Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Облыстағы 500-ден астам педагог марапатқа ие болды


23 августа 2019, 10:05 | 726 просмотров



Талдықорғанда педагогтардың тамыз конференциясы өтіп, оған облыс әкімі Амандық Баталов пен ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жиында облыстың 500-ден астам мұғалімі марапатталып, оларға «Құрмет» ордені, «Ы.Алтынсарин» «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да наградалар тапсырылды.

 

Кеңес жұмысы Б. Римова атындағы драма театрының фойесінде облыстың білім саласының жетістіктері туралы көрме-презентацияны тамашалудан басталды. Конференция қонақтары мен қатысушыларына оқу процесі кезінде қолданылатын инновациялық оқу бағдарламасы таныстырылды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы № 42 балабақша тәрбиеленушілері өздері үйренген робототехниканың алғашқы әліппесі бойынша роботтармен жұмыс істеу машықтарын көрсетті.

 

Тағы бір ерекшелік ретінде «Швейцариялық-американдық «Genius» академиясы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ағылшын тілінде оқу мен оқыту бойынша «Инновациялар мен заманауи технологиялардың халықаралық класы» жобасын атауға болады.

 

Сол сияқты мұнда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына электронды кезекке қою, бірінші сыныпқа қабылдауда электронды құжат қабылдау қызметтері таныстырылды.

 

Кеңестің пленарлық бөліміне облыс әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиев модераторлық етті.

 

Негізгі баяндаманы оқыған облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов саланы дамытудағы бағыттар мен міндеттер туралы айтты.

 

Жарыссөзді Талдықорған қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы № 10 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айжан Жұмаділова бастап, әріптестерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сол сияқты педагогтарға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауларға ризашылығын білдіріп, бұл, әсіресе, еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарды ынталандыруға деген зор бастама екенін атап өтті.

 

«Швейцариялық-американдық «Genius» академиясы» ЖШС жетекшісі Георгий Махвиладзе мектептерге енгізіліп жатқан халықаралық инновациялар мен заманауи технологиялар жайлы баяндады.

 

Инклюзивтік білім беру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту ерекшеліктері жайлы мәселе Талдықорған қаласындағы № 8 орта мектептің педагог-психологы Татьяна Соколовскаяның сөзіне тиек болды. Ол өз сөзінде тьютор штатын ашу жөнінде ұсыныс білдірді.

 

ІТ-орталықтардың жұмысы және цифрлық сауаттылық тақырыбын Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы, жас ІТ-маман Шыңғыс Нұрғожаев қаузады.

 

 

 

Өз кезегінде «Edtech-kz» халықаралық білім беру орталығының жетекшісі Ғани Бейсембаев баланың дамуындағы мұғалімнің рөліне тоқталды. Ал педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесіне қатысты Алматы қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДБҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры Берік Асубаев пікірін білдірді.

 

ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева білім беру деңгейіндегі жаңашылдықтарға тоқталды. Білім беру мазмұнының жаңартылу ерекшеліктері, педагогтың мәртебесін көтерудегі кешенді шаралар, «Жеңіл портфель» жобасы және т.б. туралы ол кеңінен айтып берді. Педагогтардың жемісті еңбектеріне алғысын білдірген С. Қабимолдаева, Алматы облысының жетістіктері, соның ішінде білім саласын цифрландыру, қомсымша білім беруді дамыту ісі, мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіштері көңіл тоғайтарлық екенін атап өтті. Министрлік өкілі өңірдің озық үлгілерін республика көлемінде таратуға, сол сияқты халықаралық конференцияларға қатысу арқылы да таратуға болатынын тілге тиек етті.

 

Жиында қорытынды сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында өңірдің білім саласындағы өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары, басым бағыттар, алдағы міндеттер жайын талқылау қалыптасқан үрдіс екенін атап өтті.

 

- Өздеріңізге белгілі, елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өткен Республикалық тамыз педагогикалық конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысып, білім саласы қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы, жалпы ел дамуындағы рөлі туралы айта келе, «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болу керектігін» атап көрсетті. Кеңес барысында Президент білім саласына қатысты бірқатар болашақ ұрпақ үшін маңызды міндеттерді орындауды тапсырды. Биылғы оқу жылындағы жұмысымыз осы міндеттерді іске асыруға бағытталуы тиіс. Ұрпақ өсіру, оны тәрбиелеу – адамзат тіршілігінің мәні, болашақпен жалғастырар алтын көпір. Ал білім саласын дамыту – халықтың болашақтағы әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болудың, кемел келешектің алғышарты. Сол үшін де біз әрқашан салаға қолдау көрсетіп келеміз, - деді әкім өз сөзінде.

 

Мәселен, білім саласының негізгі проблемаларының бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі. Үш ауысымда оқытуды болдырмау үшін облыста жасалған қадамдық жоспарға сәйкес 3000 орындық 7 мектептің құрылысы жүруде, соның 5-еуі жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі, ал 2-еуі - 2020 жылға ауысқан нысан.

 

Тағы бір өзекті мәселе – шағын комплектілі мектептер. Облыс әкімі атап өткендей, оларды жабу – мәселенің шешімі емес, әрбір қадамды ойластырып жасау қажет.

 

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» арнаулы орта кәсіби білім беруді дамыту, студенттерді жатақханамен қамту, сол сияқты жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, көп балалы отбасылары балаларына көмек көрсету мәселелерін де кеңінен сөз етті.

 

Сөзінің соңында Амандық Баталов ұрпақ тәрбиелеудегі еселі еңбектері үшін ұстаздар қауымына алғыс айтып, республикалық, облыстық кәсіби байқауларда үздік үлгісімен көзге түскен мұғалімдердің есімдерін де құрметпен атап өтті. Жетісулықтардың атынан Іле ауданының Мұқағали Мақатаев атындағы № 13 орта мектебінің директоры Гүлнар Қадырбаеваны құттықтап, республикалық педагогикалық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» ордененін алғанын көпшілікке қуана жеткізді.

 

Сол сияқты осы жиында облыстың аудан, қалаларынан келген 17 педагог «Ы.Алтынсарин», тағы 16 ұстаз «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Сол сияқты өскелең ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін 10 педагогқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді. Жалпы тамыз кеңесі аясында 500-ден астам педагог түрлі марапаттарға ие болды.

 

Атап өтсек, Алматы облысындағы білім саласының бюджеті биылғы жылы 200,2 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 млрд. теңгеге артық. Биыл облыста 20 білім нысанының құрылысы жүруде, оның 15-і мектеп, 4-еуі – колледж. Бұл мақсатқа 9,9 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны нығайтуға 8,2 млрд. теңге қарастырылған.


 

Автор:
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.