Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Көп балалы аналарға көмек көрсетуде кедергілер болмауы тиіс


17 июля 2019, 03:51 | 1 374 просмотра



Бірнеше ай бұрын Өскеменде өткен Nur Otan партиясы облыстық филиалының ХХІІ конференциясында аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдегі көп балалы және аз қамтылған балалардың ата-аналары балабақшадағы тамақтану төлемінен босатылатынын, осы санаттағы отбасылардың балалары университетке және колледжге түскенде жеңілдік жасалатынын, мектеп жасындағы балаларына форма сатып алуға мемлекет жәрдем көрсететінін айтқан еді. Бес ай ішінде қандай жұмыстар атқарылды? Нендей кемшіліктер бар?

Бұл мәселелер жақында, Өскеменде өткен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөн­ін­дегі қоғамдық комиссияның кезекті оты­рысында жан-жақты талқыланды. Ора­йы келгенде айта кетейік, облыс әкімі Да­ниал Ахметовтің өзі жетекшілік ететін комис­сия құрамына көп балалы аналар, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдері енген. 
Оқушылар формасыз қала жаздады

Қыр астында – қыркүйек. Мектептерде сабақ басталады. Көп балалы және аз қам­тылған отбасылардың балалары бұған дайын ба? Комиссия отырысында баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бай­жанованың сөзінен түйгеніміз, алдағы жаңа оқу жылында аймақтағы барлық көп балалы және тұрмысы төмен отбасының балаларына (жалпы саны – 33 583, оның 23 мыңы көп балалы, 10 мыңы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың оқушылары) мектеп формасы мемлекет есебінен сатып әперілмек. Осы мақсатқа облыс, қала және аудан бюджеттерінен 626 млн теңге қаржы бөлініп, Шығыс Қазақстандағы мектеп формаларын тігетін 5 тауар өндіруші («Ақтұмар», «УК Юнис», «Семспецснаб», «Ақмаңдай», «Instar») анықталды. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қазір өңірдегі 580 мектептің 260-сы форма сатып алу жөнінде келісімшарт жасас­ты, 299 мектеп келісімшарт рәсімін жақында аяқтауға уәде берді. Абай, Аягөз, Бородулиха, Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандары бұл жұмысты 100 пайызға жеткізді. Ал Бесқарағай ауданындағы 21 мектеп жергілікті тауар өндірушілермен әлі күнге дейін келі­сімшарт жасаспаған. «Бұл мәселені ақпан айында айтқанбыз. Екі айдан кейін сабақ басталады. Ал сіздер әлі жүрсіздер! Қаражат бар, тауар өндірушілер белгілі. Неге іске кіріспейсіздер? Бір апта уақыт беремін. Мәселе шешілмесе, комиссия отырысында қараймыз» деді Д.Ахметов.

Айтпақшы, осы жиында Бесқарағай ауданы әкімдігінің көп балалы отбасыларды баспанамен қамту жөніндегі аудандық комиссия жұмысына салғырт қарағандығы да белгілі болды. Бір қызы­ғы, Бесқарағай ауданы әкімдігі жиын­ға комиссия құрамына енген көп балалы аналардың бірде-бірін шақырмапты. «Комиссия мүшесі Татьяна Власова бар ма?» деген облыс әкімінің сұрағына: «Оның баласы ауырып қалып, келе алмады» десе, «Любовь Ивановна қайда?» деген сауалын жауапсыз қалдырды. «Мен аудан әкімдеріне «Ең кем дегенде үш көп балалы ана комиссияға кірсін» деп тапсырма бергенмін. Бірде-біреуі жоқ» деп ашуға булыққан Д.Ахметов еңбек демалысында жүрген Бесқарағай әкімін шұғыл жұмысқа шақырып, осы мәселемен шұғылдануды және Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановқа партиялық комиссия құрып, аудандағы көп балалы аналармен кездесуді тапсырды.

Үнемдеген қаржыға үй ала ма?

