Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕКТЕПТЕГІЛЕР МЕМЛЕКЕТТІҢ ШЕКАРАСЫН БІЛМЕЙ ШАТАСЫП ЖҮР


29 октября 2010, 19:19 | 1 332 просмотра



БҰЛ – БҮГІН ҒАНА БЕЛГІЛІ БОЛҒАН ЖАҢАЛЫҚ ЕМЕС, ӘУЕЛДЕН АЙТЫЛЫП, ЖАУЫРЫ ШЫҚҚАН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ. ОЛ – ОҚУЛЫҚТАРДАҒЫ ҚАТЕЛЕР. ОСЫ ЖОЛ-ҒЫСЫ 8-СЫНЫПҚА АРНАЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН ФИЗИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ» МЕН 9-СЫНЫПТЫҢ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ГЕОГРАФИЯСЫ». ЕКЕУІН ДЕ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҰСЫНҒАН. ҚАНДАЙ ҚАТЕЛІКТЕР КЕТКЕНІН ТӨМЕНДЕГІ КЕСТЕДЕН ҚАРАП, САЛЫСТЫРЫП, ӨЗІҢІЗШЕ ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРА БЕРІҢІЗ.

Кестеден байқасаңыз, Қазақстанның шекарасы резеңке тәрізді ме деп қаласыз. Бәрінен бұрын «жыл өткен сайын шекарамыз тарылып бара ма өзі» деген үрей туады екен. Бабаларымыз білектің ұшымен, найзаның күшімен қорғап, мұраға қалдырған жерлерімізді оңтүстіктен қырғыз, өзбек, түрікмен бауырларымыз «қысып» бара жатса, шығыс бүйірден Қытай басып келе жатқан тәрізді. Әйтеуір, достығымыз жарасқан Ресеймен ғана шекара ұзындығы сол күйі сақталып тұр екен. Бұл расымен солай ма? Әлде оқулықта кеткен қателік пе? «Уа, Жаратқан, оқулықтағыны қателік қыла гөр!» – деп жалбарынамыз амалсыз. Егер біздің орнымызда Қытай не Өзбекстан мемлекеті болса, осы оқулықты жазып шығарған авторларды жақсылап тұрып жазалар еді. Бұл нағыз «ұрлық» емес пе?! Жерді тарылту, жерді ұрлау! Қытайдың заңы қатты ғой, бұл үшін ондай авторлардың қолын шауып, екінші оқулық жазбастай қылар ма еді, кім білсін?!

Сайран КЕРІМҰЛЫ, география пәнінің мұғалімі:

– Оқушыларға масқара болатын болдық. Сегізінші сыныпта былай жаттатқызып, тоғызыншы сыныпқа келгенде басқаша сөйлеп тұрамыз. Ертеңгі күні оқушы ҰБТ-ға барғанда дұрыс жауапты қайдан табады? «Шың» деп аталатын жоғары оқу орнына түсушілерге арналған тест оқулығы бар. Қазір ҰБТ тапсырушы оқушылардың көбі осы тест-оқулықпен дайындалады. Оны да Білім және ғылым министрлігі ұсынған. Сонда да Қазақстанның шекарасы мектеп оқулықтарындағы мәліметпен сәйкеспейді. Онда Қазақстанның шекара ұзындығы – 13 331 шақырым, оның 12 711-іне жуығы – құрлықпен, 600 шақырымы теңізбен делінген. Бұған не дейсіз? Мұндай мәселелердің дертке айналып бара жатқанын байқауға болады.

Р.S.

Осы материалды жазып жатқанда білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Еліміздегі оқулық шығаруды дамыту үшін қысқа уақытта құқықтық база құру қажет», — деп мәлімдеді. Оның ойынша, Қазақстандағы 6 мыңнан астам оқулық пен оқу-әдістемелік материалдар маңызы жағынан да, полиграфиялық жағынан да жетісіп тұрған жоқ. Ол сапасыз оқулықтардың үлгісін министрліктің веб-сайтына жариялауды тапсырып отыр, көпшіліктің сараптауына. Әй, осыған веб-сайттың беті жетпей қалады-ау!..

Автор:
Салтан Сәкен