Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Петропавлда ҰБТ орташа көрсеткіші - 81 балл


3 июля 2019, 03:12 | 1 604 просмотра



ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл мектептерінің  1181 оқушысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, қала бойынша орташа көрсеткіш 81 ұпайды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Петропавлда ҰБТ М.Қозыбаев атындағы СҚМУ негізінде маусымның 24, 26 және 29 күндері өтті. 24-і мен 26-сы биылғы мектеп түлектері тапсырса, маусымның 29-ы күні кәсіптік-техникалық оқу орындарының түлектері және былтырғы мектеп түлектері өз білімін сынауға мүмкіндік алды. Жалпы, шаһар бойынша тестілеуге қатысуға 1306 адам өтініш білдірсе, оның 1181 ғана қатысқан. 125 түлек себепсіз

ҰБТ-ға келмеген. «СҚО бойынша ең жоғары шекті балл - 134. Бұл республика бойынша да ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Ең төменгі көрсеткіш - 21 балл. Бұл жерде біз шығармашылық емтихан тапсыратын студенттерді есептемесек болады.

Олар екі пәннен ғана тест тапсырады, максималды балл - 40 ұпай», - дейді  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Алмас Кенжеғалин. Петропавлда ҰБТ кезінде заң бұзу фактілері орын алған жоқ.

Тестілеудің алдында 381 бала өз еркімен ұялы телефонын тапсырған. Жалпы, мыңнан астам бала шекті ұпайды жинады. Енді олар 13-20 шілде аралығында білім грантына ілігу үшін құжат тапсыра алады. Биыл мемлекет тарапынан 50 мың грант бөлініп отыр. «Өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсырушылардың жинаған балы 5-6 ұпайға жоғары болып отыр.

Биыл тестілеу жаңа форматта жүргізілді, яғни, бұған дейін түлектер өз еркімен екі рет ҰБТ тапсыра алды. Бұл оң нәтижесін беріп жатыр. Балалар өздерін алдын ала сынап, жаттығуға мүмкіндік алған болатын», - дейді Алмас Кенжеғалин.

Қабылдау комиссиясының мәліметінше, 63 мектеп түлегі шекті ұпай - 50-ді жинай алмады. Енді олар және белгілі себептерге байланысты емтиханға қатыса алмаған оқушылар жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ның соңғы 4-кезеңі - 17-20 тамыз аралығында өтетін тестілеуге қатысып, бақ сынай алады.