Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ГОЛЛАНД АУРУЫ»,ГҮЛ ЖӘНЕ ГҮЛДЕНГЕН ЕЛ


12 ноября 2010, 19:57 | 2 572 просмотра



«Елтану» айдарында бұл жол дамыған елдердiң алдыңғы толқынынан орын алатын тағы бiр ел жайлы айтпақпыз. Ол әлемнiң алпауыттар тiзiмiнде Жапониядан кейiнгi орынды иеленетiн Нидерланды корольдiгi. Кәрi құрлықтың солтүстiк-батысында орналасқан мемлекет жайында ежелден бiлетiндер елдiң екiншi атауы Голландия екендiгiн де сезiп отырған болар. Сонымен...

АҒАДЫ РЕЙН...

Теңiз табанындағы

топырақ

Солтүстiк батысқа созылған шекарасын Солтүстiк теңiзiнiң толқындары шайып жатқан Нидерланды оңтүстiгiнде Бельгиямен, шығысында Германиямен қоңсылас. Корольдiктiң дәргейiндегi жердiң көлемi 41 548 шаршы шақырым, оның 33 930 шаршы шақырымы құрлықтың еншiсiнде болса, қалған аумақ су астындағы иелiк болып саналады.

Ел аумағының 2/5 бөлiгi теңiз деңгейiмен алғанда әжептәуiр төмен орналасқан. Кейбiр тұстарда ол мөлшер 5 метрге дейiн төмендейдi. Ал, Нидерландының ең биiк нүктесi болып Ваалсберг шыңы саналады, оның биiктiгi 321 метр.

Атақты Рейн өзенi елдiң мақтанышы болса, көлемi жағынан онан қалыспайтын Маас, Шельда өзендерi де елдегi маңызды су көздерi болып табылады. Аумағы 1 210 шаршы метрдi алып жатқан Эйсселмер көлi көлемi жағынан ғана ерекшеленетiн табиғат сыйы емес, елге келетiн туристердiң көз құртына айналған демалыс орыны да. Сондай-ақ, Нидерланды топырағы табиғи кен көздерi мен жер асты қазынасына өте бай. Мәселен, табиғи газ бен мұнай қорының молдығы елдiң энергетикалық потенциалын арттырып қана қоймай, экономикалық тұрғыдан да ерекшеленуге мүмкiндiк бередi. Әсiлiнде, бұл елдегi мұнай қорларынан түскен табысқа байланысты әлемге «Голланд ауруы» деген экономикалық атау таралып кеткен. Ол турасында сәл кейiнiрек.

«БIЗ -

НИДЕРЛАНДЫҚТАРМЫЗ!»

Этникалық топтар және ел iшi...

Осыдан бес жыл бұрын өткен халық санағының қорытындысына қарасақ қазiргi күнi Нидерландыда 16 407 491 адам тұрады. Тұрғындарының тығыздығы жағынан әр шаршы шақырымға 395 адамнан келедi. Мекен етушiлердiң тоқсан алты пайызын голландықтар құрайды. Оған қоса фриздар, марокандықтар, түрiктер және суринамдықтар сияқты жекелеген этникалық топтар да өздерiн «Бiз - Нидерландықтармыз!» деп атайды.

Бұл елдiң тұрғындары басқа еуропалықтарға қарағанда ерте қартаяды және елдегi орташа өмiр сүру жасында сәл артықшылық бар. Мысалға, орталық Еуропаның тұрғындарына қарағанда ол ұзағырақ, ерлер 75 жас, әйелдер 81 жас өмiр сүретiндiгi анықталған.

Елдiң iшкi аймақтарында қолданылатын фриз тiлiн есепке алмағанда Нидерландыда бiр ғана мемлекеттiк тiл - голланд тiлi үстемдiк құрады. Ағылшын тiлi сыртқы қарым-қатынаста басымдыққа ие болатындығы даусыз. өйткенi көптеген Еуропалық елдермен тығыз байланыстағы ел үшiн одан қашып құтылу мүмкiн де емес.

Ал, голландықтардың дiни сенiмi мен нанымы католицизимге негiзделген. Елдегi үлкен-кiшiнiң отыз төрт пайызы осы дiндi тұтынса, жиырма бес пайызы протестандық бағытты ұстанады. Тек, голландықтардың үш пайызы ғана ислам дiнiн мойындап, Қағбаға қарап тәу етедi.

«КОРОЛЬДIҢ ҚОЛЫН СҮЮ...»

Конститутциялық монархия және көп партиялық жүйе

Нидерланды кәрi құрлықтағы монархиялық билiкке ежелден мойын ұсынатын елдiң бiрi. 1579 жылдың 30 сәуiрiнде Испанияның ұзақ жылғы бұғауын үзiп шығып, тәуелсiз Голландияның негiзi қаланған күннен бастап ел монархтың етегiнен ұстаған. Қазiр де сол күн, 30 сәуiр ұлттық мейрам - Корольева күнi болып аталып өтедi.

Мемлекеттiк құрылысы жағынан конституциялық монархия жүйесiн ұстанады. Корольдiң пәрменi елдiң он екi провинциясына бiрдей жүредi. Ал, атқарушы билiкке Министрлер кабинетiнiң тiзгiнiн ұстаушы Премьер-министр жауапты.

Заң шығарушы билiктi монарх пен парламент жүзеге асырады. Бiрiншi және Екiншi деп ресми атауға ие болған қос палаталы заң шығарушылардың денiн он екi провинциядан сайланған халық қалаулылары құрайды.

Сондай-ақ, елдегi саяси партиялар да ықпалды күшке ие. «Христиандық-демократиялық шақыру» партиясы, Еңбек партиясы, «Демократтар-66» партиясы, «Демократия мен бостандық үшiн» Халықтық партиясы және «Солшыл жасылдар» партиясы сияқты қоғамдық күштер мемлекеттегi көп партиялықтың мысалы ғана емес, саяси жүйеге ықпалы зор құрылымдар болып саналады.

Автор:
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.