Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Абайды тану – қазақты танумен бірдей


25 июля 2019, 04:21 | 822 просмотра


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Хакім атамыз, ұлы ойшыл, реформатор Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты іс-шараларға дайындық биылдан басталып кетті. Абай – қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Абай-қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай-әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға»,-деген болатын

. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға қатысты: «Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат - дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу», - деп Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті іс-шаралар әзірлеуді тапсырған еді. Абайтану саласында бүгінгі таңда да атқарылып отырған жұмыстар аз емес.

Ел руханияты үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Осы орайда кейінгі бірнеше жылдан бері «Абай үйі» орталығын ашу туралы мәселені көтеріп жүрген абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының осыған дейін атқарған игілікті істері мен алдағы мақсаттарын қағазға түсірген едік. Абайтану орталығын ашу заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың арманы еді. Алматыдағы ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында 1942-43 оқу жылдарында М.Әуезовтың ұйымдастыруымен Абайдың әдеби мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеу басталған болатын. Соның нәтижесінде Абайдың шығармашылық байланысы, жаңа қазақ әдебиетінің көшбасшылық қалыптасу жолы, батыс және шығыс әдебиетінің әлеуметтік ағартушылық патриоттық идеялары ешқашан үзілген емес. Бір қызығы Абайға арналған орталықтардың тағдыры төрт жылдан кейін тоқырауға ұшырап жатады. Сол 1942 жылы ашылған зерттеу орталығы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің қаулысынан кейін жабылды. Одан 1987-1998 жылары Абайтану өрісі қайта бастау алып, Мекемтас Мырзахметов, Шериаздан Елеукенов сынды ғалымдардың ықпалымен қайта ашылды. Абайтану және қазақ әдебиеті тарихы бөлімі өнімді еңбек ете бастаған шақта, ұжымның жұмыстары қарқын алғаны сол еді, тағы да қаржы мәселесіне байланысты төрт жылдың шамасында жабылып тынды. Ал, Астанада ашылған «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы енді тыныс алып, төрт аяғын тең басады –ау деген шақты тағы да осы жағдай қайталанып, қаражат мәселесіне байланысты төрт жыл ғана жұмыс атқарды. Содан бері бес жылға жуық уақыт өтті. Табанымнан тозып ашпаған есігім қалмады.

Бір түсінгенім – Абайды тануға арналған жобаның қай-қайсысы болмасын жекелеген мекемелердің меншігінде емес, мемлекеттің қанатының астында болу керектігін айқын аңғартты. Иә, Қазақстан-Ресей университетінің ішінен ірге қалаған орталықтың әжептәуір мұрағаттарға толы залдарын көрдік қой. Қазақтың бас шаһарында Абайға арналған бір орталықтың болғаны дұрыс-ақ деп қуанып жүр едік. Онда бірталай елеулі жұмыстар атқарғаныңыз әлі елдің есінде. Қаншама экспонаттар мен кітаптарды қайдан жинадыңыз? Кәзір ол заттар қайда тұр? Абай - телегей теңіз. Ол ешкімнің де құшағына симайды. Абайды тану – қазақ халқын танумен бірдей. Өйткені қазақ қауымын дәл Абайдай танып, Абайдай түсіндірген ешкім болған жоқ. Елордаға келіп өз қалауыммен Абайға орталық ашқаным да сол. Көп заттарды өзім Семейден, білетін қолөнершілерден тасыдым. Орталық ашылғанын естіген Абайға жанашыр, ұлттың ертеңін ойлаған әр өңірдегі азаматтар қолдарындағы барымен бөлісті. Экспонаттарын ұсынды, кітаптарын тарту етті. Аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлермен, құнды фотодеректермен, деректі бейнежазбалармен толығып, қос бөлме мұражайға айналып шыға келді. Осы жұмыстың басы-қасында шынайы қамқорлық жасаған Қарағандыдағы академик-ғалым Зейнолла Молдахметовтың нағыз зиялы екенін арнайы жазғанмын. Оқу орнының бас иесі Зейнолла Молдахметұлы өзі басқарып отырған техникалық-инновациялық оқу орны екеніне қарамастан Абайды қанатына алғанының өзі керемет емес пе?! Шынайы ниеті түзу адам кез келген істің ретін табады екен. Менің кім екенімді көрмей, білмей жатып сенім артқаны маған одан әрі күш берді.

«Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді» деген мақал дәл келді. Сол қарқынмен өзге де әріптестермен ынтымақтаса жұмыс атқарып, іргелі нәтижелерге де жеттік. Соның ішінде «Абай нұры» жас дарындардың клубы құрылды, әлі күнге дейін шәкірттеріммен тығыз байланыстамын. Әсіресе, осы күнге дейін үлкен сұранысқа ие болып отырған «Ұлылар мекеніне саяхат» бағдарламасы, төрт жылдың ішінде 200-ге тарта зиялы қауымды керемет тарихи құндылықтарға қанықтырған жоба болды. Қамап ұстаған тұлпар бәйге алмайды, тұсауланған таланттан тың дүние тумайды. Еркін ұшқан құс биікке самғайды. Зейнолла Молдахметовтың жасандылықтан биік шын зиялылығы «Абайтану» орталығын сол еркіндікпен Республика деңгейіне дейін көтерді. Жазған қағаздарымды жауапсыз қайтармай, қаржы мәселесі бойынша тығырыққа тіремей, оқу орынына қатысының бар-жоғына қарамай, апта сайын Астана мектептерінің ұстаздарымен Абай тақырыбында ашық сабақтар, түрлі тақырыптағы кездесу кештер мен байқаулар, курстық сабақтар еш кедергісіз жүргізілді. Ал, енді «Абайтану» орталығына жаяулап жинаған мүліктерге келсек, ол Зейнолла Молдахметұлының мекемесінде әлі сақтаулы тұр. Осы мекемені басқарып отырған Марат Зейноллаұлы әкеден көрген тектілікті жалғаған, зиялы азамат әлі күнге дейін әлдекімдер сияқты «кабинет керек» деп сылтау айтқан жоқ.

Жарты әлемге жар салып мақтанбай-ақ, қарапайым ғана қалпымен ұлт руханиятын сақтап келеді. Нағыз ердің белгісі бір-ақ рет айтқаны, серттің беріктігі, уәдені құдай сөзі деп танитындығы ғой. Қазақтың тақиясына симай, кең байтақ даласынан, Астананың даңғарадай зәулім мекемелерінен бір бұрыш бұйырмай тұрғанда Абайға осынша құрмет көрсеткен нағыз зиялы адамды ақын рухы қолдасын. Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңына атқарылар істердің көп болатыны белгілі. Соның бірі көптен күтіп жүрген қуанышты жаңалық Елорда төрінен Абайдың бір үйінің жеке ашылуы. Сәті түсіп ашылған жағдайда қандай бағытта жұмыс жүргізеді деп ойлайсыз? Жалпы Семейдегі мемлекеттік Абай мұражайынан кейін Абайға арналып жеке орталық ашылады десе кейбіреулер «Семейде музейі бар, қайта-қайта ашудың қаншалықты қажеті бар» деген пікір айтады. Мұражай мен ғылыми-зерттеу орталығын шатастырмау керек. Екеуі екі бағытта ауқымды жұмыс атқарады. Адам өмірі – еңбегімен өлшенеді десек, мұражайдың негізін жылдар бойы жинақталып сақталған жәдігерлер қалайды. Дана данышпандарын, қоғам қайраткерлерін мәңгі есте сақтау үшін, олардан қалған ұлағат – мұраны көздің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қасиетті орын мұражай. Ал, орталықтың жұмысы – Абай шығармашлығын тереңдей тану мақсатында «Абай әлемі» екі бағытта – мәдени ағарту және ғылыми зерттеу шеңберінде Абайтануды мектеп бағдарламасында қалыптастыру, ішкі-сыртқы шығармашылық ғылыми-зерттеу жұмыстары, түрлі шет тілдердегі аудармалар, текстологиялық толықтырулар, деректі-көркем фильмдер түсіру, негізінде қызмет атқарады.

