Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛА МА...


17 ноября 2010, 20:37 | 2 851 просмотр



Зылиха Жанболатқызы ТАМШЫБАЕВА

Облыс жұртшылығы орны толмас қайғыға душар болды. Үстіміздегі жылғы 12 қарашада Социалистік Еңбек Ері, Алматы облысының құрметті азаматы Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева 75-ке қараған шағында өмірден өтті.

Зылиха Тамшыбаева 1936 жылы 5 қазанда Талдықорған облысы, Гвардия, қазіргі Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Қоғалы орта мектебін, 1965 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Қоғалы ауылында кітапхана меңгерушісі болып бастады. 1955-1963 жылдары осы өңірдегі Шоқан Уәлиханов атындағы колхоздың сауыншысы, бригадир, тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болды. Жас кезінен-ақ еңбек сүйгіштігімен, жоғары жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.

1963-1969 жылдары Гвардия ауданындағы Шанханай ауылдық кеңесінің төрайымы. 1969-1970 жылдары Киров аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Ал 1970 жылы «Еңбекші» кеңшары партия комитетінің хатшылығына сайланып, 1971 жылдан өмірінің соңына дейін осы ұжымды біліктілікпен басқарды.

Зылиха Тамшыбаева жетекшілік еткен қырық жылға жуық жылдың ішінде «Еңбекші» шаруашылығының келбеті адам танымастай өзгерді. Елді мекеннің инфрақұрылымы, өндіріс саласы жан-жақты дамып, оның даңқы облыстан тыс өңірлерге де танылды. Ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқаты көтеріліп, халықтың ынтымағы артты. Зылиха Жанболатқызының ауыл шаруашылығындағы осындай ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. 1981 жылы еліміздің ең жоғары наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағына ие болды.

Кеңес Одағы және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат, республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланды.

Халқына қызмет етуді басты ұстанымы еткен, өз ісіне шынайы берілген, бір үйдің емес, өңірдің анасына айналған Зылиха Жанболатқызының қазасы жетісулықтар үшін ауыр қайғы болып отыр. Аяулы тұлғаның ардақты бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.

С.ҮМБЕТОВ, А.БАТАЛОВ,

Б.ТӘКЕНОВ, Т.ДОСЫМБЕКОВ, С.МҰҚАНОВ, А.МҰСАХАНОВ,

Е.НҰРБЕКОВ,

А.СЫДЫҚ, А.СЕЙІТОВ, С.ЖЫЛҚАЙДАРОВ, Н.ЖАНТІЛЕУОВ, М.ӨСЕРБАЕВ, К.АЙТЖАНОВА,

Т.АҚШАНОВ, Е.ДАЛБАҒАЕВ, Б.ЕГІНБАЕВ, Н.ҚЫЛЫШБАЕВ, Б.САҚАУОВА, Ж.МОЛДАСАНОВ.

АУЫЛДЫҢ ПАНАСЫ, ӨҢІРДІҢ АНАСЫ

Тамшы ғұмыр үзіліп түсті. Күрең күзде күңірене жеткен қаралы хабар күллі Жетісу жұртшылығының жүрегіне мұң ұялатты. Жазмышқа не шара. Біз күні кеше ғана арамызда жүріп, айналасына көп ғибрат үйреткен Зылиха апамыздан көз жазып қала бердік.

Ол қаршадай қыз кезінен қайнаған еңбекке білек сыбана араласып, қатардағы сауыншыдан іргелі кеңшардың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген ауыл шаруашылығының ересен білгірі, «дала академигі» атанған Нұрмолда Алдабергеновтің өнегелі шәкірттерінің бірі еді. Анасынан жастай жетім қалған Зылиха Жанболатқызы өмірдің барлық өткелектерінен сүрінбей өтті. Бұрынғы Гвардия ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы ұжым­шарда 1954 жылы оқу үйінің меңгерушісі, 1955-1963 жылдары тауарлы сүт фермасының меңгерушісі, 1970-1971 жылдары «Еңбекші» кеңшары партия ұйымының хатшысы, одан кейін осы шаруашылықтың директоры қызметін абыроймен атқарды. Ол өзі қалыптастырып, жан-жақты дамытқан шаруашылығында өмірінің соңына дейін, қырық жылға таяу уақыт жемісті жұмыс істеп, қазақ қызына тән алғырлығы мен алымдылығын таныта білді. Көптеген кадрлардың өсіп қанаттануына елеулі ықпал етті. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыдан алға басуына айтарлықтай қомақты үлесін қосты. Адамдармен қоян-қолтық араласа, тіл табыса жұмыс істеудегі үлгісін ауылдастары әрдайым мақтанышпен айтып жүретін еді.

Жасының ұлғайғанын айтып, шаруашылықты өткізіп берейін деп келгенінде: «Сіз бізге әлі де керексіз, Зылиха апай, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Сіздің өнегеңізбен тәжірибеңізден өтіп, үйренген кейінгі келешек ұтылмақ емес», деп арқаландырып шығарып сал-

ғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Енді, міне… Зылиха апамыз да сағыныштың сағымына шым батып, қайтқан құспен бірге қош-қош айтып кете барды. Алланың жазуына кім қарсы тұрған.

Ел дәулетін еселей түсу мақсатымен ауыл шаруашылығы саласының сан салалы қым-қуыт тіршілігін түлеткен алыптардың қатарында өзіндік өнегесімен өрнекті өмір сүрген Зылиха Тамшыбаева апамыздың тәлімі бүгінгі ұрпаққа әрдайым өнеге. Ол іскер ұйымдастырушы, қамқор басшы, асыл жар, ардақты ана бола білді. Айналасына нұр шуағын төкті. Қазақ қызының қайсарлығын, қазақ әйелінің зиялылығы мен бекзаттығын Аяулы ана ре-тінде төрт перзент өсіріп, немерелерінің қызығын көрді. Ана-әженің тамаша үлгісі еді, апамыз.

«Тас түскен жеріне ауыр», дейді халқымыз. Өзінің кіндік қаны тамған Кербұлақ ауданы Шанханай ауылының, Көксу ауданының, бүкіл Алматы облысының жұртшылығы қазақтың Зылихасы атанған жұлдызды апамыздың артын азалауда. Арамыздан ақтық сапарына 75 жасқа қараған шағында аттанған ардағымыздың енді алды жарық болсын дейміз. Мағыналы да мәнді ғұмыр кешкен осындай қыздарымыздың есімі кейінгілерге үлгі. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, жан апа! Бақұл болыңыз…

Автор:
Серік ҮМБЕТОВ,Алматы облысының әкімі