Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тәрбие – тал бесіктен


4 октября 2019, 10:38 | 468 просмотров



Жуырда Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектебінде жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы өткен-ді. Жиында қарастырылған мәселелер қатары мынадай: 1. «Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі және ұстазға деген құрметі»;

  1. «Жасөспірімдер суицидінің алдын алу және оны болдырмау жолдары»;
  2. « Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық»;
  3. «Қауіпті интернет желісі».

   Аталып отырған мәселелер кімді болса да ойландырмай қоймайды. Қоғамда орын алып жатқан жағдайлар кейде жаға ұстатарлықтай елді елең еткізетіні бесенеден белгілі. Бұндай оқиғалардың орын алмауы үшін ұстаздар мен ата-аналар бірлесіп қызмет қылуы қажет. Себебі, «тәрбие – тал бесіктен». «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» - дегендей, Отансүйгіштікке, бір-бірін қадірлеп, сыйлауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруге келгенде әр оқушының санасына сол нәрселерді жеткізе білу – ұстаздардың құзіретіндегі іс.

   Кей ата-аналар баласының нашар қылықтарын мұғалім оған жайып бергенде, ұрпағына кінә артудың орнына ұстазды кінәлап жатады. Бұл – дұрыс емес. Ұстаз – екінші ана. Үйдегі ананы қалай қадірлесең, оқытып, тоқытып отырған адамды да солайша қадірлеу – міндет. Бала тәрбиесіне келгенде жауапкершілік танытпай, оқу үлгеріміне бей-жай қарайтын болсақ, онда бізден кейінгі ұрпақтың саналы болуы екіталай. Тек орта біліммен ешкім шектеліп қалмайды, бірақ сонымен қатар адамгершілік қасиетті арқалап жүретінімізді ұмытпағанымыз абзал. ҚР «Білім және ғылым министрлігі», ҚР «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының» да жұмыс істейтін бағыттары осы. Мұғалімнің мәртебесін өсіру жолында да көптеген іс-шаралар жүргізіліп, ай сайын бас қосқан жиындар болады.

   «Әрбір мектептегі сабақ қарым-қатынас түрі ретінде ақпаратпен алмасу, осымен бірге бір бұрышында басқаша ұйғарылуы, кез-келген  сабақ – іскерлік қарым-қатынасты, тәртіпті, өнерді, ынтаны, өз бетінше әрекет қылуды қалыптастыруға бейне, образ жасап бере алады. Тәрбиелеу элементі ғылымды үйретуде, мұғалімнің өз ғылымына деген махаббатында және оны оқушыға бере алуында» - деп Л. Н. Толстой дөп басып, турасын айтқан. Сабақ өткізіліп жатқанда оқушы тек құлақпен тыңдап қана қоймай, көзбен өзіне образдар, суреттемелер жинап отырады. Ал, ендігі оқудан тыс уақытқа келер болсақ, онда ол тағы да мұғалімдерінің көшеде, үйінде, қоғамдық орындарда өзін қалай ұстайтындығына қарап тәрбие алады. Егер мұғалім кері қылық жасаса, оны оқушы бірден байқап, соған қарай бой түзеуі әбден мүмкін. Сондықтан, мұғалімдік имиджді қай жерде болмасын ұстанып жүрген дұрыс. Сонда ғана қадірлі, қасиетті болуға жол айқара ашық. Ал ата-анаға артылатын жүктің жеңілдігі жоқ. Балаңыз үлгілі, озат болғанын көргенді қаласаңыз, мұғаліммен коммуникацияңыз мықты болғанын қадағалаңыз.

