Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық байланыстары туралы


26 сентября 2019, 04:37 | 1 665 просмотров



Халқының рухани қазынасына озық туындыларымен олжа салған, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан алыптарымыз туралы сөз болғанда, ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов есімдері аталады. Бұларды әдебиет тарихында ақ пен қызыл деп бөле-жармай, таптық жікке топтамай, ұлт руханиятының ұстындары, қазақ көркемсөз өнерінің ұлы тұлғалары деп біртұтас алып қарауымыз керек.

Осылардың ортасында қазақ әде­биетіндегі әңгіме жанрының хас шебер­лері Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық байланыс­­­­тары әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып келгені анық. Оған қа­зақ жазушыларының арасындағы ал­ғашқы журналист, көркем проза мен кө­семсөздің, көркем очерктің аса көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің жазуға қабілеті бар жастарды іздеп жүріп тауып, тапсырма беріп жаздырып, қаламдарын ұштауға тигізген әсер-ықпалы жөнінде айтқанда, әрине ең алдымен Ғабит Мүсіреповтің жазғандары ойға оралады: «Төрт-ақ сөзіңді өзгерттім... Үзбей жазып көрші, – деді. Бейімбет сияқты атақты шебердің жәрдем берерін сезінген соң, мен төрт таңды көзімнен атырып, «Тулаған толқында» деген ұзақтау бір әңгіме жаздым. Бірақ онымды Би ағаңа үш рет әкеліп, үш рет көрсетпей алып қайттым. Аяғында рабфактың қабырға газетіне бердім». Ғабиттің әңгімесін қабырға газетінен оқыған Бейімбет Майлин оны іздеп жатақханаға келіп, жанындағы бірге оқитын шәкірттердің көзінше:

«... әңгімеңді оқыдым. Жаман емес екен... Маған неге көрсетіп алмадың?» – дейді.

Осы бір ауыз сөзде қаншама мейір­­бан­­дылықтың, қамқорлықтың, бауыр­малдықтың лебі жатыр десеңізші. Оны жас Ғабит те жан-дүниесімен сезінеді, түсінеді. Сол түсінгенін кейін: «Би ағаңның (Бейімбет Майлинды айтып отырмын) мен әртүрлі толқу үстінде көрсеткен сенімі болмағанда, өзімнен жазушы шығады деген үмітім бұлдыр да буалдыр еді. Тәуекелмен бастап кетпей, тастап кетуім де мүмкін еді. Жастарға сенім көрсетудің, жастармен жұмыс істесудің үлгісі солай болса етті деген оймен «Біздің Би аға» очеркімді жазуға тура келді», – деп тиянақтайды. «Біздің Би аға» очеркі 1965 жылы 12 қыркүйекте «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды. Осы очеркінде Ғабең Бейім­беттің бүкіл болмыс-бітімін ашып көрсетіп, өзінің неге осы бір қарапайым да қарымды қаламгерге көңілі құлағанын, екеуара достық, шығармашылық бай­ланыстарының қалай қалыптасқанын, қалай дамығанын біршама толығырақ баяндайды. Екеуінің жолы алдымен «Еңбекші Қазақта» түйіседі. 1928 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Тулаған толқында» атты прозалық шығармасы кітап болып шығады, сол жылы «Қазмемиздаттың» орнына «Қазақстан» баспасы ашылып, оқуға кеткен С.Мұқановтың орнына Ғ.Мүсірепов бас редактор болып қызметке кіріседі. Бейімбет екеуінің тізе қосып, ақылдаса жүріп, көп шаруалар тындыратын кезеңі басталады. Тоғыз жылға созылған тығыз шығармашылық байланыстағы қарым-қатынасты қызыл репрессия қырғыны үзіп кетеді. Бірақ осы азғантай уақытта екі ұлы жазушы бір-бірін жақсы танып-білумен қоса, бір-біріне рухани демеуші, жанашыр аға-іні болғанын аңғарамыз. Бейімбеттің шығармашылық әлеуетіне қатысты Ғ.Мүсіреповтің: «нағыз журналист, әрі үлкен жазушы, әрі маңдай алды журналист» деп бағалауы да сол жылдардағы оның еңбегіне берілген жоғары баға еді.

1929 жылы Жақан Сыздықов Қызыл­ордаға келіп, Ғабиттің үйіне тоқ­тайды. «Кешке жақын Би ағаң Ғабиттікіне келді. Сондағы екеуінің шүйіркелесе сөй­лескені, бірін-бірі зор ілтипатпен тың­дайтыны, ерекше сыйласатындығы осы күнге дейін ұмытылмастай зор әсер қалдырды. Би ағаң ол үйге келгенде, өте сағынысып, алыстан жолаушылап келген адамдай сый-құрметке, әдемі ықылас, жарқын күлкіге бөленетін. Ғабиттің үйінде осылай өткен кештерге мен талай араластым. Бірге болдым. Талай қызықты әңгімелер естіп, талай әдемі күндерді өткіздім» – деп еске алған екен.

1932 жылы Б.Майлиннің ақындық, жазушылық жолының 20 жылдығы аталып өтіледі. «Социалды Қазақстан» газеті тұтас бет арнайды. Бірақ іле-шала Бейімбетті сын садағына алған, орынсыз кінәлаған, азаматтық арына, ақындық шеберлігіне тиіскен мақалалардың шығуы оған қатты соққы болды. «Ұлтшыл-байшыл» деп айып тағумен қоса, «Қазағым – елім, жұртым деп Бейімбеттің ақындығы туды» (С.Қ. 24.05.1932 ж.) деп кінәлады. Алашқа бүйрегі бұрады деген айыптау да алғаш рет айтылды. Келесі жылы ҚазАПП ұйымы таратылып, Қазақ совет жазушыларының одағы құрылар қарсаңдағы ұйымдастыру комитетінің пленумында Ғ.Мүсірепов Бейімбеттің «Он бес үй» повесі мен «Майдан» пьесасы туралы оң пікірін білдіріп, былтыр әділетсіз сынға ұшырағанын, орынсыз жала жабылғанын айтып, оны алғаш рет әдебиет содырларының сойылынан қорғайды. Бейімбет пен Ғабиттің бірлесіп жазған жұмыстарының тағы бір нәтижесі – «Социалды Қазақстан» мен «Казправда» газеттерінде басылған Амангелді туралы очерктері еді. 1936 жылы 25 қарашада «Социалды Қазақстан» газетінде «Амангелді» пьесасы жұртшылық назарына ұсынылған. Оған алғаш Сәбит Мұқанов пен Есмағамбет Ысмайлов сын-пікір жазған. Бейімбет пен Ғабит арасындағы шығармашылық қарым-қатынасқа, ынтымақтастыққа Дихан Әбілов өзінің «Би ағаң» атты естелігінде жақсы тоқталған.

Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіре­пов, Всеволод Иванов – үшеуі бірле­сіп «Амангелді» атты тұңғыш қазақ киносының сценарийін жазады. Аман­гелді өмірінен деректер жинау мақ­сатымен Торғай, Батпаққара аудандарында екеуі бірге болып, жетпіс-сексен адаммен кездесіп, әңгімелесіп, Бейімбет – бес, Ғабит бір жарым дәптерді жазбаға толтырып қайтады. Үшеуінің шығармашылық ынтымағы нәтижесінде дүниеге келген киносценарий бойынша «Ленфильм» кино түсіреді... Бірақ 1938 жылдың соңғы тоқсанында экранға шыққан фильмнің авторлары қатарында Б.Майлин есімі аталмады. Оның себебі түсінікті... Өкінішті, әрине.

Танымал бейімбеттанушы, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше «Бейтаныс Бейімбет» атты монографиясында: «Б.Майлин 1933 жылы Ғабит Мүсіреповпен бірге «Сауат үшін» кітабын жазды. 1934-1936 жылдары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Өміржан Ситдықов – үшеуі «Сауат­тандырғыш» деп аталатын сауат ашу әліппесін жасады. Бұл кітап алғашқы жылы 150 мың, келесі жылы 250 мың, ал үшінші кезегінде 75 мың дана таралыммен шығарылды» – деген дерек береді.

Ғ.Мүсірепов Бейімбеттің жазушылық өнеріне деген зор құрметін: «Ол – әрі теңдесі жоқ әңгімеші ретінде де, әрі прозадағы сүйекті шығармаларды жасаушы ретінде де біздің тұңғыш зергер прозашымыз. Біздің қай-қайсымыз болсақ та Бейімбет Майлиннің осыдан тұп-тура алпыс жыл бұрын жазылған «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендейміз» – деп те білдірген. Ал, енді, Бейімбеттің басына қара бұлт үйіріліп, 1937 жылы 8 қазанда Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымының Б.Майлинді партия қатарынан шығару туралы болған жиналысында оны ашық қорғап, «Бейімбет – жау болса, мен де жаумын!» деуі – тарихи факті, боямасыз шындық, ақиқат. Мұны «басын бәйгеге тігу», «көзсіз ерлік» деп қаншама дәріптесек те нақты бағасын бердік дей алмаймыз. Ғабең Би-ағасының жазушылық шеберлігіне тәнті болғаны өз алдына, оның қарапайым адами тұлғасына жанында қызметтес болып бірге болған жылдарда толық көз жеткізгенге ұқсайды. Бұл жөнінде белгілі бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов Ғабең Бейімбеттен көп қамқорлық көргенін айта келе: «Ғабең сол қамқорлықтары үшін Бейімбетті қорғады десек, ұшқарылау көрінетін сияқты. Оның басқаларға ұқсамайтын айрықша қасиеттері барын байқаған, көңілге түйген Ғабең жария етпей кетпеді. Б.Майлиннің бойындағы, мінезіндегі, жүріс-тұры­сындағы баға жетпес адамгершілік және азаматтық бейнесін ажарландыратын қасиеттердің Ғабең байқаған кейбірін атар болсақ, өте қарапайымдылығы, қолының кіршіксіз тазалығы, жүрегінің қалтқысыз, қаяусыз пәктігі, талантына сай асқан еңбекқорлығы, бастық болуға жоламайтындығы, шенқұмарлығының жоқтығы, пәтуасыз айтыс-тартысқа бармайтындығы, жүріс-тұрысының табиғилығы, өнер, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятындығы, байлыққа қы­зық­пайтындығы, басқа адамдарға мейірімділігі...» деп санамалап шығады да: «Ендеше, Ғабеңнің оны сыйлап, құрмет тұтуы тегін емес» деп ой түйеді.

1964 жылы қазақ қауымы, Бейімбет шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар – жазушының жетпіс жасқа толуын тойлап өткізді. Би ағаңның бұл мерейтойлық мерекесін басқарған сол кісінің абзал, айнымас досы Ғабит Мүсірепов болды. Айта кетелік, «Бейімбет пен Ғабит ағаларымыздың достығы жыр болғандай жақсы өнеге» – деген ақын Қалижан Бекхожиннің сөзі де үлгі пікірмен тоғысып жатыр. Бейімбетке деген адал көзқарасын Ғабең өмір-бақи өзгертпеген. Оның «Біздің Би аға» және «Екінші Би-аға» атты естелік-әңгімелерін оқып отырып бұған тағы да көз жеткізе түсесіз. Ол ешуақытта «Мен солай істедім!» деп кеудесін соғып, мақтанған да емес. Бәрін тарих пен уақыт өз орнына қойды.

Ал естеліктен алынған мына бір үзіндіні оқығанда қалай толқымайсыз, қалай тебіренбейсіз: «Прозада қаламы төселіп болған Би-ағаң «Қызыл жалау» деген романын бітіріп еді. 1937 жылы жаздың күні Ілиястың кабинетінде Сәкен үшеуімізге оқып берді. Сәкен өте қызыға тыңдап отырып еді, өзгемізден бұрын, байлам сөзді де сол айтты: – Жақсы екен, Би-ағасы. Өкірткен екенсің, Би-сақал. Той қылатын роман. Тек соңғы төрт-бес бетін бере тұршы... Былжырлау аяқтағансың ба, қалай.. – деп қолжазбаның соңғы беттерін сұрап алды. – Өзім де дүдәмал едім... – деді Бейімбет күлімсіреп. Ілияс пен Бейімбет қатты ойнайтын. – Дәл керек кезінде қатының шай қайнатып бермеген ғой! Біздің үйге келе қойсаң етті! – деп Ілияс қалжың айтты. Жақсы шығарма жақындастыра түскен сияқты. Бірге қуанар, бірге қайғырар жаңа қауым осылай болу керек те. Күндеу де жоқ, енжарлық та жоқ, кең көңіл, дос көңіл, қанат бітірер көңіл. Әттең «Қызыл жалау» жарық көре алмай кетті. Әлдекімдер кездесер, қырын көздің көре алмағанын, қырағы бір көз шалып қалар да, қолды болған халық мүлкін орнына салар деп үміттенуден басқа не айтамыз»...

Б.Майлиннің «Күлпаш», Ғ.Мүсірепов­тің «Шұғыла» атты әңгімелері – қазақ әдебиетінде алапат аштықтың ащы шындығын көркем шығарма арқылы алғаш суреттеген туындылар. Қазақ әдебиетінде әйел-ана тақырыбына ең көп қалам тербеген жазушылар да Бейімбет пен Ғабит.

Биыл Ғабең музейінде Бейімбет Май­линнің туғанына 125 жыл тол­уына орайластыра әдеби кеш өткіздік. Оған Б.Майлин атындағы қоғамдық қордың президенті, жазушының жиеншары Салтанат Мұстафина, осы қордың атқарушы директоры, белгілі журналист Жұмабек Табын (марқұм), педагогика ғылымының магистрі Тұрсынбай Дәуітұлы қатысқан еді. Кеште мен Музей кешені қорынан алынған мына бір хаттың көшірмесін Салтанатқа тапсырдым: «Қымбатты Ғабит ағам! Біздің папамның тойын жақсы өткізгеніңізге көптеген көп рахмет, семьямызбен Сізге алғыс айтамыз және жақсы тілек білдіреміз. Мамам айтып отырды: «Бейімбет әкең өлсе де Ғабит ағаң білдірткен жоқ». Сондықтан сізге ризалығымыз сондай. Ғабит аға, Мереке көп жылады, білмеймін, сіз қамқорлығыңызға алсаңызшы, ақы­лыңызды айтсаңызшы. Біз семьямызбен Сізді аға ретінде ұстаймыз, үйткені папамның бірінші жолдасы болдыңыз. Аман болыңыз, Ғабит ағам. Кештеу жазған себебім: ауырып қалдым, өзі­ңізге барып жағдайымды айтып едім. Маулиха Майлина, 22/І-66 г.». Маулиха – Бейімбеттің ең үлкен қызы, кейін төлқұжатында аты Рәзия деп өзгертілген екен. Қос классик достығының тағы бір айғағындай көрінетін бұл хат «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды (19.04.2019), алдағы уақытта «Мүсірепов хатханасы – Письмотека Мусрепова» атты кітапта жарық көреді