Жас ұрпақты ұлттық мәдени-рухатиятқа тәрбиелеу, қоршаған орта, алыс-жақын шет елдердің әрекеттесуі сынды бағытқа негізделген еуропралық инновациялық даму модельіне сәйкес түрлі тақырыптық зерттеулер, әдістемелік құралдар, ғылыми-танымдық ашық сабақтар, әдеби-кездесу кештер, түрлі тарихи деректі фильмдер, тақырыптық экскурсиялар мен туризмдік саяхаттар, Абай тақырыбына сай түрлі қалалық байқаулар ұйымдастыру арқылы әлемдік деңгейге көтеру - басты мақсаты болады. Абай ешқашан көптік етпейді. Біздің түсінбей жүргеніміз де осы. Өзгені жарылқауға келгенде өте шебер халықпыз. Мәселен, Қазақстанда Конфуцийдің бес институты бар екен. Соның бірі бас қаладағы Евразия ұлттық университетінде ашылды. Жеке кітапханасы мен киноклубы жұмыс істейді. Қытай ғұламасы біздің насихаттауымызға зәру болмаса да осы институттың қаражатын өздері көтеріп отыр екен. Ал, біз жылдар бойы жыр қылып жүрген орталықтың ашылуы үшін мерейлі шақты күтуге тура келді. Абайтану ғылымы ақынның өз дәуірінен басталып бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Абай шығармашылығындағы көптеген жаңашылдыққа қол жеткіздік.

Абайтану саласында жетістіктер мен кемшіліктер бар ма? Абайды халықтың Абайы етпей, тек, ғалымдар арасында зерттеліп келе жатқандығы қарапайым халықтың ұғымына сыйдыра алмай жүргеніміз өкінішті. 2012 жылы мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізілген Абайтану пәні бұл күнде тұрақты оқу құралының жоқтығынан аптасына бір рет қана өтетін факультативтік сабақ ретінде ғана жүргізіліп келеді. Мектеп бағдарламасына сәйкес құрылған Абайтану бағдарламасы ақынның өсу жолы мен шығармаларын әр тақырыпқа бөліп, жүйелеп оқытуды талап етеді. Мұндай бағдарлама бізде жоқ болған соң, оны өзім авторлық бағдарлама ретінде жасадым. Бағдарлама Абайтану ғылымының үш кезеңін қамтиды. Сонымен бірге 32 сағаттан тұратын Абайтану курсын жүрігіп, әр мектептен бір Абайтанушы ұстаз оқытуымыз керек. Ұстаздаң барлығы Абайды оқып, зерттеп жүрген жоқ. Маңдайымызға біткен Абайдай бағымызды өз биігінен түсірмей, сауатты ұстаздан сауатты ұрпақ тәрбиелеу бәріміздің басты мақсатымыз болуы тиіс. Мектеп жасындағы балаларға бала Абайды оқыта алмай отырып, ақын Абайға жете алмаймыз, ақын Абайды аша алмасақ, Хакім Абайды мүлде тани алмаймыз.

Біздің басты кемшілігіміз Абайды жүйелеп оқыта алмай келеміз. Абай өлеңдерін құр жаттаумен болашақ Абайтанушылардың қатарын көбейте алмаймыз. Тағы бір өзекті мәселе – М.Әуезовтың көзін көрген жалғыз тұяқ Мекемтас Мырзахметовтың тәлімін алып, ертеңгі ұрпаққа жалғастыру үшін де жеке орталықтың болуы заңдылық. Абай екінің бірінің аузында жүрген соң көңіліміз тоқ болып жүргені болмаса, Астанадағы 90- нан астам мектептің біреуіне де әлі күнге дейін есімін беруді қимай отырмыз. Абай шығармашылығын зерттеу, жинақтарын жыл сайын шығару, Абай оқуларын өткізу сынды іс-шараларды әр мекемеге меншіктеп қою арқылы біз Абайтанудың түбегейлі негізін қалай алмаймыз. Атүсті мерзімдік науқан деп қараған істен тұрақты Абайтанушы қалыптастыра алмаймыз. Сондықтан да Абайтанушылардың қатары өте сирек. Осы олқылықтардың бәрі түзелсе деймін.



Автор:
https://www.inform.kz