Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Оқушының ойы мен белсенділігін дамытудағы ойынның рөлі.


20 сентября 2019, 03:31 | 1 457 просмотров



Уақыт талабы оқу-тәрбие үрдісін батыл интенсивтендіру- оқушылардың білім жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеру үшін ұстаздан терең білімділікті, кәсіптік шеберлікті, ыждағаттылықты талап етеді. Осы талаптарға сай мұғалім қызметіндегі шығармашылық негіздерді нығайту- оқушыларға білімді игертуде бар мүмкіншілікті тиімді пайдалану, барлық әдіс-тәсілдерді жетілдіріп отырғанда ғана сапалы білім, дұрыс тәрбие беру жүзеге асады.Адам баласы қоршаған орта туралы шындықты белсенді іс-әрекеттің нәтижесінде танып біледі. Ол іс-әрекеттер: ойын, оқу және еңбек. Дегенемен жас жеткіншектер үшін ойын- ең маңызды іс-әрекеттің бірі.«Әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған үрдіс.»Ойын- бала әрекетінің негізгі бір түрі. Бала үшін «ойын»- өмір сүрудің белсенді формасы, сол арқылы ересектерге еліктейді, олардың іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсіне біледі, адамгершілік нормаларын игереді, әлеуметтік рөлдер атқарады. Мұны А.С.Макаренко жақсы көрсете білген. «Үлкендер өмірі үшін жұмыс, қызмет істеу, әрекет ету қандай орын алатын болса,- деп жазды ол,- балалар өмірінде ойын да сондай үлкен маңызды. Ойында бала қандай болса, өскеннен кейін, көбінесе, сондай болады. Сондықтан келешекке адамды тәрбиелеу бәрінен бұрын ойын арқылы болады.Дидактикалық ойындар баланың таным үрдісін және тілін дамытады. Бала еліктеу, қабылдау арқылы әлеумет өмірінің, өндіріс қатынастарының мазмұнын түсінеді. Оын әрекеті- психикалық қабілеттерін жетілдіріп, баланың жеке басын қалыптастырып, әлеуметтік өмірмен жанастыратын әрекеттің бірі. Баланың ойын тәжірибесінде ұжымдық өмір дағдылары қалыптасады. Бала қылығын ережеге бағындыруға, керексіз амал-әрекетті тоқтатып, кедергіні ығыстыруға үйренеді. Рөлді ойында баланың ойлауы, тілі дамып жетіледі.Дидактикалық ойын баланың дүние танитын қабілетін, іс-әрекетін жетілдіреді. Ойынның әдісін, мақсатты мазмұнын, ережелерін мектепте педагогтер дайындап отырады. Оның үстінде баланың эмоциялық күйі және көңілі көтеріңкі болады. Манипуляция жасайтын жасқа толғанмен балалар нәрселердің ойын үстіндегі жаңа көріністеріне мәз болады. Рөлді ойындарда ойын ережесіне сай атқарған рөлі баланы көңілдендіреді. Қимыл ойындарында бала өзінің ептілік істеріне масайрайды. Дидактикалық ойындарда жаңалап өнер үйренгеніне бала рақаттанады.Ойын үстінде баланың сана-сезімі, еркі, өзін-өзі бақылауы, өзінің іс-әрекетімен салыстыру қасиеттері жетіледі. Сондай-ақ зейін, ес, қиял сияқты психикалық үдрістері қалыптасып, сөйлеу тілі дамиды.Қозғалыс ойындары арқылы баланың зейіні қалыптасады. Зейін деп- адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылысты айтады. Дәлірек айтқанда, зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алу.

Адамға тән әрекеттің кез келген түрінде зейін орын алмаса, оның нәтижелі болуы қиын. Зейін туралы орыс педагогы К.Д.Ушинский былайша көрсеткен еді: «Зейін адам санасынан қорытылып өтетін барлық ойды аңғартатын, адам жанының жалғыз ғана есігі болып табылады, демек, бұл есікке ілімнің бірден-бір сөзі соқпай өте алмайды, егер де ол соқпай өтсе, онда баланың санасында ештеңе қалмайды.»

Ес – күрделі психикалық үрдістердің бірі. Ес дегеніміз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адам миында сақталып, қайтадан жаңғыртылып, танылып, ұмтылуын бейнелейтін үрдіс. Ес адамның басқа жан құбылыстарымен де тығыз байланысып жатады. Ол, әсіресе, ойлау үшін аса қажет. Нәрсе есте дұрыс сақталмаса, бұл жәйт ойлауға қиындық келтіреді. Ж.Аймауытов: «Еске түсіру өнері дегеніміз ойлац өнері, байланыстардың мәнісі- ойлау деген сөз»,- дейді.Жанның өзінде бұрыннан бар суреттеулерден жаңа суреттеулер жасай алуы қиял деп аталады. Қиял еңбек әрекетінде пайда болған. Қиялдың дамуы адамның қажеттіліктерінің дамуымен тығыз байланыста болып отырады. Баланың қиялы, әсіресе, ойында жарыққа шығады. Ойын- балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда бала жанындағы әсерлермен пайдаланады. Айналасындағы тұрмыстан нені көрсе соны істейді.Адамның ең жарқын ерекшеліктерінің бірі- оның сөйлеу қабілеттігі. Сөз-адамның психикасының өмір сүруінің аса маңызды факторы. Сондықтан адамның барлық психикалық ерекшеліктері сөйлеу арқылы ғана көрініп, өмір сүреді. Тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді сөйлеу деп атайды. Сөйлеу –пікір алысу үрдісінде жеке адамның белгілі тілді пайдалануы. Сөйлеу жеке адамдардың арасындағы өзара түсінуді реттестіру үшін, пікір алысу үшін қызмет етеді. Сөйлеу үрдісі арқылы адам өзінің білімін, практикалық тәжірибесін байытып қана қоймай, сонымен қатар ғасырлар бойы жинақталған қоғамдық тәжірибені меңгеруге де мүмкіндік алады. Ойдың тілі-сөз. Бір сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз.Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек және балаға ұқпайтын жат сөз үйретпеу керек. Екінші, бала өзі теңдес балалармен бірге ойнағаны мақұл. Баланы еш уақыт сөзден тыймау керек. Былдырласын, шолжаңдасын, сөйлей берсін.Бала қоршаған ортадағының бәрін ойын арқылы қабылдайды, одон керегін іріктеп алады. Сөйтіп, ол өзінің тілегін ғана іске асырады. Бірақ жасаған әрекетінің неден басталып, немен аяқталатынына, одан шыққан нәтижеге ой жібермейді. Бала ойын арқылы оқуға, мектепке даярланады. Сондықтан ойында шамалы еңбек, оқу көрінісі бар дей аламыз. Заттың сан алуан қасиеттерімен де бала, ең алдымен, ойын арқылы танысады. Өмірді әр қырынан көре бастайды. Ойлауға, әрекет жасауға ешкімнің қысымынсыз, еркін үйренеді. Одан ләззат алады. Ойынның құпиясы да, психологиялық құндылығы да осы.

Айнұр Отунчинова,

 «Құдаш Мұқашев атындағы негізгі орта мектебі  МДШО»  КММ

«Мектепалды даярлық » үйірмесінің жетекшісі.   

 Ақсу ауданы

Автор:
Айнұр Отунчинова,