Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АТА САЛТЫМ – АРДАҒЫМ


24 сентября 2009, 04:20 | 3 883 просмотра



Қалжа. «Менің сорлы шешеме қалжа қайда. Қой сат деп әкем барды көрші байға». (С.Торайғыров). Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да қалжа әкеледі. Бұл әрі сыйластық, құрмет, әрі босанған әйел сауығып кетсін деген мақсатпен туған елдік дәстүр, ғұрып.

Тымаққа салу. Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымаққа жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күн кем болса керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б. (Егер бала қыста туса онда үй қыбырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді.).

Бесікке салу. «Әлди-әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» (Бесік жыры). Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есетеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік салған адамға бесікке салар яғни, кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырын жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?..

Тыштырма. Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты», «тышты» деп ырым жасайды және оны тыштырма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді.

Иткөйлек (ғұрып) – ырымшыл халқымыздың баланы қырқынан (туғанына қырық күн толған күн) шығарғаннан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, оны иттің мойнынан байлап жіберетін дәстүр бар. Итті балалар қуып жетіп, мойнындағы ит көйлекті шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады.

Қырқынан шығару. Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы «Жеті қазына», «бір тоғыз», «үш тоғыз», «қырықтың бірі – қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымынан пайда болған. Соның бірі баланы «қырқынан шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң, оны ыдысқа 41 құмалақ салып - 41 қасық су құйып шомылдырады. Бұл- рәсми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастарқан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды.

Тұсаукесер. «Тұсауыңды кесейін, Қүрмеуіңді шешейін» («Тұсаукесер» жыры). Сәбидің қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар. Мысалы:

«Қаз-қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Тағы, тағы баса ғой.

Тақымыңды жаз, балам.

Құтты болсын қадамың!»

(«Тұсаукесер» жырынан)

Тұмар. Бала ауырғанда молдаларға дұға жаздырып оны үшбұрыштап матаға не тері-

ге тігіп баланың мойнына тағып қояды. Бұл пәле-жаладан, тіл-көзден, ауру –сырқаудан сақтайды деген діни ұғымнан туған. Тұмардың түрлері көп, оны кейде жас төлдерге ауырған малға да тағады.

Тұлым. «Сәрсеке! Көңілге солай екен дұрыс та ғой, ләкиінде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес» (М.Дулатов). Баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны тұлым деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты ғұрып.

Кекіл. «Қарағым, айналайын, кекілдім-ай, Көгілдірі аққудың секілдім-ай» (Халық өлеңі). Жас балалардың шашын қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Оны кекіл дейді. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді. Кекіл жылқыда да болады. «Кекілін кескен кер атым-ай, Титтейден өскен бекзатым -ай» (Халық өлеңі).

Айдар. «Тұлымдысын тұл қылды, Айдарлысын құл қылды» («Қобыланды»). Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Мұны «айдар» дейді. Бұрын ел бұл ғұрыпты көп қолданған. Мысалы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған. Балаға Айдар деп ат қойылады., ол осыдан шыққан. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады.

Мойнына бұршақ салу. «Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң, Жар-

қынбай бәйбішесі тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып, тәңірден немере тілейді» (М.Жұмабаев). Баласыз адамдардың мойнына көгеннің бұршағын салып құдайдан ұрпақ тілеуі ертеден келе жатқан әдет. Бұл тағдырға мойын ұсынып, тәңірге шын беріліп, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі. Мұндай тілек әсіресе ертедегі жырларда жиі кездеседі. Оның соңы тілек орындалып қуанышқа кенеліп жатады.

Бала асырап алу. Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы, яғни, бауырына салуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушысы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраущысы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін «бауырына салып алады». Бірақ ол асырап алғанға жатпайды.

Ырым. «... Анасы ит көйлекті берген кезде ырымдап, бір шетінен кішкене кесіп алып қалды». («Ана тілі» газеті). Ырым халықтың ниетінен туған ғұрып. Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Мысалы, шешен болсын деп аузына түкіру, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, сондай болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Мысалы., Шыңғыс Шоқанға ырымдап Сегіз серінің (мұхамед-Қанапия) атын қойғызған. Абай, Абылай, Бауыржан. Олжас, Сәкен, Қаныш, Нұрсұлтан есімдерін қазір де ата-аналар өз балаларына ырымдап қойып жүр. Той, келін түсіруде балалардың осындай қуанышқа жетсін деп нан, бауырсақ, кәмпит алып, оны апарып береді. Ырым, ырымкүл деген ұл, қыз акттары да осы ғұрыппен қойылған. Халықта жасы 100-ге жеткен адамның киімін , ұстаған затын осындай жас берсін деп үлестіріп, бөліп алу салты бар. Сол сияқты баласы тұрмай жүрген адамдар баласына Күшік, Итбай, Итемген, Көтібар, Малай, Башай, Терісаяқ дегендей қолайсыз ат қойса, өмірлі болады деп ырымдаған.

Автор:
Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