Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мәдениет саласы үшін маңызы ерекше


4 сентября 2019, 03:27 | 988 просмотров



Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы барша отандасымыз үшін маңызды, себебі онда еліміздің алдағы даму жолдары айқындалып, басты бағыттар бағдарланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өр­кендеуінің негізі» атты Жол­дауында Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын айрықша атап өтті. Аталған кезең шындығында да егемен еліміздің берік іргетасын қалыптастырды.

Президент өз қызметіне кіріс­кенде жасаған бірінші үндеуінде барлық саладағы қордаланған проблемаға қатысты бірқатар тапсырма берді. Соның ішінде біздің салаға да едәуір көңіл бөлініп, ондағы мәселелерді шешудің нақты бағыттары белгіленді. Айталық, келесі жылы әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары, сондай-ақ одан соң ең ұлы мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған дейін де Абай айтқан «бекер мал шашпақ» дей-тұғын бес дұшпанның бірін алға тартып, осыған қатысты ойын да жеткізіп жүр. Ұлы ақынның ойына негізделген ұстанымына берік екенін бүгін де білдіріп: «Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», деді Президент. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткен бағыттар басты назарға алынады. Өйткені ел тарихындағы осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуі тиіс.

Жолдаудағы біз үшін ең маңызды жаңалық – Мемлекет басшысының мәдени сала қыз­мет­керлеріне лайықты көңіл бөлін­бей отырғанын айта келіп, ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шешімі. «Олардың еңбек­ақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдары­нан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», деген Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды. Енді мәдениет саласы қыз­меткерлерінің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерді алу мүмкіндігі білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен теңесетін болды. Бұл еліміздің руханиятына деген ерекше қолдау һәм бізге артылған үлкен жауапкершілік деп түсінеміз. Сондай-ақ Президент өз тапсырмасын нақтылап, оның орындалу мерзімін белгіледі. Яғни, 2020 жылдан бастап мәдени сала қызметкерлерінің жалақысы көбейтілуі тиіс. Бұл бізге сенім ұялатады.

Бүгінгі Жолдаудың тағы бір маңыздылығы – Президенттің тіл мәселесін назардан тыс қалдырмауында. Расында, «Тілдің жайы – ұлттың жайы» ғой, мемлекеттік тіл дамуы үшін кез келген орта қазақшалануы керек. Мемлекет басшысы да бүгін мемлекеттік тіл мәселесін май шаммен қарамаса болмайтынын айтты. Ауладан бастап, мектеп, ЖОО, ұйым-мекемелердегі қазақ тілінің жағ­дайы алаңдататынын жеткізді. Осы орайда тілді дамыту­ға арналған нақты шаралар да, қо­ғамдық ұйымдардың белсенділігі де артуы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ, осы мәселеде күш біріктіргеніміз абзал. Өйткені тілдің мүшкіл жайы – бәрімізге ортақ түйткіл. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.

Бұдан бөлек, Жолдауда Президент жас буын арасында бұқаралық спортты насихаттау керектігін тілге тиек етіп: «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деді. Осы ойының нәтижесінде аталған бағытты заңнамалық тұрғыда нақтылап, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін тапсырды. Алдағы уақытта бұл тапсырмаға қатысты нақты шаралар қабыл­дауды қолға аламыз.

Ал біздегі қазір кенжелеп тұр­ған туризм саласындағы түйт­кілдердің түйінін тарқа­туға бағытталған тапсырмалар­ды Мемлекет басшысы жақын­да өткен «Ұлытау – 2019» халық­аралық туристік форумында бас­тап айтқан еді. Сондай-ақ ту­ризмнің ел дамуындағы маңызына да айрықша тоқталған-тын. Бүгін осы ойын толықтырып, алдағы жоспарға бекітті. «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс» деуі – осының айғағы. Жолдауда айтылғандай, Алтын Орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануға бағытталады. Бұл ретте туристерді тартуда Шыңғыс хан тұлғасын тиімді пайдаланып отырған Моңғолияның тәжірибесіндей, Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау мәселесі назардан тыс қалмайды.

Дарынды балалар – ел дамуына үлес қосатын, болашағымызды жарқын ететін азаматтар. Ал нағыз таланттардың басым бөлігі ауылда екені белгілі. Осыны ескерген Мемлекет басшысы дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік оқу орындарына дайындау керектігін айтты әрі аталған тапсырманы шешудің нақты жолы ретінде Үкіметке «Дарынды баланың қабілетін дамытудың»  жол картасын әзірлеуді тапсырды. Елімізде соңғы уақытта әлеуметтік мәсе­ле­лердің қордаланып қалғаны белгілі, соған сәйкес Үкіметте бірқатар шара қабылданғаны мәлім. Елдегі ахуалға қарай жол картасы аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталмақ. Қ.Тоқаев Үкімет пен әкімдер дарынды балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керектігін жеткізді.

Қазақстанның екінші Прези­ден­ті жа­рия­лаған алғашқы Жол­дау алдағы атқары­латын істерде бас­шылыққа алынатын негіз­гі құ­жатқа айналмақ. Бұл өз кезегінде тәуел­сіз­дігіміздің тұрақтылығын сақтауға және еліміздің өр­кендеуіне жол ашатыны анық.

Автор:
https://egemen.kz