Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІКТІ ЖЕТІЛДІРУ – БІЛІМ САПАСЫНЫҢ КЕПІЛІ


29 октября 2010, 19:06 | 2 699 просмотров



Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың заңнамалық – тұжырымдамалық негіздері, ,әсіресе, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасы, жалпы білім беретін мектептерде тұрған көкейтесті міндеттердің қатарына оқытудың құзіреттілік тәсілін жүзеге асыруды басты назарға қояды.

Нәтиже бағдарланған оқыту, яғни құзіреттілік тәсіл, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру және дамытуды талап етеді. Көпшілік зерттеушілер кәсіби құзіреттілікке білімдер, іскерліктер және дағдылармен қатар тұлғаның кәсіби құнды сапаларын, оның іс- әрекет тәжірбиесін кірістіреді. Алайда барлық авторлар «құзіреттілік» ұғымын маманның кәсіби жоғары деңгейімен байланыстырады.

Компетенция (лат. Compete – қол жеткіземін, дегеніме жетемін, тура келемін, лайықты) – біреу жақсы хабардар (мәліметті) болған мәселелер аясы. Педагогика ғылымында құзырет тұлғаның белгілі бір саладағы өкілеттіліктері мен қызметтерінің аясын анықтайтын интегративті сапасы ретінде түсіндіріледі. Оның құрамына білім, іскерліктер мен дағдылар, қабілеттіліктер кіреді.

Дегенмен, кез келген пән мұғалімінің педагогикалық іс - әрекетінің сапасы оның сөйлеу мәдениеті, тілдік білімі, коммуникативтік дағдыларымен қатар оқытатын пәніне сәйкес ғылым сапасының «формалдандырылған тілін» (терминологиясын) қаншама меңгергендігіне тәуелді болатындығы мәлім. Құзіреттілік тәсіл тұлғасынан қарайтын болсақ, онда мұғалімнің тілдік құзіреттілігіне қатысты мәселе туындайды. Яғни, тілдік құзіреттілік мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.

«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзі бекер айтылған жоқ. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Осыдан барып жас ұрпақтың бойындағы іскерлік қабілетін ашу және оларды шығармашылыққа баулу туындайды.

Әрбір мемлекеттің өсіп - өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – осы ұстаз берген білім. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу құзыретті мұғалімнің еншісіне тиері анық.

«Қыран – түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз – шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Ал жеке тұлғаға білім беріп, тәрбиелейтін, дамытатын, әрине - ұстаздар қауымы.

Тұлғаны дамыту мақсатында өз басым «Қазақ қолөнеріндегі геометрия», «Болжам өнерінің ертегісі» тақырыбында ізденіс үтінде жүрмін. Болжам өнерінің анығы дегеніміз – ғылыми тәжірибеге сүйенген тұжырымдар.

Ай мен Күннің тұтылуын ғылыми есептеп күні бұрын білуге болады. Егер осы болжам елді қорқытып мал табу жолына пайдаланылса, мұны балгерлік немесе жалған сәуегейлік дейді. Болжам өнерінде бізге әлі белгісіз талай құпия шындықтар жатпасына кім кепіл? Нақты есепке құрылған кейбір болжамдарға ой жүгіртсек, бұл сұрақтарға да жауап табамыз.

Қырық бір құмалақтың тасы – 41, ал орыны - ұясы – ноқаты - 9. Тоғыз орынның шығуы космологиялық көзқараспен Аспан ертегілеріне байланысты деп білеміз. «Сиқырлы шаршы» есебін алайық:

Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есіне сақтайды. Ең алдымен, тәжірбиесі жоқ сәбиге таяқша сызуды, ал сонан кейін әріптер мен білімдердің құпия да тамаша дүниесін ашқан өзінің тұңғыш мұғалімін бала мәңгілік ұмытпасы анық. Бұдан кейін оқушының жолында көптеген мұғалімдер кездеседі. Олардың ішінде жақсы көретіндер де, жақсы көрмейтіндері де, баланың жүрегіне қайсыбір із қалдыратындары да, із қалдырмайтындары да болады.

Нағыз мұғалім деп тәрбиеленушінің ойы мен жүрегіне жол тапқан ұстазды айтамыз. Сондықтан қоғам талабына сай шебер мұғалім болу заман талабы болып тұрғаны анық.

