Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жастар саулығы – басты мәселе


12 сентября 2019, 05:05 | 1 338 просмотров



Таяуда Талдықорған музыкалық колледжінің студенттері үшін маңызды семинар болып өтті. Маңызды дейтініміз – семинар тақырыбы: «АИТВ жұқпасының алдын алу».

Әлемдегі АИТВ жұқтырғандардың және ЖЖБИ  (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) жартысына жуығы 10-нан 25-жасқа дейінгі жастардың үлесіне тиесілі болып отыр. Осыған байланысты жастарды жауапкершілікті және қауіпсіз сексуальдық мінез-құлыққа оқытудың маңызы артып отыр. Себебі, кеше ғана 9-сыныпты бітіріп, колледж табалдырығын аттаған жасөспірімдер оң-солын танымай жатып, өздерін ересек адамдардай сезіне бастайды. «Мектептің қабырғасынан кеттік, енді есейдік, үйленсем де өз еркім» деп ойлайды. Ақтаудағы 15 жасар бойжеткен мен бозбаланың кәмелеттік жасқа жетпей үйленіп, отау құруы  – осы сөзімізге айқын дәлел. Бұл – өзіміздің қаракөз қазақтарымыздың да ерте есейетін өзге ұлттың балаларынан қалыспай,  жыныстық қатынасқа жастай түсіп жатқанының белгісі. Оларды бұл үшін кінәлау да бір жағы артық. Себебі, жаһандану кесірінен батыстық жүгенсіз идеология бізде де ашықтан-ашық жарнамалануда, тіпті, күн сайын қарапайым ватцап арқылы тарап, ондай ұятсыз дүниелерге  көзіміз де, етіміз де үйренді.  Сондықтан жастарымызды ертерек АИТВ жұқпасынан сақтандырып, алдын алу шараларын күшейтсек, болашағымыз үшін үлкен сауап болмақ.

Іс жүзінде жыныстық қатынас туралы тәрбие беру, өсіп келе жатқан жастарға дұрыс шешім қабылдау қабілетін қалыптастыруға, қауіптілікті туындататын көптеген факторларға, оның ішінде тәжірибе жасаумен, өзін нық сезінумен, құрдастары тарапынан қысыммен, нашақоршылардың белсенділігімен бетпе-бет келгенде психологиялық иммунттет қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі заманның жастары әртүрлі және өзара байланысты көп проблемалармен бетпе-бет келуіне байланысты, жыныстық сауатын ашу және қауіпсіз мінез-құлықты насихаттау заманауи әлемдегі өмір әдеттеріне жалпы оқыту кешенінің бір бөлігі болуға тиісті.

Іс-шараны Алматы облыстық ЖИТС орталығының мамандары: дәрігер-эпидемиолог Дархан Серікболатов және көмекші эпидемиолог Ілияс Баймолданов ұйымдастырып, АИТВ жұқпасының берілу және алдын алу жолдарын жасөспірімдер санасына құюға тырысты, жауапсыз мінез-құлықтан, темекі, ішімдік сияқты жаман әдеттерден аулақ болуға  шақырды.

Семинарда сондай-ақ, өткен жылғы және 2019 жылдың 7 айы бойынша Талдықорған қаласы мен аймақта қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай барысы, тағы бір жұқпалы індет – туберкулездің алдын алу, ЖЖБИ жұқтыру жолдары, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітушілік пен стигмаға жол бермеу мәселелері талқыланды.

Шара соңында «АИТВ жұқпасы – ғасыр дерті» атты оқыту бейнеролигі көрсетілді. Семинарға 157 студент және 5 педагог қатысты.

Автор:
Рая Ақашева, Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы