Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Латын әліпбиіне көшу- әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын негізгі жол


6 сентября 2019, 08:03 | 942 просмотра


 

    Ұлттық білім беру парадигмасы, оның басты ұстанымдары жоғары білімді маманға ерекше міндет артып отырғаны белгілі. Өйткені, елімізде бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жеткізетін, соған мүмкіндік жасайтын, ең алдымен, білімді де білікті маман екені даусыз.

   Демек, еліміздің экономикасын дамытатын, мәдениетін көтеретін ХХІ ғасырдың маманы қандай болу керек дегенде, ең алдымен, өз халқының баға жетпес байлығы, төлқұжаты ана тілін жетік білетін, оның сан алуан қырларына бойлай алатын тілдік тұлға болуы міндетті.

   Өйткені, тілін сүйген, оны қадірлей білген адам өзін де, өзгені де, мәдени құндылықтарын да бағалай алады. Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қана қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін рационалды, эмоционалды мақсатта бейнелейді. Сондықтан тілдік тұлға – өз санасында ақиқатты бейнелеуші ғана емес, оны санада қайтара жаңғыртушы қасиетке ие белсенді әрекет иесі.

   Адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайды. Сондай-ақ, тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайды. Адам – өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да – халық. Дәлірек айтсақ, тілдің субъектісі, біріншіден – тілдік тұлға (жеке адам, тілді тұтынушы), екіншіден – халық, ұлт (тілдік ұжым). Тіл – ұлттық мәдениеттің коды. Тіл – халықтың мәдениеті мен қуатының көрінісі.

    Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұраны да тілдің осындай құдіреттілігінен туындап отыр. Қазақ тілінің руханиятымыздың өзегі болуы да, мемлекеттік тіл мәртебесін, әлеуметтік жауапкершілігін сақтай алуы да оны өз деңгейінде бар болмысымен қиюын тауып, қисынын келтіре қолданумен байланысты.

 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауында «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» екенін басты назарға ала отырып, «алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра беретінімізді» жеткізген.

       Сондай-ақ, Елбасы бұл жолдауда «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады» деп, ұлттық өрлеу мен әлемдік өркениетті тұтастандыратын өзекті мәселені де атап көрсетті [1].

  Әсіресе, Президентіміздің «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын ғарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек» деген пікірі халық тарапынан кең қолдау тауып, ерекше ықыласын оятқаны анық. Бұл мәселені қоғам және ғылым қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері тұрақты түрде көтеріп келеді. Алайда бұл бастамалардың барлығы да аяқсыз қалып келген еді.

             Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің жаңа міндеттерін белгіледі: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта¬ның, ком¬муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр¬дағы ғылы¬ми және білім беру процесінің ерекше¬лік¬теріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр.

      Латын әліпбиіне көшудің мақсаты – «балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызу екенін» естен шығармауымыз керек. Дегенмен, «әліпби ауыстыру ана тілімізге не береді, неден ұтып, неден ұтыламыз?» деген сұрақ та көпшілік көңілінде жүргені белгілі.

Академик Ә.Қайдар «латын әліпбиіне көшу – өмір талабы, болашағы жарқын өркениетті ел болудың алғышарттарының бірі», – деп бағалап, латын әліпбиіне көшудің төмендегідей басымдықтарын көрсетеді: кирил¬лицаның славян жазуы екені белгілі.

     Белгілі түрколог ғалым Ш.Ыбыраев латынға көшкенімізде ұтатын төмендегідей тұстарымызды көрсетеді:

Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.

Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді» [8].

          Ал латын әліпбиіне көшу осы стереотиптерді айналып кетудің ең оңай тиімді жолы болмақ. Латын қаріптерімен шет тілінен енген сөздерді қазақша сындырып жазатын болсақ, ешкімнің таласа қоймайтыны белгілі. Сөйтіп, бір оқпен екі қоян алған боламыз.

   Латын әліпбиіне көшу – өркениетке ілесу. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің 2014 жылдың 17 қаңтарындағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауында: «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.

         Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» – деп нақты белгілеп берді [11]. Және осы жолдауда ана тіліміздің Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болғанын, енді оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн екенін көрсетті. Ал Мәңгілік Ел болу үшін де латын әліпбиі ауадай қажет. Ескеретін бір мәселе, латын әліпбиі бір ғана қазақ халқының әліпбиі емес, Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың әліпбиіне айналуы тиіс.

        Қазіргі зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшуді әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын негізгі жол деп есептейді. Оның саяси мәні де зор. Яғни латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақ елі бүкіл түрік әлемімен бұрынғыдан да жақындаса түседі. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдетеді. Ақпарат және телекоммуникациялық саладағы қолжетімділік те артады. Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.


 

Автор:
Абай ауылындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Қарасай ауданы Замзагул Тулешова,