Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ДІН. ДІНТАНУ. ДІНТАНУШЫ.


29 октября 2010, 19:08 | 1 751 просмотр



Соңғы кездерде дін өзінің қоғамда алатын орнын қайта қалпына келтіріп, жыл санап аяғына нық тұрып келеді. Әрине, бұл жақсы нышан. Адамзат тарихында діннің алатын орны ерекше, салыстырмалы түрде адамның дінге мойынсұнуы - отты игеру, дөңгелек ойлап табуымен тең үлкен жетістігі деп қарастыруға болады. Дін адамдарды біріктіретін күрделі қоғамдық институт. Алайда діндердің көптігі бұл «біріктіруге» кедергі екені анық.

ДІН. Сонымен- жалпы дін дегеніміз не? Бұл турасында Ожегов өз сөздігінде: «Құдіретті күшке (аруаққа, құдайға) иланатын қоғамдық түсінік формасының бір түрі» деп түсіндірген. Дін- адамзат тарихының айнымас бір бөлігі, сенім формалары өзгергенімен мәні бір - илану, сену. Діннің көне формалары яғни отқа, пұтқа табыну қазір салт-дәстүр сынды өзге мәнге ие болды. Мысалға айталық, пұтқа табыну. Қазір бұрынғы пұттар қарапайым мүсінге (статуетка) айналып кетті, оны біз бір- бірімізге сыйлық ретінде реті келген кездерде беріп жатамыз. Отқа табынуға келсек, жас келін табалдырық аттамастан бұрын отқа май құю салтын еске түсірсеңіздер-ақ жеткілікті. Ал осы пұтқа табыну мен бүгінгі таңдағы діндердің айырмашылығы я ұқсастығы бар ма? Біріншіден пұтқа табыну көне діндер қатарына жатады. Діннің бұл түрі әлемнің әр түпкірінде кең тараған. Мысалға, бүгінгі дін исламның шыққан отаны Араб түбегінің халқы ислам келместен бұрын осы пұттарға сенген, бұл турасында халиф Омар әл-Хаттаб былай деп еске алған: «Надандық кезеңіндегі екі ісіміз есіме түссе, біреуіне - қайғырып жылаймын, екіншісіне - күлемін.

Жылайтыным - сол кезде ақымақтығымыз сондай, әйелдеріміз қыз туса тыжырынып, қыз баладан құтылғанша асығып, бейкүнә, мейірімге мұқтаж шараналарды тірідей көметіндігіміз. Осы қылығымыз есіме түссе, жүрегім қан жылайды. Күлетінім - пұтқа табынатын едік. Әрқайсысымыздың үйіміздің төрінде қолдан жасаған пұттарымыз тұратын. Соларға табынып, құрметтейтінбіз. Сапарға шыға қалсақ, пұттарымыздың бейнесін ұннан немесе халуадан жасап, өзімізбен бірге ала шығатынбыз. Жол ұзап қарнымыз ашса, табынып, алдында құрдай жорғалаған жансыз халуа - пұттардан кесіп алып жейтінбіз. Осыдан асқан күлкілі оқиға бар ма енді?». Әрине, пұттарға деген арабтардың көзқарасы бүкіл әлемнің оларға деген көзқарасын білдірмейді. Дегенімен араб халқының тарихи орны бәрімізге мәлім, сондықтанда осы сөзді дәйекке алдым. Діндердің түрлері мен сатысына қарамастан дін - дін болып қала бермек.

ДІНТАНУ. Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабына яғни дiни сенiм бостандығы хұқығына сәйкес: «Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқалармен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға хұқылы, дiнге деген, құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi.» Осылайша кез келген азамат қай дінді ұстанғысы келсе, өз еркі және оған ешкім шектеу қоя алмайды. Кейбір «ағаларымыз» бұл заңды шикі деп те жатады. Қалай десе де, заңның аты заң. Еліміздің либералды заңнамасының арқасында бүгінде төрт мыңнан аса діни бірлестіктер тіркелген. Оның ішінде 2337 - исламдық бірлестіктер; 281 - православтық; 82 - католиктік; мыңнан аса протестанттық және т.т. Австрия немесе Чехияда діни бірлестіктерді тіркеу үшін оның қатарында бірнеше мыңдаған адам болуы тиіс, ал бізде діни ұйымды тіркеу үшін қатарында он адам болса да жеткілікті. Осыған сәйкес елімізде тек әлемдік діндер ғана емес, түрлі ұлттық діндер, секталар мен ағымдар нық орнығып алды. Діндерді сұрыптау - дінді ғылым деп қарастырып, оны жүйелеу. Халықтың діни сауатының ашылуы жақсы-ақ. Дегенімен, діннің қыр-сырын біліп барып сену абзал. Елімізде кең тараған ислам мен христиан діндері әлемдік діндер қатарына жатады. Буддизм Қазақстанда кең етек жаймағынымен, ол да әлемдік діндер қатарында бар. Одан бір саты төмен ұлттық діндер орналасқан, олардың қатарында Индуизм, конфуцилік, даосизм, иудаизм, синтоизм т.т. сынды тек бір ұлтқа ғана тән діндер жатады. Соңғы кездерде кей «ағаларымыз» ислам қазақтың туа біткен діні емес, қазақтар көк тәңірге сенген деген пікір айтып жатыр, ал тәңірге сену ол - көне діндердің бір көрінісі. Елімізде нық орнығып алған тағы бір діни ұйымның түрі - секталар. Секта - өздерінің көздеген тар мүддесіне жетуге тырысқан азаматтар тобы. Осыдан туындайтын бір ой - сектаны дін деп қабылдау дұрыс па? Дұрыс та, бұрыс та. Бүгінде, қарапайым халықтың секта десе төбе шашы тік тұрады. Оның да әр түрлі себебі бар. Мысалға, Дэвид Берг құрған «Жанұя»(семья) сектасы әлемді өздерінің аморальді қылықтарымен дүр сілкіндірді. Балаларды жыныстық қатынасқа тарту, бір сөзбен алғанда педофилия, жезөкшелікті үндеген бұл секта Ресейде де көрініс тапты. Сонымен қатар, жуықта он жеті жыл ешбір шектеусіз жасырын өмір сүріп келген тағы бір секта осы Ресейдің Орынбор қаласында әшкереленді. «Қалалық өзін өзі дамыту қоры» (Городской Фонд самосовершенствования) атты бұл ұйымды Вячеслава Веснин атты азамат басқарып келген. Халық дүр сілкінді, журналисттер қауымы жан жақты қазбалап ақыры, сектаның басшысы абақтыға қамалды, сот ісі әлі де жүріп жатыр. Дінтануды дамыту халықтың діни сауатын ашуға зор ықпал етеді. Білгендер мен білмегендер тең бе? Діннен хабардар және аталмыш секталардың ұсынып отырған жүйесінде дінге қатысты ешбір элемент жоқтығын аңғарып, шынайы мүддесі мен мақсатын білген азаматтар саналы түрде осыған бара ма? Әрине жоқ. Осы орайда елімізде екінші жыл қатарынан мектеп курсына енген «дінтану негіздері» пәнінің оң ықпалын атап өтпеу дұрыс емес болар. Алайда, бұл жерде де бірқатар сұрақтар бар. Аталған пән тек 3-ші тоқсанда ғана басталып, екі тоқсан жүргізіледі. Ал осы пәнді оқытатын мамандар бар ма? Бар болса, жеткілікті ме? Елімізде қанша ЖОО дінтанушы мамандарды оқытады? Тарих пәнінің мұғалімдеріне арналған дінтану курстарының тиімділігі қаншалықты?

