Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өмір және оның мәні


22 октября 2010, 10:31 | 4 051 просмотр



Менің ұстаздық еткеніме 19 жыл болды. Осы мерзім ішінде оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін өз білімімнің деңгейін жетілдіріп, ізденіспен жұмыс істеу керектігін үйрендім. Соның бірі өтілетін тақырыпты талдау тәсілі.

Оған қойылатын талап та үлкен. Осыған орай өзім ұстаздық еткелі бері өтілетін тақырыптың мазмұны мен мәнін жан-жақты ашып көрсетуге ерекше назар аударамын. Тақырыпты талдағанда әр оқушы оған белсене қатысатын болса, әңгіменің ұнағандығы. Ал, оларды қызықтыра білу – ұстаздың тақырып мазмұнын терең ашып, нақты дәлелдермен ұғындырып, түсіндіруіне тікелей қатысты.

Мен төменде «Адам. Қоғам. Құқық» тақырыбы бойынша 9-сынып оқушыларымен өткізген пән жоспарын ұсынбақшымын. Негізгі тақырыптың бір тармағы ретінде «Өмір және оның мәні» жайлы ашық пікір алысамыз.

Сабақтың мақсаты:

А) Білімділіктің біліктілігін байқау. Осы мақсатта оқушылардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыру және дамыту, ұйымшылдық пен тәртіптіліктің тиімді жолдарын үйрету нысанаға алынады. Сонымен бірге адам мен қоғам, құқық пәндерінен алған білімдерін қолдана отырып, өмір және оның мәнін ашып көрсету, олар туралы берік, әрі толық білім беру жағына көңіл бөлемін.

Ә) Тәрбие мәні. ҚР Конституциясы мен заңдарын білуге, құрметтеуге, орындауға, құқықтық сауаттылығын көтеру арқылы адамгершілікке тәрбиелеу көзделінеді.

Б) Ой дамытушылық арқылы оқушылардың құқықтық білімін дамыту, ойлау, сөйлеу қабілеттерін жетілдіру жағы қарастырылады.

Сабақтың түрі: ой толғауға негізделінеді. Мұндағы негізгі нысана жасөспірімдердің бойында бұғып жатқан бұла сезімді оятып, тақырып төңірегіндегі ой-толғанымын анықтауға бағытталады.

Әдіс-тәсілі ретінде : сұрақ-жауап, сын тұрғысынан ойлау, пікірталас жалғастырылады.

Пәнаралық байланыс: тарих, құқық негіздері, логика, география пәндері пайдаланылады.

Көрнекілігін арттыру үшін өмір ағашы салынған суретті плакат, ҚР Конституциясы, қанатты сөздер жазылып, қабырғаларға ілінеді.

Сабақтың барысында: ұйымдастыру кезеңі жүргізіліп, оқушылары түгенделіп, сабақтың мақсаты түсіндіріледі.

Өткен сабағымызды еске түсіру мақсатында:

а) Табиғатта болып жататын апаттарға нелер жатады?

ә) Оның адам өміріне қандай зиянды әрекеттері бар?

б) Одан сақтанудың жолдары қандай?

Жаңа сабақты меңгеру кезеңдері

а) Жаңа тақырыпты меңгеру барысында тақтаға ілінген «Өмір ағашынан бастаймыз. Бұл ретте сабақ барысында төмендегідей сұрақтар беріледі. »

(Берілген сұрақтарға әр оқушы «ӨМІР» деген сөзді қалай түсінетіндіктері жайлы жазып, дауыстап оқып береді де, ағашқа іледі.)

1. Өмір деген не? Өмір сүру үшін адамға не керек?

Өмір дегеніміз – адам баласының туған күнінен бастап, осы күнге дейінгі жүрген жолы. Өмір адамға бірақ рет беріледі. Бұдан кейінгі тақырыптың келесі бөлігінде өмірдің «Мәні» деген сөз тұр. Осы сөзді кім қалай түсінеді. Демек, оқушылар «Өмірдің мәні» деген ұғымға жауап іздестіріп, ой-пікірлерін ортаға салады.

2. Бақыт деген не? Өмірде бақытты болу дегеннің мәні неде?

3. Достық деген не? Дос өмірде не үшін қажет? Доссыз адамға өмір сүруге бола ма?

4. Ата-ананы құрметтеу дегенді қалай түсіндіресіңдер?

5. Өмір сүрудің еңбек етуге, денсаулыққа қандай маңызы бар?

Осы сұрақтар төңірегінде нақты жауаптар беріліп, оқушылар өз тұжырымдарын баяндайды. Білім алу, қалаған мамандықты таңдау, өзі ұнататын кәсібімен шұғылдану, тағы басқа құқықтар бүгінгі таңда ҚР Конституция-

сында бекітілген заңға сәйкес әр адам өмір сүріп жатқандығы тілге тиек етіледі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында білім туралы заңының 30-бабында белгіленуі, еңбек ету, мамандық таңдау, Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясының 23-бабында бекітілгендей, әр адам қандай да бір кемсітусіз, қалаған мамандығы бойынша тең еңбек ете алады делінсе, ҚР Конституциясының 15-бабының 1-тармағында әр адамның еркін өмір сүруге құқығы бар екендігі нақты жазылғаны жайлы айтылады.

6. Адам бойындағы жақсы мінез қылықтары мен қасиеттері жайында талай ақын жырлаған. Олар жас ұрпақтың жақсы білім алып, өмірлерін мәнді де, сәнді ету туралы өсиеттер де қалдырды. Ал, енді балалар сендер өмір туралы жақсы айттыңдар.

Ендеше, балалар, мен сендерге Қазақтың Ұлы ақыны Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып берейін.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге...

Адам болам десеңіз,

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ-

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой-

Бес асыл іс, көнсеңіз.........

Міне, балалар, ақын аталарың айтқан ақылдар мен талаптар сендердің әрқайсыңның бойыңнан табылса, онда сендер өмірді бекер сүріп жүрген жоқсыңдар деп оқушыларды демеп қоямын да: ... «Бүгінгі сабағымызда бір-бірімізге жылы ықылас сезімімізді білдірейік» деймін. Менің сөзім барлығыңа арналады!

Сабақты қорытындылау үшін барлығымыз шеңбер құрып тұрып, үлкен бақытты көрсетейікші, бәріміз құшақтасып тұрып, өмірде бақытты екенімізді бір сәт сезінейік дейміз. Мұғалім ортадағы балалардың бәріне: «Міне қандай бақыттымыз. Деніміз сау, аман есен жүргеніміздің өзі қандай бақыт!» дейді.

Үйге берілетін тапсырма тақырыбы: «Өмір және оның мәні туралы эссе жазу».

Автор:
Аспет САҒАТБЕКҚЫЗЫ, Тарих пәнінің мұғалімі Талдықорған қаласы