Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өтенайлық жастармен кездесіп, сауалнама алды


12 сентября 2019, 11:54 | 53 просмотра



Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-эпидемиологтары  Ескелді ауданына қарасты Өтенай ауылындағы №21 орта мектептің 9-11 сынып оқушылары үшін «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.

Семинар сауалнама, сұрақ-жауап жүргізу арқылы жоғары сынып оқушыларының АИТВ және ЖИТС мәселелері бойынша хабардар болу деңгейін анықтау, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануын нығайту және қауіпті мінез-құлықтың алдын алу мақсатын көздеді. 

– ЖИТС – әлемдік мәселелердің бірі.  Өйткені  ЖИТС жер бетіндегі барлық адамға  әсер етуі мүмкін.  Дүние жүзі адамзатты жылына екі рет бұл індетпен күресуге шақырады.  Яғни, мамыр айының үшінші жексенбісінде ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алсақ, 1 желтоқсанда – күрес күні ретінде атап өтеміз. Осылайша бұл науқандар әрқайсымызды салауатты өмір салтына, адами құндылықтарды растауға және есірткі қолдану, ретсіз жыныстық қатынастан бас тартуға, зорлық-зомбылық пен маскүнемдікке қарсы тұруға талпындырады. Тек педагогтар, медициналық қызметкерлер мен ата-аналардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана жасөспірімдердің АИТВ алдын алу шаралары бойынша білімін арттыруға қол жеткізуге болады, – деді өз сөзінде эпидемиолог дәрігер Дархан Серікболатов.

–Шынында, жастар арасында жұқтыру жағдайлары ерекше назарды қажет етеді. Жасөспірімдер ортасында АИТВ-инфекциясының таралуына себепші болатын қанға енгізілетін есірткіні қолданатын нашақорлық және қауіпті жыныстық қатынастар, қауіпті сексуалдық тәжірибелер, жыныстық жолмен таралатын аурулар пайда болғанда медициналық көмекті елемеу сияқты жағдайларымен түсіндірілетін факторлар әсер етеді. Жастар жыныстық жолмен таралатын классикалық инфекциялар, олардың көрінуі және  оның салдары туралы өте аз біледі. Сауалнама жауаптарына қарап-ақ оларда АИТВ/ЖИТС мәселелері және оның алдын алу туралы тиісті білімнің жоқ екенін аңғаруға болады. Осылайша, АИТВ/ЖИТС мәселелері туралы жастардың білімі төмен болып қалуда, ол жастарға мінез-құлықты түсініп таңдауға мүкіндік бермейді, – деді көмекші эпидемиолог Ілияс Баймолданов сауалнама қорытындысын саралау кезінде.

Ашық әңгіме барысында мамандар балалардың әр түрлі сұрақтарына жауап берді, бейнеролик көрсетіп, ақпараттық материал тапсырды.

Іс-шара соңында оқушылар: «Біз, әрине, бұқаралық ақпарат құралдарынан ЖИТС туралы естиміз, бірақ бұл туралы ЖИТС орталығының маманы айтқан кезде бұл өте сенімді және қызықты», - деді алған әсерлерімен бөлісіп.

Автор:
Рая Ақашева, Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы