәселелер  бойынша дәрістер оқыды.                     

 Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек, Түркияның танымал профессоры Ахмет Бижан Ержыласұн, Назарбаев университетінің Қазақ тілі және түркология кафедрасының профессоры, белгілі түркітанушы Юлай Шамилоғлы емтихан сынағынан сүрінбей өткен курс тыңдаушылары – Бекеева Нұрайша, Нұрдәулетова Бибіайша, Ермекбаева Ләйла, Сыздықова Айжан, Тұрсынкелді Іңкәр, Султашева Алина, Қуанышқызы Іңкәрге тренер куәлігін салтанатты түрде табыстады.

«Тіл-құрал» оқыту орталығының  жаңа ұлттық әліпбидің емле ережелерін үйрететін тренерлер курсы жаз бойы жалғасады.  Қазіргі уақытта екінші курстың екінші легіне жазылу жүріп жатқанын мәлімдейміз. Толық ақпаратты  8707 530 32 54, 8727 272 69 61 телефондарынан біле аласыздар!

 ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА ЕМЛЕСІН ҮЙРЕТЕТІН ТРЕНЕРЛЕР КУРСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІН ШЫН ЖҮРЕКТЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Талғат РАМАЗАНОВ

 

ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Автор:
http://kazgazeta.kz