Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балпық биге – 325 жыл


2 октября 2019, 12:03 | 2 738 просмотров



тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек

«Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық» делінген Елбасы  Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.   

Рас, күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.   

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.

Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парағы ғана.

Қай заманда да ұлан асыр даланы мекендеген. Оны сақтап қалуда «мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың мақтан тұтар, төбесіне хан көтерер, аруақ шақырып сыйынар,қастер тұтып құрметтер ұл-қыздары, данагөй ақсақалдары, айбарлы азаматтары көп болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ежелден ақ өзендері өрнектелген өлке атанған Жетісу өңірінде, онда да Іле, Қаратал бойын жайлаған, ел ардақтылары атанған Ескелді, Балпық, Қарымбай әулие, Қабылиса жырау, Жолбарыс, Мықтыбек, Тілеуғұл батыр, Айту, Жәлменде бидің есімдері айрықша аталып, ұрпақтан ұрпаққа айбынды ұран, тозаң тұтпас тұлға, қасиет қонған жан саналып келеді.

Қазақ тарихының қай кезеңіне ой жүгіртіп, зердемізде таразыласақ та ел болып қалыптасуының оңайға түспегенін көреміз. Отанын отаршылдықтың бұғауынан босатпайынша аттан түспеген батыр бабаларымыздың ерлігі — бүгінгі тәуелсіздігіміздің тірегі іспетті. Өзге жұрттың көзіне шел бітірген қазақтың ұлан-байтақ жері мен  байлығы, сайын даласын жайлап жатқан мыңғырған малын талауға қанды ұртын тамсана жалап, кімдер құмартпады дейсіз?! Алайда, бірлігінен бүтіндік, тірлігінен адалдық айнымаған елді Алланың берген несібесінен айыруға ұмтылғандар қаншалықты қиянат пен қиямет тудырса да рухын сындыра алған емес.

Осының бір айғағындай Алматы облысында «Бабалардың ерлігі – Тәуелсіздіктің тірегі» атты танымдық – тағзым бағдарламасы қабылданған-ды. Соның негізінде қыркүйек айының басында «Балпық биге – 325 жыл» шарасы бастау алғын болатын. Осы аптаның, яғни қазан айының 2-сі күні бұл шара Қаратал ауданында жалғасын тапты.

Қаратал өңірін «Әулие мен би-батырлар мекені» деп тектен тек айтылмаса керек. Бүгінде осы өңірде есімдері халқымыз арасында кең тараған дара тұлғалар – Ескелді би, Айту би, Балпық би, Қарымбай, Жолбарыс бабаларымыз жатыр.

Шежіреден сыр шертер болсақ, Балпық би (1694 —1784 жж.). Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді биҚабылиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, ҚараталКөксу бойында 1784 жылы қайтыс болса керек.

Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғарқалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде

Сырдарияның бойында, 
Қазалының ойында, 
Халқын түгел жинаған. 
Қараталдың бойына, 
Текелінің ойына, 
Қоныстанып тойлаған,-
деген мынадай жыр жолдары сақталған екен.

Тақырыпқа  оралсақ. «Балпық биге -  325 жыл» атты шарасына қатысушылар Ескелді би, Айту би, Жолбарыс батыр, Қарымбай әулие, Балпық би кесенелерінде болып, бабалар рухына бағышталып оқылған Құранға қатысты.

Бата жасалды, мал сойылды, ас берілді, шағын салтанатты  жиын өтті.

Тарих қойнауына бір үңілсек. Балпық бидің тапқырлығы дейік. Бұл аңыз емес шындық дейді, Балпық би кесенесінің шырақшысы, бабаның сегізінші ұрпағы Ербол ОҢҒАРОВ.

«Ертеде Қаратал өзені бойын мекен еткен Жалайыр бабамыздың ұрпақтары Іле өзенін жағалаған Суандар мекенінен барымталап, үйір –үйір жылқы айдап келе жатса керек. Арттарынан қуғын түспесі бар ма. Көп ойланып жататын уақыт жоқ екенін сезген барымташылар тасып жатқан Іледен өте шықпақ болады. Соңынан қуғыншылар да ілеседі. Өкінішке орай екі жақтың да жігіттері суға кетсе керек. Суыт хабар Балпық бидің де құлағына жетеді.

-Бұл жатқаным болмас. Дау өршімей тұрғанда суандықтарға өзім барып, төрелігін айтайын,-деп Балпық би жолға шығады.

Мұны естіген қуғыншылар жағы «Бапекеңді ауылда емес, жолдан қарсы алып, айтарымызды айтып қалайық, дауымызды сол жерде шешіп қалайық», деп қуғыншылар жағын жолдан күтеді.

Екі жақ келісілген жерде кездеседі. Сонда Балпық би «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, қаза екі жаққа да ауыр тиіп отырған жоқ. Бірақ, жігіттер ажалы ұрыстан емес, судан келді. Оған куә мына Іле өзені» депті – міс.

Мұны естіген қуғыншылар жағы осы айтылғанға көніп, құн сұраудан бас тартқан екен. Қонақжайлылық танытып бабамызды құрметпен еліне аттандырса керек.

Тақырыпқа оралсақ. Түстен кейін  шараға қатысушылар Үштөбе шаһарындағы мәдениет үйінде жалғасын тапқан «Бабалардың ерлігі – Тәуелсіздіктің тірегі» танымдық – тағзым атты  ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Жиынды Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бұлдыбаев ашып, Елбасы  Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында келтірілген жайттар турасында әңгімеледі.   

Мемлекетіміздің тұңғыш Президенті «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс» деген ойының маңыздылығын тілге тиек етті.

Жиында сөз алған «Үш бәйтерек» қорының жетекшісі, қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев Балпық  би бабамыздың өз дәуріндегі жасаған ерлігі, шешендігі жайын айта келе, әлі де ел аузында жүрген, жиналып-қатталмаған қаншама үлағатты сөздері бар екеніне тоқталды. «Тоқсан жас жасаған әулие қарияның ұрпаққа қалдырған мұрасы үшан-теңіз екеніне күмән жоқ» деді Наурыз аға. 

Бұдан кейін сөз алғандар да бабаның мұрасы әлі де зерттеле түсуі керектігін, оның ұлағатты сөздері мәңгілік екендігін, оны ұрпақтан ұрпаққа саналы түрде жеткізу бүгінгі біздердің міндетіміз екендігіне тоқталды.

Шара Қаратал ауданы көркемөнерпаздарының концертімен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Бабалардың ерлігі – Тәуелсіздіктің тірегі» танымдық – тағзым айлығы қазанның 19 - мәресіне жетеді.   

«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді», деген Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.   

ТауШҰБАР.

(Мақаланың толықтырылған нұсқасын қазанның 4-і күні шығатын «Білім шапағаты Қаратал»  газетінен оқи аласыздар).

 

Автор:
(Мақаланың толықтырылған нұсқасын қазанның 4-і күні шығатын «Білім шапағаты Қаратал» газетінен оқи аласыздар).