Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ШӘКІРТІНЕ ОҚ АТТЫ


29 октября 2010, 19:18 | 1 226 просмотров



«Алтын ұя» атанып кеткен білім ошақтарына соңғы кездері біреулер «былық ұя» деген айдар тағып жүр. Оған негіз жоқ емес. Жылу жинаудан алдына жан салмайтын мектептердегі оқушылар арасындағы «есеп айырысу» сияқты қырғиқабақ төбелестерді айтпағанда, «атың шықпаса, жер өрте» демекші, енді кейбір мұғалімдер масқара болып жатыр. Таяуда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Талдысай ауылында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жаманқұлов Мырзабек 12 калибрлі аңшы мылтығымен 24 жастағы жігітті атып, оны аяқсыз қалдырды.

Мәлік Шампишовтің аяғының жіліншіктен жоғары сүйектерін оқ быт-шытын шығарған. Тіпті етімен қоса, тамыр біткеннің бәрін үзіпті. Жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға әкелгенмен, ондағы дәрігерлердің аққан қанды тоқтатып, таңып тастаудан басқаға дәттері бармайды. Облыс орталығына тек ертеңінде жібереді. Мұндағы дәрігерлерге аяқты тізеден кесіп тастаудан басқа амал қалмайды. Сөйтіп, үйленгеніне тап бір ай болғанда Мәлік Шампишов аяғынан айырылып, аурухана төсегіне таңылды.

Сол күні ол есік алдында жүрген ағасының балаларына араққа бөртіп алған алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің тиісіп жатқанын көреді.

Мәлік Шампишов, зардап шегуші:

– «Неге тиісіп жатырсыз? Өзіңіз арақ ішіп, қызып алыпсыз, оқушыларыңыздан ұялмайсыз ба? Мұғалім емессіз бе?» — дедім. Ол мені боқтап: «Екеуіңді де атып тастаймын», — деп күшейді. Оған мән берген жоқпын. Арада 15-20 минуттан соң үйге келіп, мені сыртқа шақырды. Сөйлесіп, сөз ұғар түрі жоғын көрген соң, үйге кіріп бара жатыр едім, машинаның есігінің тарс еткенін естіп, бұрылып, қарай бергенімде, ол кезеніп тұрған мылтығының шүріппесін басып жіберді.

Осы арада Мәліктің анасы Гүлнәр атып шығып, «одан да мені ат» деп әлгінің екінші рет оқтайын деп жатқан мылтығына жармасады. Үйдің жанындағы дүкенге келген Асылхан деген ауылдас жігіт те Мырзабектің артынан қапсыра құшақтайды. Әйтеуір, екеулеп атқызбай тастайды. Содан бәрі «аяғым» деп ойбайлаған Мәлікпен әуре болып жатқанда, ол көлігіне мініп, кетіп қалады. Артынан белгілі болғандай, аудандық полиция бөліміне әлгі мұғалім өзі барып, қылмысын мойындаған. Қазір қамауда жатыр екен.

Автор:
Абай ОМАРОВ