Осы жиында облыстағы баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларды үймен қам­тамасыз ету үшін әр ауданда арнайы ко­мис­сия құрылып жұмыс істегені, ал­да­ғы уақытта 230 көп балалы отбасы қо­ныс тойын тойлайтыны туралы жа­ғым­ды жаңалық айтылды. Демек, 230 анаға пәтер тегін берілмек. Бұл мақсатта об­лыс­тық «Парыз» қорынан тиісті қаржы бөлі­ніпті. Журналистердің қатысуымен ашық форматта, жария өткен комиссия оты­ры­сында Д.Ахметов қарамағындағы аудан әкім­деріне толық сенбеді ме, әлде мәсе­ленің анық-қанығына көзін жеткізейін деді ме, өңірдің барлық аудандарын­да­­ғы көп балалы аналармен жеке-жеке сөйлесті. 

Д.Ахметовке бейне режімде жеке-жеке есеп берген аудан әкімдерінің бірі ақ­шаны үнемдеп, 3 үйдің орнына 4 үй сатып алғандығын, екіншісі көп балалы аналардың барлығынан қолхат жаздырып алғандықтарын, үшіншісі берілген қаражатты шашауын шығармай жеткізуге тырысқанын айтты. «5 миллион теңге үнемдедік. Бұл қаржыға екі үй алуға болады» деді Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов. Алтай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов қордан бөлінген 11 миллионның 9 миллионына, Күршім әкімі Дулат Қажанов 5 үй алуға бөлінген 15 500 миллион теңгенің 8 миллионына баспана алынғанын жеткізді. Ал Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов 7 үйдің ор­нына 11 үй сатып алынғанын, Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 23 көп балалы отбасы үйлерді өздері таң­да­ғанын, қордан бөлінген 73 миллион тең­ге­ден 12 миллион теңге үнемделгенін тілге тиек етті. Осы ретте «аудан әкім­дері үнем­деген қаржыға көп балалы отбасы­лар­ға тағы да үйлер алына ма?» деген сұ­рақ туындауы мүмкін. Мұны уақыт көрсете жатар.  

Шорманов пен Шацкий 

Әуелгісі – облыстық кәсіпкерлік бас­қармасының басшысы, екіншісі  – об­лыстық кәсіпкерлер палатасының директоры. Соңғы уақытта облыс әкімі Д.Ахметов екеуіне әкімдікте өтетін жиын­дарда қатты шүйлігіп жүр. Шүйлігетін жөні де бар секілді. Бір ай бұрын ғана аймақ басшысы көп балалы отбасыларға қатысты жиында екі мекеме басшысын сын садағына алып: «облыстық кәсіп­керлер палатасы мен облыстық кәсіп­керлік басқармасы жұмысты өзге­лерге жүктегенді жақсы көреді. Маған кәсіп­орындардың тізімі емес, олардың ұсын­ған бағдарламалары қажет. Біз өңірдегі кәсіпорындарға мектеп формасын тігу үшін 625 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын бергелі отырмыз. Олар мемлекеттік тапсырыс алғысы келсе, со­ған сай өздерінің өндірістік қуатын арт­тырып, қорларын жаңартуы тиіс. Олар бізге өздерінің инвестициялық жо­ба­сын әзірлеп, ұсынсын. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жүргізілген жоқ. Осылай жалғаса беретін болса, мектеп формасын Қытай мен Түркиядан тасы­мал­даудан құтылмаймыз» деген еді. Бұл жолғы қоғамдық комиссия отыры­сында облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриялық-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Ержан Шор­манов пен облыстық кәсіпкерлер пала­тасының директоры Игорь Шацкий тағы да сөз естіді. Көп балалы аналарға не­сие беріп, олардың өз кәсібін жүргізуі үшін түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүр­гізбегені үшін. Е.Шормановтың айтуын­ша, қазір «Еңбек» бағдарламасы бо­йынша Өскеменде екі жоба қаралып жатыр екен. Көп балалы ананың бірі дү­кен ашуды көздесе, екіншісі шаштараз қызметін жандандырмақ. Одан бөлек «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдар­ла­ма­сы­мен грант қаражатына үмітті бес жоба дайын тұр. Мұның сыртында өңірлік «Ақниет» бағдарламасы бойынша Кур­чатов қаласында бір жоба қолға алыныпты.