Ұстаздың кәсіби мәдениеті төмендегідей сипатталады:

І. Кәсіби қасиеті: ұйымдастыру қабілеті; білімінің тереңдігі; ғылыми білімі; дарындылығы; шығармашылығы; интеллектуалдық қасиеттері.

ІІ. Моральдық – этикалық қасиеті: адамгершілігі; ақиқатқа құштарлығы; мейрімділігі; қарапайымдылығы.

ІІІ.Психологиялық даярлығы: сыртқы қабілеті; жүріс-тұрысы; сөйлеу мәдениеті; әдептілігі.

«Оқушыға өзінің тәсілдерін үйретуден бұрын алдымен оның бойында білім алуға деген талпынысты оятып алудың қажет екенін ойлайтын ұстаз бар ма екен?» (Ян Ямос Коменский.)

Шәкірттің зердесіне ілім –білім ұялатудың ұтымды жолдарын, әдістерін іздеу әр ұстаздың міндеті. Ұстаз ретінде баланың жасырын, тіпті тым тереңде жатқан қабілеттерінің оянуына мүмкіндік жасап, оны алдымен қызықтырамын. Пән мұғалімі ретінде алдыма қойған мақсатым - оқушылардың ғылыми ізденісін шыңдап, қабілетін арттыруда ғылыми ізденіс жұмыстарында үлкен шығармашылық еңбек, тың деректерді пайдалану қажет деп есептеймін.

«Адам бір жылын ойласа дән себеді, бар ғұмырын ойласа – ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа – ұрпақ тәрбиелейді,» - деген екен данышпан ата- бабаларымыз. Бала психологиясына барлау жасай білмеген – оқытушы, ата – анасымен ой ортақтастыра алмаған –педагог бола алмайды.

ЛевТолстой: «Егер мұғалім тек өз жұмысын сүйсе, оны жақсылар санатына қосуға болады. Егер оқушыны өз баласындай көрсе, барлық кітаптарды бұрын бітірген, бірақ не оқушыға, не жұмысшыға еш жылулығы жоқ мұғалімнен артық. Егер жұмыс пен оқушыны қатар қадірлесе, нағыз ұстаз- осы» деген екен.

«Барлық мүмкіндік балалардың бойында» деген ұлы ойшыл А.Толстойдың даналық сөзі бар, ал баланы дамытатын шығармашыл, талантты, білімді ұстаз. Жалпы алғанда барлық салалардағы сияқты педагогикалық істе де талант сирек кездесетін нәрсе. Әрбір мұғалімнің талантты болмауына да болады. Алайда, ол өз ісінің шебері бола алады және болуға тиісті. Жақсы шебер мұғалім оқушыларымен өзара қарым – қатынасты бір деңгейде қалыптастыра алады.

А.Макаренко «Өзара қарым қатынас қуанышты болуға тиісті. Ол шығармашылық өрлеуді, батылдықты, сергектікті керек етеді» деді. Өз жұмысының сипатына байланысты мұғалім ұйымдастырушы, жетекші, насихаттаушы болуы керек. Ол барлық жағынан оқушыларға өнеге, үлгі болуға тиісті, тіпті сыртқы келбетімен де тәрбиелейді. Сондықтан жаңа ғасырдың ұстазына қойылатын талап та күрделі. Алайда, талантты, шебер жаңа формация ұстазы болудың алғышарты шебер мұғалімдердің жұмыстағы озат тәжірбиесін, педагогикалық еңбектің технологиясын зерттеп үйренуден басталады.

Ұлы Абай бабамыз «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» - демеді ме? Тәуелсіз ел болу үшін әрбір азаматтың байында ұлттық рух болуы керек. Ұлттық рухты тәрбиелейтін орта мектепте ұстаздарымыз халықтық педагогиканың тиімді әдістерін пайдалану арқылы ұлттық танымды тереңдетуге ұмтылады.

«Қазір қазақта бай көп. Біреуі өзінің ақыл – күшін сатып байыған емес»,- деп академик Асқар Жұмаділдаев айтқандай, қазақ патриотизмі кемшін түсіп отыр.

Ұлттық құндылықтарымыз арқылы бізді шетел біліп отырса құба-құп болар еді.

Осындай жағдайда ғана білім алушылардың тұлғалық болмысы қалыптасып, егеменді еліміздің ертеңіне лайықты ұл мен қызы болатын жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың көбейетініне кәміл сенімдіміз.

Автор:
С.К.ШОМАНОВА, Абай атындағы мектеп – гимназияның математика пәнінің мұғалімі, Сарқан қаласы