Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Үшінші қазақ ғарышқа қашан ұшады?


24 сентября 2009, 04:21 | 2 605 просмотров



«Қазақ ғарыштың есігін ашты» деп бөркімізді аспанға атқалы он жеті жыл болды. 1991 жылы қазанның екісі күні Сарыарқаның сары даласын атойлатып, қазақ баласы тұңғыш рет шексіз әлемнің биігіне көтерілді. «Союз ТМ» ғарыш кемесінде Қазақстан ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Ресей азаматы Александр Волков және Австрия азаматы Франц Фибекпен бірге ұшып, «Мир» ғарыш кешенінде жұмыс істеп, 7 күн 22 сағат 13 минут ғарышта болып қайтып оралды. Содан кейін КСРО-ның 79-шы, Қазақстанның 2-ші ғарышкері атанған Талғат Мұсабаевтың есімі қазақ космонавтикасының жылнамасына алтын әріптермен жазылды. Алғашында 1994 жылы 1 шілде мен 4 қараша аралығында «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен ұшып, ғарышта 125 күн 22 сағат 36 секунд болып қайтқан Талғат содан кейін екі рет аспан әлемін шарлады. 1998 жылы «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің, 2001 жылы 28 сәуірде «Союз ТМ-32» ғарыш кемесінің командирі болды.

Сонымен атымыз бәйгеден келгендей болып, Еуразияның байтақ даласында қуанышымыз қойнымызға сыймай, «біз-ғарыш державасымыз!» деп дүрілдесіп-ақ едік. Өкінішке қарай, содан кейін қазақ баласының ғарышқа қарай жолы бір түспей-ақ қойды. Байқоңырды 49 жылға жалға алып қызығын көріп жатқан ағайындар, «сендерге қазірше осы жетеді» дегендей, кезек те, ерік те беретін емес. Жеті жылдан бері ғарышқа көз тіккен жұрт, «Үшінші Әубәкіров қашан ұшады?» деген сауалға жауап таппай келеді.

Жұртшылықтың есінде болса, баспасөз беттерінде ғарышкер Талғат Мұсабаевтың 1994 жылы Елбасына қазақ ғарышкерлер отрядын құру туралы ұсыныс жасағаны жазылды. Нұрсұлтан Әбішұлы 1999 жылы Ресей ғарыш агенттігінің төрағасы Ю. Коптевпен космонавтар отрядына тағы екі қазақстандық ғарышкерді алу мәселесі төңірегінде дидарласқаннан кейін 79 үміткер тіркеліп, іріктеу кезінде солардың бірде-бірі өтпегенді. Ал 2000 жылы 460 үміткердің ішінен Вячеслав Құрабаев пен Руслан Мұхамедрахимов байқау барысында үздік деп танылып, Мәскеуге жіберілді. Ресейдің мемлекеттік ведмоство-

аралық комиссиясы тек Мұхамедрахимовты ғана даярлық орталығына рұқсат етті. 2001 жылы медициналық сараптау Ермек Шайдуллиннің ғана денсаулығы жарамды деген баға берді. Ал «бұйырса, қазақстандық тағы бір ғарышкер ұшатын болды», деп жүргенде Руслан мен Ермектің медициналық сынақтан өту мерзіміне 1 жыл толып кетіп, 2002 жылдан бастап қайтадан комиссиядан өтуге тиіс болды. Содан бері қаншама су ақты.

Ресейдің космонавтарды даярлау орталығына жету қиямет-қайымға айналды. Негізі біздің ғарышкерлер Ресей ғарыш кемесімен ұшатындықтан кеме командирі міндетін ат-

қара алмайды. Ал Талғат Мұсабаев қалай командир болды дегенге келетін болсақ, ол сол кездерде Ресей азаматы еді. Екінші - бортинженерлікті де хақ иелері өзгелерге қия бермейтін сияқты. Сондықтан, біздің жігіттердің ғарышкер-зерттеуші болуға ғана мүмкіндіктері мол екен. Бірақ соның өзіне де іріктеуден өту өте қиын. Бір кездері Қазақстан аэроғарыш агенттігінің төрағасы Мейірбек Молдабековтің осы мазмұндас сұхбат бергені есімізде.

Бірақ соншама қатал іріктелетін космонавтар отряды туралы аңыз әңгімеге соңғы жылдары 20-30 миллион доллар қаржы төлеп, жеті қат көкке еш даярлықсыз барып-келіп жүрген ғарыш-туристері нүкте қойғандай. Тіпті, соңғы рет ирандық ғарыш турисі - азірбайжан қызы қиналмай-ақ жайбарақат сапарлап қайтты. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дейтін қазекеңнің сөзі рас.

Бұл жерде ғарышкерлер отрядына қабылдаудың жоғары талабын жоққа шығарайық деп отырғанымыз жоқ. Адамның дене әлеуеті мен интеллектуалды әзірлігін, психологиялық және моральдық қасиетін түгел бағалайтын қатал сыннан сүрінбей өту оңай емес. Әйтсе де, ғарыш-туристеріне қарап, «Ресей ғарыш ісінің басшылары «көңілі түссе - көл, көңілі түспесе - шөл» емес пе?» деген ой туады.

Қазір Ю. Гагарин атындағы космонавтар даярлау орталығында Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов сияқты екі жігітіміз кешенді толық даярлықтан өтті. Бірақ олардың қашан ғарышқа самғайтыны тағы белгісіз.

Биыл Елбасы Н.Назарбаев Ресей Президентінің Қазақстанға сапары кезінде бұл мәселені қозғаған. Бұйырса, 2009 жылдың күзіне қарай біздің жігіттердің жолы болып қалуы мүмкін. Қазғарыш агенттігі баспасөз қызметінен білгеніміздей, тек бір ғарышкерімізді ұшыру үшін ғана Ресейге туристер төлейтін қаржыдан әлдеқайда көп қаржы төлейді екенбіз. Осыдан кейін «ғарыш айлағымыз бар, біз ғарыш державасымыз» деуге қайтіп ауыз барады?

Автор:
ҒАБДУЛ МЕРҚҰРМАН«НҰР АСТАНА»