ДІНТАНУШЫ. Алдымен мына сұраққа жауап іздеп көрелік. Дінтанушы деген кім? Жауап бірден дін зерттеуші маман болар... Ал, осы дінді зерттейтін, сараптайтын мамандар елімізде бар ма? Бүгінгі Қайрат Жолдыбайұлы, Мухитдин Иса, Мұртаза Бұлұтай, т.т. сынды ағаларымыз дінтанушылар ма, әлде теологтар ма? Қайрат Жолдыбайұлы - ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, демек ислам дінінің жілігін шағып, майын ішкен адам, Мухитдин Иса - «Нур Мубарак» ислам мәдениеті университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы (ғылыми дәрежесінен-ақ белгілі), Мұртаза Бұлұтай - философия ғылымдарының кандидаты. Демек, аталған үш ағамыздың үшеуі де дінтанушы емес, екеуі теолог, үшіншісі философ. Дінтанушы қайда? Жоқ. Елімізде тек санаулы ғана ЖОО (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақ-араб университеті ) дінтану мамандығы бойынша оқытады. Ондағы жыл сайынғы түлектер саны бізге беймәлім, десек те аз. Жоғарыда атап кеткендей мектептегі дінтану пәнінен кім сабақ береді теолог па, философ па, әлде екі айлық курс оқыған тарихшы ма? Мектеп курсына арналған оқулық жайында былтыр біраз әңгіме болғаны әлі есімізде. Кітаптың авторы - Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты. Семей педагогикалық институтының филология факультетін 1970 жылы үздік бітірген. 1974-1977 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінде аспирантурада оқыды. 1987 жылдың ақпанында осы факультеттің ғылыми кеңесінде «09.00.01 - диалектикалық және тарихи материализм» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 1994 жылы шілдеде «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» деген тақырыпта «09.00.06 - дінтану, теология» мамандығы бойынша философия ғылымдарының докторы атағын алу үшін диссертация қорғаған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланған беделді ағаларымыздың бірі. Осы кітаптың сын сапасы тұрғысында «Үш қиян» Республикалық газетінің ресми сайтындағы (http://ushkiyan.kz/p2298) ««Дінді» осылай «тану» керек пе?!» атты мақалада автор Зікірия Жандарбек (тарих ғылымдарының кандидаты, дінтанушы /?!/) қатты сынға алады. Мақала соңында әдеттегідей пікірлер жазылған. Бірі даттайды, бірі қолдайды. Мені қызықтырғаны тек бір пікір ғана, аноним автор былай деген екен: «Шындығына келгенде кұрметті пікір білдірушілер, сіздер көптеген кұпияны білмейсіздер. Пікір білдіргенде көптеген сұрак қойыпсыздар, бұған мен жауап берейін, осынын басы қасында жүрміз ғой,1 - Дінтану оқулығын жазуға Ғарифолла Есім Абуоваға тапсырған, Ал, Абуова біз сияақты студенттерге тапсырды, енді ойлап көріңіз біз қайбір жарытып жазамыз.2 - Ислам діні бойынша Қайрат Жолдыбайдың тобына жаздырған, ал олардың тобы барлығы дерлік салафиттик бағыттағы адамдар.3 - Бүкіл газеттерге (барлығы ел мүддесін ойлайтын азаматпыз дейді) менің кітабім туралы сын пікірлерді жарияламандар деп тапсырма беріп койған («Үшқиян» газетінен басқа газеттер жарияламаған.)».

Ақпараттың рас я жалғандығын тек құдай біледі, десек те қорытынды өздеріңізден.

Автор:
Ғалимұрат ЖҮКЕЛ