Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Отбасы – басты құндылық!


10 сентября 2019, 09:15 | 460 просмотров



ҚР Президенті Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні мерекесі. Осыған орай Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында «Отбасы – басты құндылық!» атты Алматы облысының психолог мамандарына арналған семинар өтті.

Қазақстанда отбасы институтын нығайту, неке құндылығы, ұлттық дәстүрдегі қазақы отбасының үлгісін насихаттау мақсатында өткен жиынды Жастарға қызмет көрсету орталығының директоры Жайық Тазабекұлы кіріспе сөзбен ашты.

Кауч және менторлықтың халықаралық тренері, психолог Мәриям Нығметжанова «Отбасындағы психологиялық климаттың қалыптасуы» жайлы айта келіп, норминг мен шторминг туралы негізгі ұғымдармен жұмыс жүргізді.

Ал бақытты отбасы болудың негіздерін Жастарға қызмет көрсету орталығының психолог маманы Сандуғаш Дұрыскелдинова саралап берді.

Бұдан соң «Қос Қанат Жетісу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Е.Радионова «Жастардың репродуктивті денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыста негізгі принциптер мен құралдарды қолдану» тақырыбында баяндама жасады.

Семинар жұмысына  Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары да үлес қосты.

–АИТВ – адамның иммундық тапшылық вирусы, ол XX ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап танымал. АИТВ  жұқпасы адам ағзасына енген соң, иммундық жүйені зақымдап, түрлі инфекциялық ауруларға жол ашады, – деп дәрісін бастаған эпидемиолог-дәрігер Дархан Серікболатов АИТВ жұқпасының берілу жолдары мен алдын алу әдістерін айта келіп, облыстағы соңғы 7 айдағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.

– АИТВ-мен тіркеліп жатқандар елімізде жыл өткен сайын көбеюде. Статистикаға көз жүгіртсек, Алматы облысында ең бірінші жағдай тіркелгеннен бері, яғни 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін АИТВ жұқпасымен ауыратын 3298 адам есепте тұр. Бұл оқиғалардың 1902-сі (57%) – жыныстық  қатынас арқылы жұқтырғандар, ал 1273-і (38,6%) – инъекциялық есірткі тұтынушылар, 54 оқиға (1,6%) жүкті анадан балаға, яғни жүктілік, босану, емшекпен тамақтандыру кезінде жұқтырып алғандар болса, 8 оқиға (0,2%) парентеральды артифициалды (медициналық емес манипуляциялар кезінде), 1 оқиға парентеральды жанасудан кейінгі (кәсіби міндеттерін орындау барысындағы апаттық ахуалдар) кезінде берілген, ал 59 оқиғаның жұқтыру жолы анықталмаған. Жас айырмашылығы жайында айтар болсақ, тепсе темір үзер шақтағы жігіттеріміз бен қыздарымыздың АИТВ жұқтырып жатқанын өкінішпен айтар едім. АИТВ  жұқпасы жастар арасында кең таралып кетті. Алматы облысында АИТВ жұқтырғандардың 26 пайызы 20-29 жастағылар  болса, 40 пайызы - 30-39 жастағылар, ал 20 пайызы - 40-49 жастағылар,  50-59 жастағы жандар 7,5 пайызды құраса, 60 жастан асқан үлкендеріміз - 2 пайыз. Сондай-ақ 1,6 пайызы 15 жасқа дейінгі балаларға тиесілі болса, 1,9 пайызы 15-19 жас аралығындағы балаларды құрайды. Бұл көрсеткіштер тек медицина қызметкерлерін ғана емес, әр адамды алаңдатуы тиіс. Отбасының татулығын сақтау үшін жұбайлар бір-біріне адал болуы керек, - деген дәрігер сөз соңында МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсіндірді.

Автор:
Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы Талдықорған қаласы Р.Сахариев,