Облыс әкімі бұл жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізіп: «Өзінің кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткісі келетін көп балалы отбасылар аз емес. Мұны мен жұмыс бабымен аудан, қалаларға бар­ғанда, жұртпен кездескенде көріп жүрмін. Бүгінге дейін облыстағы 26 мыңнан астам көп балалы отбасының қанша пайызы несие алып, кәсібін бастады? Сіз айтқандай бірен-саран ғана. Неге? Өйткені олар көмекті қалай алатынын, жеңілдетілген несиеге қалай қол жеткізетінін білмейді. Олардың сіздерге келетін уақыты жоқ. Олар бала-шағасымен, үй шаруасымен шұғылданады. Қажетті ақпарат жетпей жатыр. Түсіндіру жұмыстары нашар. Сіздер көп балалы аналармен кездес­кен жоқсыздар. Үш ай уақыт беремін, жұмысты ширатпасаңыздар тиісті шара қол­данамыз» деді.

«Фейсбукқа, өзіме жазыңыздар»

Жиында көп балалы және жағдайы төмен отбасы мүшелерінің колледж бен университетке жеңілдікпен оқуға түсу жайы да қаралды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, биыл өңірде 15 мыңнан астам түлек 9-сыныпты бітірсе, соның 969-ы көп балалы отбасыдан шыққан екен. 15 мыңның 5 289-ы (оның 642-сі көп балалы отбасылардың балалары) колледжге құжаттарын тапсыруға ниеттеніп отырған көрінеді. Ал аймақта 11-сыныпты 8490 түлек аяқтаса, соның 479-ы көп балалы отбасылардың балалары. Аз қамтылған отбасылардың 9 және 11-сыныпты бітіргендерінің саны – 2862.

«Құжат тапсыру уақыты басталған 20 маусымнан бүгінге дейін колледжде оқуға көп балалы отбасыдан шық­қан 285 баладан өтініш келіп түсті. Қазір­гі күні аталған санатқа жататын 630 түлекпен кәсіптік бағдарлау жұмыс­тары жүр­гізілуде» деген басқарма басшысының орын­бас­ары колледждерге құжат тапсыру мерзімі тамыздың 20-сы күні аяқтала­тынын жеткізді. Облыс әкімі аудандағы комиссия мүшелеріне осы мәселеге мұқият қарауды, ешбір бала жеңілдіктен тыс қалмауын қадағалауды тапсырды. 

Қоғамдық комиссия отырысында бала­бақша төлемінен босатылған көп бала­лы отбасылар туралы да сөз болды. Об­лыстық жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламаларды үйлестіру басқар­масының басшысы Ерболат Ошақбаев биылғы мамыр айынан бастап өңірдегі көп балалы отбасылардың балалары мен ерекше білім беруді қажет ететін балалар (олардың саны – 3518) балабақшаға тегін барып жүргенін, бұл мақсатқа бюджеттен 200,2 млн теңге қаржы бөлінгенін айтты.

Басқарма басшысының сөзінен ұққанымыз, әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар әлеуметтік қорғау органына мына құжаттарды тапсыруы тиіс: жеке куәлігі, тұрақты тұрып жатқан жерін растайтын анықтама, отбасы құрамы туралы мәлімет, отбасы мүшелерінің табысы туралы мәлімет. Бұл құжаттар «Е халық», «Е-Собес» сияқты ақпараттық жүйелер арқылы өтініш берушінің тікелей қатысуынсыз-ақ алынады. Бар болғаны төрт құжат. «Қазір цифрландыру дәуірі. Бұл төрт құжатты ата-аналар емес, әкімдік жинауы керек. Мемле­кеттің құндылығы саналатын аналарымыз құжатқа бас қатырмауы керек. Егер қандай да бір мәселе болса, өзіме айтыңыздар, фейсбугыма, инстаграмға жазыңыздар» деп түйіндеді Д.Ахметов.
Автор:
https://egemen.kz