   Жасөспірімдер суициді және суицидтік әрекеттер жаһандық құбылыс ретінде барған сайын кеңінен мойындауға ие болып келеді. Жастар әдетте өз-өзіне бағытталған зорлық-зомбылық туралы мүлдем сыр алдырмайды, дегенмен, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, өз-өзіне зақым келтіргенін мойындайтын жастар мұндай әрекетке көбінесе жабырқау, алаңдау немесе эмоциялық бұзылыс сезімін жеңілдетуге септесу үшін баратынын айтады. Осы мәселені көтерген Б. Жолбарыс атындағы №18 мектеп психологтары: А. Н. Нұғыманова, Д. Көкежанова арнайы тренингтер өткізді, мазмұнды видео топтамалар көрсетті. Соңғы жылдары суицидтік фактілердің көбею әсерінен жалпы елімізде психолог мамандарына деген сұраныс артқанын тілге тиек етуге әбден болады. Төзімсіздік,  сабырсыздық балаға тек тәрбие ғана емес, өскен ортасына қарай беріледі. Бұндай мәселелер кейде өз-өзіне қол жұмсауға итермелесе, күн тәртібіндегі үшінші мәселе «жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық» жағдайына да әкеп соғуы мүмкін. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Мектеп оқушыларының аяқ астынан қылмыскерге айналулары себебінен ҚР ІІМ 2007 жылдан бастап орта білім беру ордаларының жанынан оқушылардың тәртібін қадағалайтын мектеп инспекторлары тобын құрды. Қазақстандық Заң бойынша  кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға, түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-ананың қарауынсыз жүруіне тыйым салынған. Аталған ережелердің сақталмауынан жылына мыңдаған құқықбұзушылықтар тіркеледі. Оқудан тыс мезгілдері ата-ана баласының немен айналысып жүргендігіне қатаң бақылау жасауы керек. Өйткені, бала тағдырына бірден-бір жауапты ол – ата-ана. Мұғалімдер мен мектеп инспекторларының қауқары жетпейтін жағдаяттардың болатынын естен шығармағанымыз жөн.

   Күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе: Қауіпті интернет желісі. Елімізге интернет 1998 жылы келді. Сол кездерден бері әлемдік әр түрлі сайттар, әлеуметтік желілер қол жетімді бола бастады. Желінің жүктеу жылдамдығы да зор – 4G. Жақында 5G ірі қалаларда қосылады деген ақпарат бар. Бұл деп отырғанымыз әр интернет қолданушы өзіне керектіні оңайшылықпен ала алады деген сөз. Пайдасы мол, бірақ қауіп-қатер де баршылық. Секталық ұйымдардың үгіт-насихаты, ел арасына іріткі салушылардың әр қилы видеолары, тәрбиелік мақсатты көздемейтін контенттер, ең ақыры әлеуметтік желілердегі белсенділігі жоғары адамдардың арасындағы қарым-қатынастың өзі кейде біреуге зиянын тигізуі әбден мүмкін. Көбінесе мектеп жасындағы оқушылар еліктегіш, біреуге бой түзегу бейім келеді. Сол себептен де қазіргі таңда мемлекетімізде өздерін субмәдениет өкілдері ретінде санайтын жастар саны жыл санап артуда. Кәрістің поп топтарына еліктеген шоу-бизнес жұлдызсымақтары жарқ етіп экраннан көріне қалып еді сол бағытқа еліктейтін топтар мүлдем көбейді. Қазақылықты, жігіттік қасиетін өн бойынан жоғалтып алып жатқандар қаншама? Қалыпты жағдайға айналғанымен, ұрпақтар діңгегін балталайтын әсерлі дүние осы болып тұр. Бұдан басқа мысалдар жетерлік. Сол себептен де, әрбір ата-ана балаларын теріс қылыққа итермелейтін сайттардан бойын аулақ ұстауына тырысып баққан жөн. Ұялы телефондарды пайдаланудың ережесін әр отбасы өздігінше жүргізу, сонымен қоса қазақы салт-дәстүрлерді үй ішінде сақталуына көңіл бөлген тиімді.

   Б.Жолбарысұлы атындағы №18 мектептің білім берушілері қоғамдағы көкейкесті мәселелерді орынды қозғады. Олардың қатарында мектеп психологтарынан бөлек, әлеуметтік педагог Б. Ерғожа, мектеп инспекторлары: Г. Сәкенова, М. Қозілияс, директордың ТЖ орынбасары Қ. Ж. Қуанышбаев, және мектепішілік ата-аналар комитетінің төрайымы Әсия Жолыбекқызы болды. Бас қосу барысында ата-аналар қордаланып қалған тақырыптардағы сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды, өз белсенділіктерін білдіріп, ойларын еркін жеткізе отырып, болашақта тәрбие ісіне байланысты ұсыныстарын айтты.

   Атақты екінші ұстаз Әл-Фараби атамыз айтпақшы: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» екендігін жадымызда сақтайық. Кемелденген келешекті жасайтындар құлағына осы бір даналық сөзді құюға әрекеттенейік.

 

 

Автор:
Меншікті тілші: Рысқұл Ақерке