Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Министр: Қазақстандық оқушылар білімдерін қолдана алмайды


17 сентября 2019, 08:28 | 1 046 просмотров



НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – PISA нәтижелері оқушылардың функционалдық сауаттылығының төмендігін көрсетіп отыр. Бұл туралы бүгін «DoingBusiness» рейтингінде Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселелері талқыланған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Білім мен ғылым саласы бойынша бірнеше халықаралық рейтингтер мен зерттеулер жүргізіледі. Орта білім беруде біз 5 салыстырмалы зерттеуге қатысамыз. Негізгілері - PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулері. PIRLS зерттеуінде біз мәтінді түсіну және оқу сауаттылығы бойынша бүгінгі күні 27-орындамыз. Ал TIMSS зерттеуінде математика және жаратылыстану пәндері бойынша үздіктер ішіндеміз және 10 жетекші елдің қатарына ендік», - деді министр.


Дегенмен, оның айтуынша, TIMSS зерттеуі тек академиялық білімдері бар екенін ғана көрсетеді және осы көрсеткіш бойынша нәтиже жақсы. «Алайда, біз үшін ең маңызды рейтинг және зерттеу ол – PISA. Осы PISA нәтижелері оқушылардың функционалдық сауаттылығының төмендігін көрсетіп отыр. Талдау жасау, сыни тұрғыда ойлау дағдылары бүгін біздің балаларда жеткіліксіз. Басқаша айтқанда, Қазақстандық оқушылар көп біледі, бірақ алған білімдерін тиісінше қолдана алмайды. Осыған байланысты 2016 жылдан бастап мектептерде сыни ойлау және дағдыларды дамытуға бағытталған жаңартылған білім беру мазмұны енгізілуде. Жаңа бағдарламалар, жаңа бағалау жүйесі енгізіліп жатыр. Осының бәрі септігін тигізеді деп ойлаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.



Автор:
https://www.inform.kz