Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлттық банкке теңгенің нығайғаны тиімсіз бе?


24 сентября 2019, 09:44 | 675 просмотров



Өткен аптада «қара алтын» құны 60 доллардан 68 долларға күрт көтерілгенде көпшілік доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төмендейтін болды деп күткен.

Алайда апта басында доллар небәрі 1,94 теңгеге арзандап, алдыңғы апта соңындағы 386,71 теңгеден 384,77 теңгеге түсті. Оның үстіне апта бойы мұнай сәл арзандап, бейсенбі күні 64-65 доллардың айналасында құбылғанда доллардың теңгеге шаққандағы құны қайтадан 385,96 теңгеге жетті. Бұл тіпті мұнай бағасы 60 доллар болған кездегі көрсет­кіштен де жоғары. Шикізаттың қымбат­тауы төл валютамызға тиімді болуы тиіс еді. Бірақ Ұлттық банк қазір теңгенің нығаю­ына мүдделі емес секілді. Мәселен, апта басында Қазақстан қор нарығының ресми сайтында жарияланған мәліметте 23 қыр­күйек пен 15 қазанға дейінгі доллардың фьючерстік бағасы жарияланды. Онда доллар баға­мы тиісінше 387,17 және 389,17 теңге деп көрсетілді. KASE сарапшыларының бұл пес­си­мизмінің себебі не?

 

Ұлттық банктің прагматикалық шешімі

Біріншіден, Ұлттық банк қазір төлем балансының оң сальдосын қамтамасыз етуге кірісті. Яғни, мемлекеттің импорт тауарлары үшін жұм­сал­ған ақшасын азайтып, экс­порттан түсетін пайданы кө­бей­туге жұмыс істеуде. 2014 жылғы шикізат дағдарысы мен девальвациядан кейін Ұлттық банктің төлем балансы тұрақты түрде «минуста» болды. Тапқан ақшадан гөрі жұмсаған ақша көп еді. Сол шығынның орнын толтыру үшін Ұлттық қордан тұрақты қаражат бөлініп келе жатқаны белгілі. Әрине біраздан бері Ұлттық қор республикалық бюджеттің 20-30 пайызын жауып келеді. Бірақ соңғы бес жылда Ұлттық қорға салынған ақшаға қарағанда, одан алынған қаржы көбейіп кетті. Тек биыл ақпан айында ғана төлем балансының сальдосы профицитпен қалыптасты. Яғни, бес жылда алғаш рет мемлекеттің табысы шығынынан 0,9 млрд доллар асты. Бұл тұрғыда Ұлттық банктің валюталық философиясы өзгерген секілді. Бұрын ұлттық валютаның құнын бірінші кезекке қойған бас банк енді мемлекеттің табысын көтеруге көңіл бөлуде.

Жалпы, «валюта әлсірету» саясаты Қытай секілді тауар экспорттаушы елдер үшін ең басты стратегия екені белгілі. Бір кездері интервенция жасап төл валютаның құнын жасанды жолмен көтеріп отырған бас банктің қазір керісінше долларды демеуі валюталық биліктің прагматикалық шешімі дер едік. Себебі доллар қымбат болса, елдің экономикалық көрсеткіші долларға шаққанда төмендегенімен, мемлекеттің сауда балансында профицит қалыптасады. Мемлекеттің табысы көбейеді.

 

Бұл уақытша баға

Ұлттық банктің доллардың теңгеге шаққандағы құнын төмен­деткісі келмеуінің екін­ші себебі нарықтағы қазіргі ахуалға байланысты болуы ықтимал. Сауд Арабия­сын­да­ғы екі нысанның жарылғаны әлемдік нарыққа әсер етпей қоймайтыны анық. Екі ны­санның істен шыққаны бұл елдің мұнай экспортына айтар­лық­тай кесірін тигізді. Бұрын тәулігіне 9,8 млн баррель өндір­ген болса, енді елдің өндіріс қуаты бар болғаны 5,7 млн баррель ғана. Сауд Арабиясы өткен аптада 4,1 млн баррельдің 2 миллионын қалпына келті­ре­ті­нін мәлімдеген еді. Мұнай бағасының апта ортасында қайтадан арзандап 64 дол­лар­ға дейін төмендеуіне осы мә­лім­деме әсер еткен­дей. Оның үстіне елдің өнді­ріс­тік қуа­ты айтарлықтай азай­ға­ны­мен, экспорт көлемі азай­ған жоқ. Себебі мемлекет атал­ған 4,1 млн баррельдің орнын мұнай қорынан жұмсай бастады.

Оның үстіне прези­ден­т­тігінің алғашқы күнінен бері мұнай бағасымен күресіп келе жатқан АҚШ президенті Дональд Трамп аталған оқи­ға­дан кейін бірден АҚШ мұнай қорындағы шикізатты дереу нарыққа шығаруды тапсырды. Ондағы ойы – қара алтын құнының шарықтап кетпеуіне жол бермеу. Бұл да мұнай бағасын тежеп қалған болуы мүмкін.

Жалпы, Саудиядағы жарылыс нарықты түбегейлі өзгертетін фактор емес. Нарық үшін бері­сі бірер күнде, арысы бір-екі айда қалпына келіп ала­­тын оқиға ғана. Мәселен, сарап­шылардың айтуынша, Саудия билігі қыркүйектің соңына дейін өндірісті қайта қалпына келтіреді. Осыны білетін нарық қатысушылары да қымбатшылықтың көпке бармайтынын түсініп отыр. Өз кезегінде Ұлттық банк та күні ертең мұнай бағасы қайта арзандаса, теңгені қайта әлсіретуге тура келетінін ескеріп, долларды арзандатпай отырған болуы әбден мүмкін.

 

ФРЖ мен рубльдің текетіресі

Үшіншіден, 19 қыркүйекте АҚШ Федералды резерв жүйесі доллардың базалық мөл­шерлемесін 2,25 пайыздан 2 пайызға төмендетті. Әде­т­те доллардың мөлшер­ле­­месі төмендегенде даму­шы нарықтар қарқын алға­ны­­мен, бұл жолы дамушы ел­дер үшін бұл жаңалық жа­ғым­ды бола қоймады. Себе­бі ФРЖ басшылығы жыл со­ңына дейін мөлшерлеме енді төмендемейтінін айтты. Мұндай мәлімдемеден ке­йін инвесторлардың даму­шы елдердің валютасын сатып алмайтыны анық. Нәти­же­сінде, бірінші кезекте Ре­сей­дің валютасына сұраныс бірден төмендеп, қара алтын қым­баттап жатқанда рубль әлсі­реп кетті. Одақтас елдің валю­та­сы­ның арзандауы ең алдымен Қа­зақстан экономикасына кері әсерін тигізетіні белгілі. Тең­генің осы аптада өткен апта­да­ғыдан да қымбаттап кеткені осыдан болуы ықтимал.

Автор:
https://egemen.kz