Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазақ театры... Кешегісі, бүгіні, ертеңі


30 июля 2019, 10:33 | 900 просмотров



Қазақ театры бүгінгі таңда батыл рефор­малық өзгерістерді қажет етеді. Ре­форма ең алдымен салалық министр­ліктен басталуы керек. Мәсе­лен, қазір бізде мемлекеттің есе­бі­нен қаржыландырылатын 54 театр бар десек, соның 9-на ғана Мәдениет министрлігі иелік етеді. Қал­ған театрлардың барлығы өзді-өзімен кейбір жергілікті әкімдіктердің аса ықы­лассыз қарауында күн кешуде. Бұлай бөліну республиканың біртұтас театр картасын қалыптастыруға, мә­де­­ни-рухани өміріміздің кеңістігін бөл­шектеп үлкен зардабын тигізуде.

Қа­зір театрлардың қаржылық, әсіресе шы­ғармашылық мәселелерін бір ор­та­лық­тан реттеп отыру қажеттігі туын­дап отыр. Сондықтан облыс­тар­дағы театрлардың барлығын да Мәдениет министрлігінің құзырына көшірген дұрыс. Облыс әкімдігінің осынау өнер ұжымдарына жасап отырған қар­жы­лық, әлеуметтік қолға­быс­тарын да сол күйі қалдырған абзал. Сонда шал­ғайдағы театрлар екі жақтың да қарауын­да болып, ол жаққа барған режис­серлер, басқа мамандар да шетте елеусіз қаламыз деген үрейден ада болып, орталықтардағы театрлар­дан еш кем еместігінен өрелі өнер жасау­ға бейілі арта түскен болар еді. Республика театрларының бар­лы­­ғын жеке-жеке бөлшектемей, кә­сіби тұрғыда өз мәселесін өзі ше­ше­­тіндей етіп ортақ министрлікке бірік­тіру қажет. Ол үшін Мәдениет министр­лі­гі жанынан бөлек департамент я болмаса «Қазақстан теа­трлары» деген сияқты агенттік құру кезек күт­тір­мей­тін мәселе.

Кадр мәселесі күйіп тұр

Жас мамандардың әлеу­мет­тік тұрғыдан қамтамасыз етілуі жолдарын түбегейлі шешіп барып қана театрлардың толықтай мамандарға де­ген сұранысын өтеуге болады. Теа­тр мен жоғары оқу орындарының ара­сын жалғайтын дип­ломды маманды қажетті театрларға, алыс жатқан облыс­тарға теңдей бөлу, қажетті әл­еу­­меттік кепілдіктермен қамту жолын қайта қалпына келтіру керек. Театрларға қажет мамандарды даярлайтын республикадағы үш арнайы жоғары оқу орнының (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сы, Құрманғазы атын­да­ғы Қазақ ұлттық консерватория­сы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті) мамандар даярлаудағы жұмысына жаңаша бағыт-бағдар берілуі қажет. Жыл сайын жоғары оқу орындары талапкерлер қабылдау барысында басым бағыт ретінде республика облыстарымен келісімшарт жасасып, ондағы театрлардың сұранысына қажетті мамандарды әзірлеуді басты назарда ұстауы керек. Әр сала бойынша санаулы мамандар бітіріп шығатын өнер оқу ордаларының кадрларын бірізділікпен мақсатты түрде арнайы дайындап, облыстарға, қажет еткен ұжымдарға жіберудің кеңестік кездегі тәжірибесін қалпына келтіру керек деп ойлаймыз. Жас­тар­ды Үкімет өз қаражатына оқы­та­тын­дықтан, оларды жұмыспен және үй-жаймен қамтамасыз ету, сол арқы­лы орталықтан алшақ жатқан аймақ­тар­ды өнер саласындағы қажетті маман­дармен қамтуды да назарынан тыс қал­дырмау – бірден-бір дұрыс жол. Шы­ғармашыл мамандарға деген сұ­ра­ныс­ты қанағаттандыру мақсатында негізгі салалар бойынша сараптама жасап, алыс-жақын шетелге режиссура, театр менеджменті, дирижерлер, суретшілер, театр ғылымы, т.б. мамандықтар бойынша оқыту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, шеберлік сыныптары мен семинарларға қатыстыруды тұрақты жүзеге асырып отыру керек. Өкінішке қарай, жас кадрларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесі Мәдениет министрлігінде де, облыстық әкім­дік­тер­де де қарастырылмаған.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі театрға қатысты мәсе­ле­лер­ді Қазақстан Театр қайрат­кер­лері одағымен кеңесе шешсе, ортақ іске орасан пайда келіп, билікке ортақ болуға ешкімнің де, әсіресе одақ­тың таласы болмас еді. Бұл одақ – мем­лекеттік емес ұйым, яғни кәсіби одақ болғандықтан, өнерпаздарға – олардың жұмыс тәжірибесін жинақ­тауы­на, фестивальдер, семинарлар өткізуде, талантты жастардың білік­ті­ліктерін жетілдіруге қабырғалы кеңес бере алатыны шүбәсіз. 

