Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Алматы облысы білім басқармасы министрді өтірікші етіп отыр ма?


16 августа 2019, 09:24 | 522 просмотра



Алматы облысы білім басқармасының мамандары жаңа тағайындалған білім министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТІ бір сәтте өтірікшіге айналдырды. Бәлкім, министр мырза шатасты ма екен?

Бүгін жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы журналистерге баспасөз мәслихатын өткізген Алматы облысы білім басқармасының бөлім басшысы Гүлмира ҚАЖЫБЕКҚЫЗЫНЫҢ есебіне сенсек, дәл қазір аймақта үш ауысымда оқып жатқан 34 мектеп бар екен. Айтпақшы, Алматы облысы, Іле ауданына қарасты  Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ ауылындағы балабақшаның құрылысын жіті қадағалап жүрген басқарма басшысы Дәурен ЖҮНІСОВ жиынға келмеді.

Тамыздың 13-і күні үкімет отырысында мектептердің жайын баяндаған білім министрі Алматы облысында мұндай мектептердің саны туралы басқа мәлімет айтқан еді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР Білім және ғылым министрі: "Демографиялық өсім мен көші-қон процестеріне байланысты қажеттілік өсуде. Мысалы, Алматы облысында 30-дан астам мектеп үш ауысымды болса, биылғы жылы қыркүйектен бастап 50-ден астам мектеп 3 ауысымға көшеді деген болжам бар". ( видеодан 56:17 минуттан бастап қараңыз.))

Талдықорғанда отырған білім басқармасының мамандары, бәлкім, Нұр-Сұлтанда сөйлеген министрдің сөзін естімеген болар. Не дегенмен екі қаланың арасы тым қашық екенін де ескерген жөн (1500 км).  Қалай болғанда да, ведомство басшысы мен облыстық білім басқармасындағылардың мәліметі бір-бірімен сәйкеспейді.

 

Гүлмира ҚАЖЫБЕКҚЫЗЫ Алматы облыстық білім басқармасы күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы:"Қыркүйек айына дейін 5 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның үшеуінің құрылысы аяқталған. Қалған 600 орындық 2 мектептің құрылысы күзде бітеді. Үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешуге бағытталған кешенді жоспарға сәйкес, тағы 6 мектептің жоба-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.  18 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.  Оны 19-22 жылдар аралығында салуды жоспарлап отырмыз".

Биыл Алматы облысында 1-сыныпқа  50 мыңға жуық оқушы қабылданады деп күтіліп отыр. Мүның үш ауысымды мектептердің мәселесіне әсер етпей қоймайтыны анық. Дегенмен, жауаптылардың сөзіне  сенсек, Жетісудағы оқушылар да, оларды қабылдайтын мектептер де жаңа оқу жылына тас түйін дайын.  Өңірде 760 мектеп бар және олардың барлығы интернет желісіне қосылған.  "Алматы облысында 2019 жылы 31 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына  7,8 миллиард теңге бөлінген екен.  Сондай-ақ, тағы 19 білім ордасының  құрылысы жүріп жатыр.  Оған республикалық бюджеттен 4.4, жергілікті бюджеттен 5,5 миллиард теңге қарастырылған" дейді, -  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.  Одан бөлек, оқу жылының қарсаңында өтетін "тамыз кеңесіне" де облыстық бюджеттен 12 миллионнан астам теңге бөлінген екен. 500 мұғалімге арнап өткізілетін бір реттік шараны өткізуге осынша қаражат жұмсап жатқан басқарманың жаңа мектептер тұрғызуға мүмкіндігі жоқ емес екені анық сияқты.

 

Майгүл ОМАРОВА Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:" Облыстағы барлық білім беру ұйымдары оқулықпен 60 пайыз қамтылып отыр. 2019-2020 оқу жылына жалпы және арнайы білім беру ұйымдарына оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерін сатып алуға 4,9 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, оқу жылына 100 пайыз дайынбыз деп айтуға болады".

 Мамандардың мәліметіне сәйкес, биыл қатты отын сатып алуға 208 миллион теңге, сұйық отын сатып алуға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген (19 миллион  331 мың литр сұйық отын сатып алу жоспарланған).  Облыстағы білім беру мекемелері әртүрлі отын көзімен жылытылады. Оның ішінде сұйық отынмен - 533, орталық жылыту жүйесімен - 173, табиғи газбен - 175, қатты отынмен - 150 , пелет отынмен - 40 және электр қуатымен жылытылатындардың саны - 2.