Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚазҰУ - инновациялық даму драйвері


8 октября 2019, 19:17 | 531 просмотр



АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарына енуді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемнің жетекші университеттері адами капиталды қалыптастырып, инновациялық экономиканың өсуіне себеп бола отырып, өз елдері мен бүкіл өңірлердің дамуын анықтайды», ¬– деді университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов Алматы халқы алдында есеп беру кездесуінде. Еліміздің жетекші білім ордасының басшысы университет қызметінің бағыттары, жетістіктері, сонымен бірге ғалымдардың, оқытушылар мен студенттердің мыңдаған ұжымының алдында тұрған стратегиялық міндеттері туралы жұртшылыққа баян етті. Посткеңестік кеңістік және ислам әлемі жоғары білім мекемелері арасында көшбасшылық танытып отырған ҚазҰУ 2019 жылы QS халықаралық рейтингінде Орта Азия жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш болып әлемнің үздік университеттері арасында 207 орынды иеленді. ҚазҰУ-дың әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуы бүгінде «al-Farabi University Smart City» инновациялық платформасы негізінде жасалып, енгізілген ҚазҰУ-дың «Университет 4.0» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Университет 4.0 жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген жоғары білікті мамандар етіп тәрбиелеуді мақсат етеді. БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Тұрақты даму бойынша Жаһандық Хабын қатарынан үшінші жыл басқарып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде таныстырған «Университет 4.0» моделі халықаралық деңгейде кеңінен тарату ұсынысына ие болды.

 


Жоғары технологиялық платформаны дамыту аясында ҚазҰУ үздік тәжірибелердің бірі «Майкрософт» тарапынан мойындалған цифрлы университетті «құрды». Қоғамның заманауи талаптары мен болашақ трендтерін ескере отырып, «Е-коммерция», «Цифрлы лигнвистика», «Big data», «Жасанды интеллект», «Геоинформатика», «Зияткерлік меншік», «Заттар интернеті», «Биоинформатика» сияқты жаңа білім беру бағдарламаларын енгізді. Ислам қаржысы бойынша Астана ХҚО және Бенхалиф (Катар) университетімен бірлесе жасалған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы магистрлік бағдарлама жүзеге асты. Университет ғалымдары тарапынан 460-қа жуық ғылыми жоба орындалып жатыр. Олардың жалпы қаржыландыру көлемі 4,6 млрд теңгеге жетті, оның ішінде 1 млрд-қа жуығы шаруашылық келісімшарт жұмыстарына жұмсалады. Патенттелген ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер саны соңғы 5 жылда 40%-дан асып отыр. Университет «Web of Science» және «Scopus» атты жетекші халықаралық деректер қорының нұсқасы бойынша журналдардағы жарияланымдар саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында көшбасшы болып отыр. Қазақстандық авторлардың «Scopus» деректер базасына кіретін журналдардағы әрбір бесінші мақаласы ҚазҰУ ғалымына тиесілі. Қазақстанның жетекші университеті посткеңестік кеңістіктегі ЖОО-лар арасында қазақстандық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктерін ғарышқа жіберген жалғыз білім ордасы. Халықаралық «Жаңа Жібек жолы университеттерінің Альянсы» ІТ-технопаркін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Соңғы бес жылда ҚазҰУ қалашығындағы нысандардың жалпы көлемі 50 пайызға (110 мың шаршы метр) өсті. Олардың басым бөлігі 2 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында салынған әлеуметтік жобалар болып отыр. Қазір ғылыми-зерттеу зертханасы бар заманауи клиника, студенттік жатақхана және басқа да нысандар салу үшін шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоғары технологиялар платформасын дамыта отырып, университет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың жоғары рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырып келеді. Ел және әлем азаматтарын қалыптастыруда сапалы жаңа әсерге қол жеткізу үшін жоғары әдептілік пен парасаттылық стандарттарына негізделген ұжымдық идеология мен серпінді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру көзделген. ҚазҰУ-да құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-білім беру кластері жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру бойынша Қазақстанның негізгі зияткерлік-сараптамалық орталығына айналды. Дарынды студенттерді әлеуметтік қолдауға ерекше мән беріледі. Университетте әлеуметтік пакет жүзеге асырылады, соның арқасында жыл сайын «өте жақсы» және «жақсы» оқитын әлеуметтік-осал топтардан мыңнан астам студент, сондай-ақ ҚазҰУ қызметкерлерінің балалары оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер алады. Соңғы 3 жылда университет аз қамтылған отбасылардан шыққан талантты студенттер үшін әлеуметтік шәкіртақыға сырттан 700 млн теңгеден астам қаражат тартты. Қоғамдық даму драйвері ретінде ҚазҰУ әлеуметтік-гуманитарлық орталықтар құрды, олар мемлекеттік құрылымдармен бірге қоғамның өзекті мәселелерін шешу бойынша ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚазҰУ БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесе отырып «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Заманауи университеттер миссиясы» халықаралық жобасын жүзеге асыруда. Бұл жобаға ҚазҰУ-дың шетелдік әріптестері – әлемнің әлеуметтік-жауапкершілігі бар университеттер желісінің мүшелері де қосылып отыр. Әл-Фарабидің 12 шетелдік ғылыми-білім беру орталықтары құрылды, онда қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениеті оқытылады, олардың базасында ҚазҰУ филиалдарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында ҚазҰУ-ға республикалық және халықаралық іс-шараларды өткізу сенімі білдірілді. Осы мерейтой қарсаңында университет жасампаз әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған «Qaiyrymdy Qazaqstan» республикалық игі істер челленджін іске қосты. Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры БАҚ өкілдерінің, оқытушылардың, студенттердің және олардың ата-аналарының сұрақтарына жауап берді. Олардың тілектері мен ұсыныстары назарға алынып, тиісті қызметтерге тапсырмалар берілді.



Автор:
https://www.inform.kz