Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Саралау тапсырмаларын әдебиет сабағында қолданудың тиімділігі


27 сентября 2019, 15:43 | 359 просмотров



Ғұламалар «Әдебиет -  халықтың санасы, оның рухани өмірінің бояуы мен жемісі»- деп бағалаған әдебиетті талапқа сай деңгейде оқыту арқылы баланың рухани әлемін қалыптастыру, ізгілікке, биік адамгершілікке тәрбиелеу, ең бастысы, адам ретінде баулу – әдебиетші ұстаздың аса мәртебелі міндеті. Заман ағысы оқытушылардан біліктілігін арттырумен қатар үнемі жаңа әдіс-тәсілдерді ізденуін талап етеді.

Жаңа технологияны сабақ үрдісіне қолдану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшіліктерін ескере отырып, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа технологияны жүзеге асыру үшін мұғалімге көп ізденіс керек. Сонымен қатар, сыныбындағы оқушыларының қай пәнге қабілетті екенін байқап, ары қарай дамытуға көп көмегін тигізу қажет. Жас маман болғандықтан оқушылармен қызықты сабақ өткізуге күшімді салуым қажет, яғни көп еңбектенуді қажет етеді. Мен жаңа технология бойынша өз сабағымда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Осы орайда маған саралау тапсырмасын қолданудың тиімді екенін байқадым. Мұндағы мақсатым- өз бетімен дами алатын, әртүрлі өмірдің қиындықтарына төзе білетін, белсенді, білімді оқушы тәрбиелеу. Сабақ жүргізу нәтижесінде оқушының білім сапасын көтеруге, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыру барысында жан-жақтылыққа ұмтыламыз және ізденеміз. Алдыңда отырған оқушының білім деңгейі, білімді менгеру дағдысы барлығында бірдей болуы мүмкін емес жағдай. Саралап оқыту  оқушының да, мұғалімнің де белсенді шығармашылық қызметін дамытуға бағыттайды.

  Саралау тапсырмаларына  жалпы сипаттама

Саралап оқыту кезінде жұмыс міндетті үш деңгейлік, қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Баланың білімін саралау үшін тапсырмаларды деңгейлеп аламыз. Оның басты мақсаты – сынып оқушыларын «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Сабақта қандай оқушы болмасын, жақсы оқитынына қарамастан жұмысты І деңгейден орындайды. І деңгей тапсырмаларын орындау мемлекеттік білім стандарты талаптарының орындалуына кепілдік береді. І деңгейді орындаған оқушы «орташа» деген бағамен бағаланады. Әрбір оқушы І деңгейді орындауға міндетті және одан жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда «үлгерімі төмен, баяу» оқушы жақсы оқитын оқушыға ілесе алмай жатса не істеуге болады? — деген сұрақ туады. І деңгейден аса алмай жатқан жағдайда қалған тапсырмаларды үйде орындауға беру керек. ІІ деңгейдегі тапсырмалар өзгертілген жағдайда немес өткен сабаққа арналған  тапсырмалар бойынша, ІІІ деңгейдегі тапсырмаларына талдау, жинақтау, қорыту барысында есептер, тапсырмалар беріледі. Ал ІVдеңгейлік тапсырмалар оқушының шығармашылықпен жұмыс істей алатындай, ойын дәлелдей алатын қабілетті оқушылар орындау үшін беруге әр мұғалімнің тәжірибесіне байланысты. Cаралап оқытудың екінші бір жағы – оқушыларды дүниежүзілік білім жүйесінде қолдананылаты рейтинг – ұпай жинау әдісіне баулу.

         Бірінші деңгейлік тапсырма оқушының есінде қалуға ыңғайлы, өмірмен байланысты болуы керек.

         Екінші деңгейлік тапсырма түрленіп, күрделене түседі. Мазмұны өткен тақырыпқа байланысты түрленген, ойлауды қажет ететін, оқушы өз бетімен жұмыс жасауға лайықты тапсырмалар.