Ащы да болса, ақиқатын айту керек, Қазақстан театрларындағы (облыс­тық, тіпті, кейде орталық) ак­тер ойынының интеллектуалдық өресі төмен. Әлі күнге сөз жаттауды өнер санайтын әріптестеріміздің көп екені жерге қаратады. Сондықтан кейінге қалдыра бермей, осы мәселені шешу мақсатында Ресей Театр қайрат­керлері одағының және т.б. ТМД елдеріндегідей заман талабына сай, өнер қайраткерлерінің шығар­ма­шы­лық өрелерін көтеру мақсатында жаздық (кезеңдік) тәжірибелік оқулар ұйымдастырып тұру қажеттігі күннен-күнге артып келеді. Оны Қазақстан Театр қайраткерлері одағының күші­мен, Көкшетау төңірегіндегі көбіне нақты иесіз жатқан демалыс үйлерінің бірін одақтың басқаруына беріп, іске асыруға әбден болады. Сонда алыс-жақын шетелдерден мамандар шақырып өз актерлеріміз бен режис­сер­леріміздің интеллектуалдық һәм шығар­машылық өресін көтеру ісі оң жолға қойылар еді.

 Театрлардың репертуарлық саясаты

Біздегі қалыптасқан жүйе – тұрақ­ты жұмыс істейтін, міндетті түр­де мемлекет тарапынан толықтай қаржы­ландырылатын репертуарлық театр­лар жүйесі. Театрлардың бүгін­гі ұстанар репертуарлық саясаты – Қазақстан тәуелсіздігін баянды ету, тарихымызды таразылау, елі­міз экономикасы мен мәдениеті дамы­ған елу елдің қатарына ену үшін кезін­де Елбасымыз ту етіп көтерген басым бағыттарын, әлеуметтік сала­дағы, саяси ортадағы, рухани өмі­рін­дегі ұстанымдарына, ұлттық құн­ды­лықтарына қызмет ету. Бұл жерде театрларымыздың құрамының көп ұлтты болуы, яғни алты тілде сөй­леуін қайталанбас құбылыс екенін есте ұстаған абзал. Алайда қар­жы­сын алып, нанын жеп, суын ішкен, өзге тілді театрлардың репертуар таң­дауға, қоғам өміріне белсене ара­ла­суға, қазақстандық патриотизмді насихаттауға келгенде енжарлық танытуы, әлі күнге дейін тарихи отаны көрші елдерге қарайлаушылық бар екенін жасырмаған ләзім. Олар кейде Республика өміріндегі театр, мәдени, саяси-әлеуметтік мәселелерге еш араласпай шет қалып жатады. Және осы театрлардың ұлттық тақырыпты игеруге, қазақ авторларымен бірлесе жұмыс жасауға ынтасы жоқтығы алаңдатады.

Музыкалық-драма театрларымен қоса, республикада балаларға арналған театрлар жоқтың қасы. Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өздерінің негізгі тақырыбын мүлде менсінбей, М.Әуезов театрының репертуарын қайталап, өзіндік жарысқа түскендей. Көз қылып бірлі-жарым қысқы каникулда қоятын ертегілерді қоспағанда, репертуарында балалар тақырыбы мүлде жоқ. Республикада бар болғаны 9-ақ қуыршақ театры бар, олардың көбі орыс тілді. Барлық облыстарда қуыршақ театрларын ашу міндетті деп білеміз. Бұл ұрпақтың мәдени өресіне зор әсерін тигізері белгілі. Жасөспірімдерге, балаларға және ең кішкентай балдырғандарға арналған қуыршақ спектакльдердің репертуар тапшылығы бүгінгі театрларымыздың ең осал тұсы. Бұл бағытта жаңа туындыларды арна­йы түрде бірізділікпен жүргізбесе, тәуел­сіз елдің жас ұрпағы ұлттық құн­дылық пен тәрбие, дүниетаным мен эстетикалық көзқарастан жұрдай болып өзге мәдениет пен өзге халық­тар­дың ұлттық кейіпкерлерімен ауыздануын жалғастыра бермек. Театрларда қалыптасқан осы келеңсіздікті арнайы мәселе ретінде көтеріп, оның салиқалы түрде шешілу жолдарын тез арада қарастыру қажет.

Театрды басқару жүйесін жаңаша оңтайлау

Кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан басқару жүйесі, яғни көркемдік жетекші, бас режиссер деген лауазымдардың әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді. Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайын­да­лады да театрдағы эстети­ка­лық, репертуарлық, актерлік ойын мен жаңаша қалыптағы жас режиссураның дамуы­на үлкен кедергі келтіреді. Олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, яғни театр бүтіндей сол көр­кемдік жетекші мен бас режис­сердің амбициясы мен өре-қары­мы­ның құрбанына айналады да өздеріне ұнаған, жағынған актерлерге ғана рөлдер беріп, құрметті атақтарға солар ғана ұсынылып, ағзасы нәзік шығармашылық ұжымды әділетті басқаруға қолдары қысқалық ететіні ежелден аян мәселе. Сонымен қатар олар ұжымдағы кезекші режиссерге репертуар таңдау, өз еркімен рөл бөлу, болашақ қойылымның жаңаша қалып-деңгейі мен өзіндік өре-шешіммен жұмыс істеуіне барынша тұсау болып бағатыны да белгілі. Бастықтың өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салатыны түсінікті нәрсе. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен өресі төмен суреткерді таңдайтыны шындық. Басты рөлдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді де жалпы қойылымның көркемдік құнына едәуір нұқсан келтіріледі. Сондықтан нарық­тық қатынастарға көшудің тиімді де жаңаша жолдарының бірі – осы мәсе­лені, театрды басқару жүйесін түбе­гей­лі қайта қарау.

Театрдың төрағасы мемлекеттік құзырлы мекемемен шартқа отырып, төңірегіне талантты, өз ойы, қалып-деңгейі жоғары, қоғамның эстетикалық талғамы мен интел­лек­туал­дық өресіне сай келе алатын алымды, қарымды режиссерлерді жинақ­тап, оларға жағдай жасай алатын, ұжым өмірінің барлық саласына жауап беретін бірден-бір жалғыз тұлға болуы тиіс. Ал режиссер болса, тек қана жеке суреткер ретінде пайда­ланылып, реті келсе оған жалпы бас­шылықтың тізгінін бермеген, тіпті сол «қызылкөз» биліктен құтқарған абзал. Ол тек өзі режиссерлік ететін қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Сонда ғана өрелі спектакль қоюмен ғана айналысатын режиссердің басқамен шаруасы болмайды, ол өз қойылымының сәтті шығуына ғана басы ауыратын болады. Сонымен бірге оларды әрине, әлеуметтік жағынан қорғау да керек, яғни тақырыбы өзіне жақын пьеса авторларымен ғана жұмыс жасау­да, өресі биік жаңа спектакль қоюда шығармашылық еркіндігінен айырмай, өз қойылымының авторы ретінде бағаланып, айлығынан бөлек қаламақы төлеуді заңдастырған абзал. Ал жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған жөн. Батыс елдеріндегі үрдісте, осындай теа­тр басқарушыны Интен­да­нт деп атайды, біздер де сол жүйені өз ғұрпымызға ыңғайлап, қажетсіз тұс­тарынан бас тартып, қазақы ұғым­мен театр төрағасы деп атасақ дұрыс болатын сияқты.

 Драматургия мәселелері

Театрдың тақырыптық өзегі – дра­матургия. Қазір бұл салада да кім көрінген пьеса жазатын болды. Тамыр-таныстықпен, жершілдікпен, ешқандай сын кетермейтін шығар­ма­ларды сахнаға тықпалау да кеңінен етек алған. Қызмет бабын пайдаланып драматург атанғысы келетіндер де кездеседі. Бұл ретте әсіресе, кейбір театр директорлары, режиссерлері «ай­рықша көзге түсуде».

Сондай-ақ драматургия жанрына қалам тартып жүрген жастардың өте аз екеңдігі аландатады. Қазіргі ең жас деген драматургтер отыз-қырық жастың айналасында, онда да біреу-екеу ғана. Енді біраз жылдан кейін Қазақстан театрларының қазақша жақ­сы пьеса жазатын авторды кайдан табатыны түсініксіз. Бүгінгі театр өне­рінің табиғаты жаңашыл идеямен қаруланған шығармашыл жас­тар­ды көптеп тартуды керек етеді. Замандас авторларды шығармашылық ізденіске тарту мәселесі бүгінде өзі­нің түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Театр мен драматург, театр мен режис­сер, театр мен өзге мамандар ара­сында нарықтық қатынасқа сай толық­қан­ды шығармашылық қатынас орнату, олардың заңды түрде жасаған өні­міне лайықты сыйақы төлеуді жаңа құқықтық-еңбек шарттарымен белгілеу, заңдастыруды өте мұқият қарастыру қажет. Оларға еңбегіне сай сыйақы төлеу, олардың авторлық құқығының қорғалуына жағдай жасау бүгінгі театрларымызда бел алған көптеген жағымсыз құбылыстардан (плагиаттық, авторлық меншіктің қор­ғал­мауы, жемқорлық, т.б.) құтылуға жол ашар еді.

Театр фестивальдерінің өткізілуі

Театр фестивальдерінің өткізілуі өнер ұжымдарының дамуын анық­тай­тын маңызды іс-шаралардың бірі. Бәсеке­лестікпен өтетін бұл өнер жарысы шығармашылық ізденіс пен жаңа жетістіктерге бастайды. Біздің респуб­ликада осы өнер мерекесі бас қалалар Алматы мен Нұр-Сұлтанда және жекелеген облыс орталықтарында өтіп келеді. Республикалық, аймақтық, халықаралық деңгейде өтетін бұл фестивальдердің көркемдік деңгейі де әрқалай. Көрші Ресейде 256-дан астам тұрақты фестиваль жұмыс істейді, соның 50-і Мәскеуде өтеді және ол шараны Мәскеудің мэриясы қаржыландырады. Бізде де кейінгі жастар шығармашылығын дамытатын, жаңашыл экспериментальды ізденістерге қозғау салатын, ұлттық драматургия мен ұлттық театр дәс­түрін жаңа белестерге көтеретін қазақ сахна өнерінің дамуына жаңа серпін берер фестиваль-жобаларды батыл түрде қолға алу керек. Осы секілді жалпы театрларға қатысты шығармашылық шара­­лардың барлығын арнайы кәсіби мамандарының басы бірік­кен республикадағы бірден-бір шығармашылық ұйым – Қазақстан Теа­тр қайраткерлері одағының құзы­ры­на беріп, облыс деңгейіндегі, аймақ­тық фестивальдер де тікелей одақтың қатысуынсыз өтпеуі тиіс. Театр мәсе­ле­­сіне байланысты министрліктің бар­лық жұмыстарында одақтың рөлін, өкілеттілігін, мәртебесін театр туралы жасалатын жаңа заңнама қабылдау арқылы көтеру қажет деп білеміз.

Түйін

Қазір азаматтық қоғам құруға ұмтыл­ған елімізде мемлекеттік тапсырыстар бойынша қоғамдық бірлестіктерді қаржыландыру кең түрде жүргізілуде. Қазақстан Театр қайраткерлері одағы да өзіне тиесілі үлесін осы жерден алып, Республика Театр қайраткерлері қауымдастығын соңынан ертуге дайын. Театрларымызды өзінің биік тұғырына қондыруға, шаруашылық жұмыстарын бір орталықтан үйлестіруге, шығар­ма­шы­лық белсенділіктерін арттыруға, сахнадан заманауи бағыттағы ізденіс­тер­мен көрінуге барлық театрларды бір орталық­тан үйлестіретін, бірік­ті­ре­тін ұйымның белсенді шара­лары қажет. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының жұмысына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілсе, көптеген күрмеуі қиын проблемаларды одақ­тың құзырына артса, қайсыбір бас­шы­лық мамандарды тағайындауға, суреткерлік биіктіктер мен табыстарды екшеп-саралауға, ұсыныс енгізуге, шығармашылық мәселелерді шешуге толықтай араласуға, ақыл-кеңес беруге мүмкіндік берілсе, көптеген шаруалар өз деңгейінде шешімін таба алады деп білеміз. Одақтың АйТиАй (Париж), АСИТЕЖ (Лондон), УНИМА (Лондон), АТА (Қытай), т.б. атақты ұйымдармен иықтаса жұмыс істеуге ықыласы еліміздің абыройына абырой қосары белгілі ғой. Бұл ұйымдармен алғашқы танысу-пікірлесу жұмыстары одақ тарапынан бұрындары екі-үш рет жасалған, алайда министрлік тарапынан қолдау мен қаржыдан кенделік көріп, жанданбай отыр. Бұған одақтың бүгінге дейін бағындырған абырой-атағының, өре-қарымының толықтай жететініне бек сенімдіміз. Қазақ театры әлемдік аренада өзінің орнын айшықтай алатын қабырғалы өнер, әу баста ағалар мен апалар салған сүйегі мықты киелі орда. Оған кешегі кеңестік дәуірде жеткен биіктері куә. Тек бүгіндері салқын қарамайық, жетімсіретпейік.

Автор:
https://egemen.kz