Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазақ жырының тұлпары


27 сентября 2019, 15:40 | 416 просмотров



         Қазақ әдебиетіндегі үш бәйтеректің бірі, «Қазақ поэзиясының Құлагері» деп мойындалған ақын, тамаша прозаик, драматург, сатирик, қоғам қайраткері  Ілияс Жансүгіровтің туғанына биыл 125 жыл. Мерейлі датаға орай Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде көптеген іс-шаралар өтуде. Атап айтсақ, 2019 жылдың сәуір айында ақынның мерей тойына арналған Алматы облыстық тіл басқармасының ұйымдастыруымен «Өлеңнің өрен жүйрігі» атты жастар арасындағы облыстық байқауға қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Мусекенова Айман Алмабекқызының  жетекшілігімен 3 курс студенті Кездікбай Гүлім қатысып, ақынның «Құлагер» дастанын оқып сертификатқа ие болды. Мамыр айында өткен республикалық Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған жыр мүшәйрасына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Карипжанова Хафиза Советқызының жетекшілігімен 3 курс білімгері Үмітбек Роза қатысып арнайы дипломмен марапатталды. Колледж білімгерлері топ жетекшілерімен Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайына барып, ақынның өмір жолымен танысып көптеген мәліметтерге қанық болды. Алдағы уақытта да мұражайға бару жоспарланып отыр. Бұған қоса барлық топтарда «Жыр дүлдүлі – Ілияс» тақырыбында тәрбие сағаттары өтті. Жастар үйінің тәрбиешілері С.Ибраимжанова, Н.Боканова білімгерлерге Ілияс Жансүгіров  туралы бейнебаян көрсетті. Жастар бейнебаян арқылы ақынның өмір жолымен, шығармашылығымен танысып, терең мағлұмат алды.

         Маусым айында өндірістік оқыту шебері Асқаров Айдар Тұрғамбайұлы Қапал өңірінде Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай өткен республикалық суретшілер пленэріне қатысып «Тамшыбұлақ көрінісі» атты картинасын  халық назарына ұсынды. Нәтижесінде туынды жоғары бағаланып Айдар Тұрғамбайұлы арнайы дипломмен және 100 мың теңге сертификатына ие болды.

          Сонымен қатар колледж кітапханасында «Қазақ әдебиетінің құлагері» атты  көрме ұйымдастырылды. Көрмеге колледжіміздің жас оқырмандары қатысты. Кітапхана меңгерушісі Ибраева Ардақ Қадыржанқызы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, қазақ поэзиясының «Құлагері» сөз бен музыка, әуен, әуез әлемінің сұлу сарайын соққан «Күй жыршысы», сыршыл, сыншыл, әрі талғампаз лирик, кең тынысты, биік өрісті, шыншыл ақын екені жайлы сөз қозғап, І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы, білім алған оқу орындары жөнінде әңгімеледі. Оқырмандар  «Күй», «Ветер» өлеңдерін мәнерлеп оқып, 3 курс студенті Өбек Қалмира «Гималай» атты өлеңінен үзінді оқыды. Ақынның «Гималай» толғауында құдіретті тау бейнесі бейнесі суреттеледі.   Шара соңында кітапханашы оқырмандарға өз ризашылығын білдіріп, кітапханың тұрақты оқырмандары болып, алдағы уақытта да осындай шараларға қатысып тұруға шақырды.

          Өткен аптада Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай колледжіміздің актзалында кең көлемде  «Қазақ жырының тұлпары» атты әдеби кеш өтті. Аталған шараға колледж білімгерлері мен ұстаздары қатысты. Бұл кештің мақсаты: жас буындар арасында Ілияс Жансүгіров шығармашылығын насихаттау. Ақын туралы тереңірек мәлімет беру, өмір жолымен таныстыру, адамгершілікке тәрбиелеу. Ілияс ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау, поэзияны сүюге баулу. Аталған кеш үш кезеңнен тұрды.

  1. І.Жансүгіровтың өлеңдерін жатқа оқу.
  2. Көркем шығармаларынан үзінділер оқу.
  3. Ілиясқа арнау (өз шығармашылықтарынан).

         Поэзия кешіне қатысқан Қожахан Аңсаған, Тұрсын Бахытгул, Альмисов Қуаныш,  Бағдаулет Балауса, Омарғазы Сара, Қабдылманапова Тілектес, Кездікбай Гүлім, Илебай Медет, Дарибаева Ботакөз кезең бойынша ақынның  «Құлагер» «Қарындастарыма», «Арман», «Күй», «Күйші», «Домбыра» т.б  өлеңдерін жатқа оқыды. Ілияс ақынға арнап өз қаламынан туған арнауларын  нақышына келтіре оқып іс-шараның көркін қыздыра түсті.  Осындай іс-шаралардың жастарға берері мол. Өйткені І.Жансүгіровтың «Құлагер» «Күйші» т.б дастандарын жас ұрпақ біліп, оқып өссе еліміздің болашағына өз әсерін тигізеді. Алдағы уақытта колледж қабырғасында  Ілияс ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Дара туған дала ұлы!» атты ғылыми конференция өтпекші.

        Сөз соңында «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» дей келе ақын жырлары ғасырдан ғасырға жалғасып, қалың елдің жүрегінде мәңгі сақтала береді деген сенімдеміз.

Автор:
Ибраева Ардақ, Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің кітапхана меңгерушісі