Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әскери шатырдағы әсерлі әңгіме


12 сентября 2019, 12:18 | 490 просмотров



Осы сейсенбіде Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Жетіген ауылдық округінде орналасқан №78639 әскери бөлім қызметкерлері  үшін  «АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында семинар өтті.

Ашық алаңқайда  оқу-жаттығу сабақтарын өткізіп жатқан әскерилер лезде әскери шатырға  жиналып, Алматы облыстық ЖИТС орталығының  дәрігер-эпидемиологы Үржан Мұхаметалинаның пайдалы  дәрісіне құлақ қойды.   

–АИТВ мен ЖИТС жайлы естіген боларсыздар. Қазіргі таңда біздің елімізде АИТВ-ның жыныстық қатынас жолдары арқылы берілуі барған сайын көптеп кездесуде, бұл дегеніміз – жұқтырудан ешкім сақтандырылмағанын. Күдіксіз өмір сүру үшін денсаулығыңызға көңіл бөліңіз және АИТВ-ға тексеріліңіз. Өйткені әзірге емі жоқ бұл қауіпті  індетті әскерилер де жұқтырып жатқанын ұмытпаңыздар. Мәселен, өткен жылы Алматы облысынан біздің орталыққа  АИТВ жұқтырған 62 әскери адам тіркелген болса, бұл сан биыл 85-ке өсіп отыр. Өңірдегі жалпы науқастар саны – 3298. Көпшілігі – мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түсу арқылы, яғни ауру жұқтырудың ең оңай жолымен зауалға ұшырағандар. Сол себепті жақсы танымайтын қыз-келіншектермен бір сәттік ләззат буына мас болудан аулақ болыңыздар, әсіресе жеңіл жүрісті әйелдерге жоламаңыздар. Бізді қынжылтатын тағы бір мәселе – соңғы кезде еркек пен еркектің жыныстық қатынасы деген сорақылық пайда болды. Жалпы, ер-азаматтың бір мүшесі артық, сонысымен ол әйелден бір саты жоғары. Жігіттер, осыны жақсылап түсініп алыңыздар, өз беделдеріңді көтеріңдер, жаман істерді тыйып, жан-жақтарыңды бажайлай жүріңдер. Сендер – біздің тірегіміз, ел қорғанысыздар! Дегенмен, жақындарыңыз абайсызда бұл ауруды жұқтырып алғаны анықталса, сол үшін қатты шошынбаңыздар. АИТВ-ны жұқтырған адаммен қорықпай бір үй-жайда тұруға, бірге жұмыс істеуге, тамақтануға, ортақ қол жуғыш пен дәретхананы пайдалануға болады. АИТВ-ны жұқтырған адамдарды оқшаулауға ешқандай негіз жоқ. Керісінше, бұл адамдар жұртшылық арасында өмір сүруге және жан- жақтан психологиялық қолдау табуға тиіс, – деп аналық ақылы мен дәрігерлік кеңесін  тәмамдады Үржан Мүрсәлімқызы. 

Тыңдаушылар аймақтағы және елдегі эпидемиологиялық жағдайға қаныққан соң  өздерін мазалаған қызықты сұрақтарын қойып, әскери шатыр іші қызу пікірталас алаңына  айналып кетті.

Тепсе темір үзетін ел қорғандары өмірлеріне қажетті мәлімет бергені үшін орталық маманына ризашылығын білдірді.

Автор:
Г.Шонабай, Алматы облыстық ЖИТС орталығының баспасөз хатшысы