         Үшінші деңгейдегі тапсырмалар орындау арқылы оқушы өзі тұжырым жасайды. Мұғалім нұсқаушы, бағыт беруші, кеңесуші ретінде болады. Оқушының өзі сөздіктерді пайдаланып, мәтіндерді аударады. Берілген мәтіндерге сұрақ ойлап жазады. Өзіне керек материалдарды іздеп, тауып оқиды.

          Төртінші деңгейлік тапсырма дарынды, қабілеті жоғары балаға арналады, тақырып беріп, ізденуге өзі мақсат қояды. Мұғалімнің көмегінсіз барлығын өзі орындай біледі.

 Cаралау тапсырмаларының тиімділігі мен нәтижелері

Оқыту технологиясының тиімді жақтары:

  1. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
  2. Төменнен, жоғарыға қарай деңгейлік тапсырмалар беру;
  3. Әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады.
  4. Оқушылардың тақырыптан алған білімдерін бекіту.
  5. Күрделі тапсырмаға байланысты оқушының ойлау қабілеті артады.
  6. Оқушылардың білімін қолма-қол бағалау.

Мақсаты:

  1. Әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту.
  2. Деңгейі төмен оқушылармен жеке жұмыс жасау, қолдау көрсету;
  3. Дарынды оқушының тереңірек білім алуына жағдай жасау;
  4. Оқушының ынтасын қабілетін арттыру.

Ерекшелігі:

  1. Таланттылар, дарынды оқушылар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі, әлсіздер оқуға ниет білдіріп, сенімсіздіктен арылады.
  2. Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады.
  3. Білім дәрежесі бірдей топтарды оқыту ісі жеңілдейді.

Күтілетін нәтиже:

  1. Оқушылардың психологиялық ерекшелігін, ақыл-ойының дамуы және өзін-өзі жетілдіру.
  2. Дарынды балалар болса оқушының зерттеу жұмыстарын дамыту.
  3. Мұғалімнің жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызады.

 

     Тақырып бойынша жасақталған деңгейлік тапсырмалар жүйесі дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өйткені,ол оқушының ойлауын, елестеу мен еске сақтауын, белсенділігі мен дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді.

Заман талабына сай өз білімін өмірде қолдана білетін, көпшілікпен араласа алатын, ішкі мәдениеті, ойлау және сезіну қабілеті бар адам дайындауды мақсат еткен отандық педагогикалық технология түрі – «Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі» технологиясы. «Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі» педтехнологиясын қолдану барысында оқушылардың білімі үш деңгейлік тапсырмаларды барлық оқушыларға (қарапайымнан күрделіге қарай) орындату арқылы бағаланады, оқытушы мен  оқушы шығармашылығы мен ізденісіне бағыт берер, нәтижелі табыстарға жеткізетін ұтымды технология. Енді осы технологияны пайдалану барысындағы кейбір деңгейлік тапсырмаға тоқтала кетсек. Деңгейлік тапсырмалар әр оқушының қабілетін, шығармашылық мүмкіндіктерін ескере отырып беріледі. Деңгейлік тапсырмалар топтарда жүзеге асады. Оқушыларға берілетін деңгейлік тапсырмалардың ауқымы кең.

     Әдебиет сабағында әр туынды оқушыны асқақ сезімге, қуанышқа, ой-толғанысқа түсіреді. Бұл мұғалім шеберлігі арқылы іске асады. Қазіргі әдебиет сабағының басты проблемаларының бірі – оқушыны шығармашылыққа ұмтылдыру. Оның негізі – ізденісте, сондықтан әрбір сабақ мұғалімнен қажырды еңбекті, ізденісті, шеберлікті шығармашылықты қажет етеді.

Алматы облысы,Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы, «Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебі және МЖИ»КММ. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Көшкін Айжан Мұратқызы

 

 

Автор:
Көшкін Айжан Мұратқызы