Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚТЫҢ БЕЛГІСІ...


17 ноября 2010, 20:33 | 1 859 просмотров


«Бренд» деген сөздi қайсыбiр қарапайым оқырман түсiне қоймауы мүмкiн. Оның мағынасы әрбiр фирманы немесе кәсiпорынды танытатын, оның өнiмiн жарнамалап баршаға паш ететiн тауарлық белгiсi дегенге саяды. Ол ұлтқа да қатысты. Мәселен, ұлттық бренд десек, сол ұлттың айырықша ерекшелiгiн бiлдiрiп тұратын танымдық белгiсi, өзгелерден айырықша көзге ұрып тұратын артықшылығы болуы шарт. Ол – бәлкiм ұлттық тағамы, киiм үлгiсi, музыкалық аспабы, экзотикалық өнерi, тағысын тағы болуы мүмкiн. Бұл – ұлттық бренд ретiнде бiр ғана нәрсемен шектелiп қаламыз деген сөз емес. Егер мақтанарлық жағдайы болса, ол қанша болса сонша бола алады. Дегенмен солардың арасында барша жұрт қабылдаған шоқтығы биiк дара бiреуi болуы қажет. Әрi ол әлемде басқа ешбiр елде жоқ, қайталанбас нұсқа болуы керек.

БIЗДЕ БРЕНД БАР МА?..

Мысалы, өзбектердiң ала тақиясы, қырғыздардың айыр қалпағы. Қанша қоғам ауысып, қаншама қызыл қырғын мен қуғын-сүргiн болса да, қанша жерден «ер басына күн туып, етiгiмен су кешсе де» көршiлес осы ағайындар бас киiмдерiне ие болып қалды. Бас киiмiңе ие болу деген сөз – басыңа ие болу деген сөз. Басқаның жетегiнде кетпей, басына ие болған елдiң болашағы кемел болмақ.Осы орайда хакiм Абайдың сөзi ойға оралады. «Мен бала күнiмде естушi едiм, бiздiң қазақ сартты көрсе, күлушi едi: «Енеңдi ұрайын, кең қолтық, шүлдiрлеген тәжiк, арқадан, үй төбесiне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көзi көргенде «әке-үке» десiп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт» деген осы», – деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап, күлушi едi: «Түйеден қорыққан ноғай, атқа мiнсе шаршап, жаяу жүрсе жемiн алады, «ноғай» дегенше «ноқай» десеңiзшi, түкке ыңғайы келмейтұғын солдат ноғай, қашқын ноғай, «бақалшiк» ноғай», – деп. Орысқа да күлушi едi: «Ауылды көрсе шапқан, жаман, сасырбас орыс», – деп. «Орыс ойына келгенiн қылады деген... не айтса соған нанады, «Ұзын құлақты тауып бер» -дептi деп.

Бiздiң қазекең өзiнiкiн мансұқ көрiп, өзгенiкiн таңсық көргенде алдына жан салмайды ғой. Құдай үшiн айтайын, сол тұстағы бiздiң ағаларымыз қазақтың қара тақиясын киюден арланды. Өздерiн өркениеттен қалмаған озық адамдар ретiнде көрсетуге тыраштанды. Орысша сөйлегендi, орысша киiнгендi, ретi келсе орыстан әйел алғанды сән көрдi. Ең өкiнiштiсi, басқаша жасаса өзгелердiң көңiлiнен шықпай қаламыз, абырой-бедел жинай алмаймыз, лауазым-мансабымыздан айырыламыз деп өлердей қорықты. Сондықтан да қазақтың иiсi шығатын әр нәрседен ат тондарын ала қашты. Орынтағы үшiн ұлтын сатып жiберуден тайынбайтын ондай тыраштар әлi де арамызда көп. Ендi олардың қатарына ақша үшiн анасын айырбастап жiберуден тартынбайтын өлермендер қосылды. Ұлттық құндылықтарымыз олар үшiн көк тиын.

Автор:
Аманжол АҚЫН